Token Alzhantegy

Страна: Казахстан

Токен Альжантеги, писатель, член союза Писателей Казахстана, лауреат литературной премий им. Т. Айбергенова, победитель республиканских и Международных конкурсов. Автор четырех романов, более двадцати повестей и пятидесяти рассказов, нескольких пьес и песен.

Country: Kazakhstan

Token Alzhantegy is a writer, a member of the Writers’ Union of Kazakhstan, winner of the literary prize named T. Aybergenova, winner of national and international competitions. He is the author of four novels, more than twenty novels and fifty short stories, several pieces and songs.

 

 


Кемпір мен бұзау

– Жалған дегені осы екен ғой!..

Құрақ матасы сетінеген көнетоз көрпе үстіне сол жамбасына қисайған шүйкедей кемпір өз-өзінен күбірлей екінші жағына аударыла бере ауырсына тыжырынды. Ауырсынғаны – жастық алуға ерініп, білегін жастанғандықтан ол ұйып қалыпты.

– Мына қызталаққа не көрінген-ей?.. – деді ернін сылп еткізіп. Содан кейін шалқалаған қалпында екінші қолымен өз қарын өзі сипалай бастады. Сөйтіп жатып төбеге көзі түскенде жүрегі шым еткенін сезінді. Сонау-у алпысыншы жылдардың басында, онда жасаң кезі, күйеуі екеуі ақ тер, көк тер болып жүріп салып алған баспанасы да әбден тозған ба, арқалықтары майысып, сылағы түскен тақтайлар астан қалған шал-кемпірлер тісіндей ырсиып-ырсиып тұр екен.

– И-и, ит тірлік-ай…– деді сосын бәсең үнмен қайта дыбыс салып,– Е-е, уақыт тегеурінімен адам шөккенде балшыққа не қайран…

Күндегі әдеті осы. Өзімен-өзі сөйлесіп жүрмесе көңілі көншімейді. Табан астындағы еден сықыр етсе де, қолындағы шай ішіп отырған кесесі сыңғырлап қоя берсе де бірдеңе айтуға бейім. Жалғыздығынан шығар. Құдай жалғыз, бұл жалғыз. Соған қарағанда жаратқан ие адамзатқа бірлігіс пен дүрлігісті алданыш үшін бұйыртқан да, былайғы жерде жалғыздықты маңдайына жазып қойған сияқты. Бұған туу мен өлу заңдылығы дәлел. Екеуінде де адам баласы жалғыздықтың жалына жармасып, жарық дүниенің жалқынын сезініп және одан безініп бара жатады.

Кейінгілер «өмір» деп әспеттегенді бұрынғылар «жалған» деп тегіннен-тегін кесіп айтпағанға ұқсайды. Жалған емей немене: артыңа мойын бұрсаң бұлыңғыр бір суреттердің нобайын байқайсың. Оның ара-арасында сенің де сұлбаң  арзандықтың алаңқайын жағалап бара жатады. Таңқаларлығы  сонда, көмескіліктің көлеңкесін жамылған алыстағы белдер тасасынан бірде көрінесің, енді бірде көрінбейсің. Көрінетінің – арпалыс арасында болғаныңнан, көрінбейтінің – сапырылысқан тобырдың ықтасынында қалып қойғаныңнан. Жел өтінде жүруге шамаң жетпегенінен солай істегенсің. Күштілер артымен диірмен тартқанда сол диірменнің ұңғысынан түскен ұнның жұқанасынан ғана дәм татқаныңды мойындауың керек.

Бірақ, күштілер де кезінде күпсінгенімен кейінде күлімсіге айналып кетті емес пе? Адам баласы болғандығынан. Егер шайтанға айналса шәлдірліктің шатпағын шиырлап  осы күнге шейін жүре берер еді.

Қыздай қосылған ері Баржақсы да сөйтті. Совхоз тракторының ауы мен бауын тартуға бар ғұмырын сарп еткен сабазың дәмі таусылған сәтте құбылаға бас қойды. Жалғыз Баржақсы ма, адамзатқа Құдай бұйыртқан жасты жасай алмай келтеліктің кебінін киген? Жоқ. Басқалар да ілмиіп барып-барып, ыңыршағы шыққан соң тырайып қалды. Тырайғаны емей немене, артында азан-қазан шулаған ел-жұртының тілегін тілерсектен қағып, бақилыққа аттанып кетті ғой, қайран боздақтар.

Кесапат салдарын жорушылар осының бәрін жұмыр жерді дүр сілкіндірген дүмпулерге саятын. Ол пәле тоқсаныншы жылдар басында тоқтағанымен қаза қарасын үзбеді. Әсіресе, дүйім жұртты дүрліктірген «Протон» деге пәле құлаған соң ұйықтап жатып оянбай қалғандар саны күрт көбейді. Зіңгіттей жігіттердің өзі кешкісін сап-сау төсегіне қисайғанымен, ертеңгісін қол-аяғын созып қоя береді. Мұндайға ет те өліп алады екен, «анау сөйтіпті» десең, «иманды болсын» дейді қалғандары беттері бүлк етпестен. Сарсаң құлақтың сандыраққа сынғанынан сөйтеді, әрине.

«Протон» демекші… Сол құлағаннан бері өрістегі малдың шетінеуі көбейіп барады. Аузы-басынан ақ көбік ақтарылып қораға жетеді де, күйіс қайырудың орнына серейіп қата қалады. Аулада жүрген жетім бұзаудың енесі де сол кепті киген еді. Жалғыз сиырдан айырылған Зықаш қазір көршілерден сүт сұрауға мәжбүр.

Көп айт, аз айт, дүниеде адам қатары жетерлік шығар – кемпір жалғыз, дала төсінде мал қарасы жетіп артылар – бұзау жалғыз. Бұзаудың жетімдігі әлгіндей себептен болса, мұның жалғыздығына кім кінәлі екені беймәлім. Бәлкім, тағдыр жазуы солай, он бес жыл ерімен отасқанда құрсағы қанамады. Баржақсы марқұм сонда да қыңқ етпеді-ау, қыңқ етпеді. Сүйреңдеген не бір сөздерге құлақ қоймастан қақ-соқсыз күндерді қанағат тұтып, кешкісін жұмыстан оралғанда қарны тойса жан тыныштығын күйттей жастыққа бас қоюға тырысатын-ды, ол байғұс. Шаршағанынан да. Е, шаршамай қайтсін, таң алакеуімде «айда, шапқа» жүгінсе, жаздың алты айында үй бетін көрмей кететін еді. Егіні бар, шөбі бар, басқа да тірнегі бар, әйтеуір ебіл-дебілдіктен басын арашалай алмай қалатын. Тек қыста ғана ептеп босаңситын. Дәл сол шамада қатынға қайырымы қалқайып, ерлі-зайыптылар арасында жылымық орнағанымен, ол жалынға айналуға рай бермей-ақ қоятын. Бар кінә дәл осы қарым-қатынас белдеуінде жатпасына кім кепіл…

– Сап-сап көңіл, сап көңіл! – деді ойы осы ернеуге тірелгенде кемпір ернін жыбырлата,– Жаратқанға күпірлік етердей сен кім едің? Өз қотырыңды өзің қасы…

Шындығында біреуге кінә артарлықтай дәлел-дәйегі жоқ-тын. Мүмкін бар кінә өзінен шығар. Торсаң тірліктің тұщымына алданбай томаға-тұйықтықтың шеңберіне тұншықты. Айғыр оқыранғанда бие екеш биенің өзі шыбжың қағып қоя бермей ме? Бұл өйтпеді, ыстықта да, суықта да бір қалыбын сақтап, қысырдай қыңырлығын жоғалтпады. Ақырында… Отыз бесінде жесірліктің тауқыметін тартуға мәжбүр болды.

Әрине, ту әйелге түртінгендер кездескен-ді. Сұлулықтың сорпасын шайқамаса да бір көрімдік сүйкімділігі бар бидай өңді келіншекке сөз салушылар да, көзбен ішіп-жеушілер де жетерлік еді. Дегенмен, ақ-адал неке алдындағы борыштылық Зықашты селтеңдіктен қағып отырды. Бұл, мүмкін, Баржақсы алдындағы кінәсін жуып-шаюға бағытталған ниетінен  туған жағдаят. Өйткені, қатын боп қазан қайнатқанымен шаңырақ ұстар шикіөкпе сыйлауға шамасы жетпеді ғой. Ендеше қатын боп жарытқаны да шамалы.

Шикіөкпе демекші… Шикіліктің басы шілтің-шілтің еткен солдаттар ауыл адамдарын мал сияқты бірде әріге, енді бірде беріге қайырған сол дүңкіл заманның дүрмегінде жатпасын?! Ана жерден де, мына жерден де «ойбай, анау шолақ, ойбау, мынау молақ бала туыпты!..» деген байбалам әредік болса да естіліп жататын ол заманда. Екі басты қозы, сегіз аяқты бұзау туғанын да көрді, мына шыққыр көз. Бірақ, ондайды мұның өзі  және айналасындағылар ғана көре алды. Ал, қаладағылар қайқаң тірліктің қабырғасын сөгуден танбады. Сөккендері де, радионы ашып қалсаң «бәрі тамаша, бәрі жақсы» деп жұтынып отырғандары.

Зықаш ойлайды: «Шіркін-ай, сол жұтынғандарды дәл осы өңірге жарты айға жіберсе»,–деп. Көпке емес жарты-ақ айға. Сонда қайқаңдар мен шалқақтар байқар еді құла түз бен құба жондарда қандай тіршілік барын. Төбеден төнген күн жер-дүниені лауға салған шамада табаға шыжғырылған майдай шыртылдай жөнеліп, тәйтерідей кепкен жерден жасырынарға тесік іздеп лағып кетер бәрі де. Қаңғып жүріп қана тәубесіне түсетіні және аян-ды. Әй, бірақ, олар келмейді ғой. Келмеген соң нені көріп, нені білгендей…

Олар тұрмақ ата қонысынан ат тонын ала қаша ауа көшкендер соңғы жылдар бедерінде көбейіп тұр. Бұл әсіресе кейінгі оншақты жылға тән. Әуелі совхоз тарады. Тарады деген жәй сөз ғана. Түте-түтесі шыққан жүн көрпедей шашылып қалды. Ең әуелі мал талапайға түсті. Мал сөйткенде басқаға не жорық? Артынан темір-терсек, қала берді қалқайған құрылыс ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Соңынан қу медиеннен үдере адамдар жөңкілді. Әрине, әлі жеткендер ғана қомға жүк артты. Шамасы жетпегендер қолда бар ұсақ-түйегін айналсоқтап айдалада қалып қойды.

Болары болып, бояуы сіңген шамада ауылға «Протонның» құлауы жаңа дүрлігіс әкелді. Әуеде гүр-гүр етіп вертолеттер ұшқанымен қоймай, жерді машина мен солдаттар жаулап алды. Ара-арасында дәрігерлері де баршылық.

Әлдебіреулер дігерлеп қоймаған соң Зықаштың да оларға қаралғаны бар. Еркек, әйелі аралас оншақты ақ халаттылар палатадан палатаға шақырып әлек-шәлегін шығарды.

– Ауызыңды аш,–деді.

Ашты.

– Тіліңді шығар,–деді.

Шығарды.

Алақтатып көзін тексерді, танауын делбеңдетіп тынысын бақылады. Артынан:

– Еш жеріңіз ауырмай ма? – деп өзінен сұрады.

Зықаш аң-таң. Дәрігер деген бәрін өзі біліп тұрмаушы ма еді? Мыналардың сұрқы бөлек: алдындағыдан тезірек құтылуға құлықты.

– Иншалла, сау сияқтымын, – деді бұл тобашылдыққа жүгініп әрі қорада қалған малына асыға.

– Бара беріңіз.

«Кет»,–дегенде ит те кетеді. Шашылып жатқан көйлек-көншегін жиыстырып, тайып тұрды.

Артынан бәрі сап тиылды. Вертолеттер дарылдап кері қайтты, солдаттар мен дәрігерлер  зым-зия жоғалды.

Содан бері тыныштық. Сиыр мөңіресе дауысы алты қырдан асатындай тыныштық жайлаған айналаны.

Тек, кеше кешкісін маңай машина гүрілімен қайтадан жаңғырығып қоя берді. Бұрынғы совхоз директоры Жаңабай ен далада жатқан тұяқтарын базарға шығаруды ойлаған ба, ұзын-ұзын төрт мал таситын машиналар тізбегін жіберіпті. Қазір ауыл үсті азан-қазан. Жұрт жиылысып, балалар қиқуласып, шағын төбешік маңында мал артушылардың қызығын қызықтап жүр. Әлгінде Зықаш та шет жағасын көріп қайтқан. Басынан күн өтті ме, әлде денсаулығы сыр берді ме, көзі қарауытқандай болған соң үйге кірген. Ендігі жатысы осы.

– Тұру керек шығар, ә?– деп өз-өзінен сұранды ұйыған қары қалыпқа келгендей болғанда.

– Қой, тұрайын, – деді сосын ойын нықтай, – Бұзауға кім су бере қойды дейсің. Қаталаған шығар…

Қолымен жер таянып орнынан көтеріле бергенде ауладан ащы дауыс естілді:

– Мө!.. Мө-ө-ө!!

Елең етті.

– Мына қызталаққа не көрінді-ей?! – деп сыртқа қайтадан құлақ түрді.

– Мө-ө!..

Бұзаудың үні тым аянышты. Әлдекімнен көмек сұрағандай үздіге мөңірейді.

Көйлегінің етегіне сүріне-қабына сыртқа шыққанында бір балаң жігіттің ноқтадан айырылмай бұзауды ұрып жатқанын байқады.

– Әй, антұрған! Жазықсыз малда нең бар-ей?! – деді шаңқ етіп. Сол сәтте байқады, бозбаланың арқасына бір қыз жабысып алыпты. Бозбаланы танымады, тәрізі мал артушылармен еріп келген желөкпе болса керек, ал қыз ауылдың шөпжелкесі.

Тосын дауыстан селт еткен балаң жігіт ноқтаны босатып, мойынын бері бұра:

– Мынау ғой, киімімізді бүлдіріп…– деді міңгірлей.

– Ол не істеп қойыпты?

– Мына қыздың көйлегінің етегін жалмап тастады…

Зықаш түсінді. Жетім бұзау желмен тербелген көйлек етегін емшек деп тілге басқанға ұқсайды.

Кемпір мырс етті.

– Ен дала жетпегендей мұнда неғып жүрсіңдер? Қора өзінікі болған соң өзімсінгені де…

– Біз… жәй… Көлеңкелеген едік…

Екі жас қипақтап тұр. Әсіресе ауыл шөпжелкесінде дегбір қалмаған. Мына ұрлығы шешесіне жетсе күні не болатынын ойлап бетінен қан-сөл қашыпты. Жүзін жігіт қалқасына жасыруға жанталасады.

Аяушылық сезімі қылт етті.

– Қи арасында күңкілдескенше төңірек жетеді ғой, сонда барсаңдаршы, айналайындар-ау…– деді Зықаш бәсең дыбыстап.

Бар айтқаны осы. Шап-шап етіп ұрсуға да болушы еді, көкбет қатындардай көр-жерді ақтарып тастаса да сиятын. Бірақ, өйте алмады. Өндірлердің өртеңін таптамағанды жөн санады. Сөйтті де дір-дір етіп тұрған бұзаудың қасына жетіп, оның басын кеудесіне қыса, әукесін қаси бастады. Сонда байқады, жануардың жанарын кілегей шалыпты.

Жасаған-ай, бұзау жылап тұр екен. Қаусаған кемпірді ес қыла кәдімгідей егіліп кеткен. Мынаны көргенде жан-дүниесі тербетіліп қоя берді.

– Бұзаушығым-ай, жыламашы, жаныңда мен бармын ғой! – деді дауысы жарықшақтана,– Сен жылама, мен жылайын! Менің ешкімім қалмағанын білесің бе?!.

Аспан асты төңкеріліп кеткендей еді. Мынаны естіген жігіт пен қыз бір орында байыз тауып тұра алмастан жылыстай жөнелген.

Жетім кемпір мен жетім бұзау астан-кестең дүние арасында екеуден-екеу тербетіліп қала берген-ді…

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (204 оценок, среднее: 4,36 из 5)

Загрузка...