Izbasar Diana


Страна :Казахстан

Я Избасарова Диана молодой поэт. У меня сейчас есть 150 стихотворении. В свободный время я рисую, пою. С шестого класса занимаюсь спортом. Особенно люблю вид спорта гандбол. В этом году окончила 2 курс специальности журналистика.


Country : Kazakhstan

I am Izbasarova Diana is a young poet. I now have 150 poems. In my free time I draw, sing. Since the sixth grade I go in for sports. I especially like the sport of handball. This year she graduated from the 2nd year of specialty journalism.


Отрывок из сборника стихотворений “Сүйемін”

 

Сүйіктім менің, сүйкімдім менің Алматым, 

Көкейімдегі көрікті ойда қалды атың. 

Еңкейіп жүріп көрген де болсам тасыңды,

Желбіреп тұрып жез таңдайымды жалмадың.

 

Сен үшін тапқан сағыныштарымнан ап қайғы,

Алматы десе жәудір мұң-қайғым жатпайды.

Жырғалып келген жоңғарларыңда мендегі,

Қырық әскердің қарқынын таптай алмайды.

 

Біліп жүр сен де,мен сірә сені білемін,

Жайыңды ойлап несіне сылық күлемін.

Сүмеңдеп жүріп саған қарата асығад,

Сегіз қылыштан аман қалса да жүрегім.

 

Болса да жаным, адамның іште аласы,

Сен десе бірақ сағынатынын қарашы.

Өзіңнен безген жоқ едім,білші өзіңде,

Бекетімнің бесігі қалды-ау шамасы.

 

Әндетсем қалай ұнай ма саған айға кеп,

Тау жақтан соққан самал желіңіз қайда деп.

Аңырап тұрған ауыздарынан адамның,

«А» десе қалам сенің атыңды айтар деп.

 

Тиіп жатса да қырық қылықтан кесірім,

Айқараланып ашық тұрады есігің.

Тапа тал түсте сілкініп келіп сындырып,

Жүректі алсаң беремін енді кешірім.

 

Сөзсіз-ақ айтам,көркіңе болмай таласым,

Бойтұмарыма беремін биік баға шын.

Ал,енді сенде мойында менің жарығым,

Мен сияқты сен көрдің бе Алма баласын?!

 

(2)

Берекемнің барлығын бере сізге,

Есуас боп қаламын сенесіз бе?

Есі дұрыс бір адам таппағандай,

Еркелеймін білмеймін неге сізге?

 

Еркелеме,ес жина десеңізде,

Бір бағалым қалғандай есеңізде.

Жүрек деген қалада өткіншіміз,

Неге мен бір бөтенмін көшеңізде?

 

Құшағыма ешкімде жылытпайтын,

Қаланы да сіз сүйген құрықтаймын.

Тағы неге,неліктен сіздің анау,

Шытынаған қабақтан қорықпаймын?

 

Ешкім мүлде түсінбес,өзге шері,

Қиялда тек екі көз жүздеседі.

Байыппенен айтылған бір сөзіңіз,

Ойып тұрып орнымды көрсетеді.

 

Ерік бірден беретін шартыңызға,

Қара көзден қорқып сіз қалдыңыз ба?

Ешкім сырын түсінбес неліктен мен,

Ақымақпын,аңқаумын алдыңызда?

 

(3)

Далада тұрдым.Шағала көрдім.Ойменен,

Тұлпардай тулап жатырма жанар қой деген.

Мысқылдап күлген пендеден тағы жалығып,

Сасық пейілден сақтанған денем шөлдеген.

 

Жармасып жалған өтіп бір болмас аптам еш, 

Үсіктен үссем,болса екен боран,ақпан тез.

Берекетімді алар беймаза маған ұнамас,

Сұқтанған көзге сұрақтар төніп жатқан кез.

 

Сақтала қоймас егізі болған сағым түс,

Не үшін,неге сезімім менің жарылғыш.

Мастанып қалған мазасыз естен айырды,

Бесіктен белім шыққандай болған ауыр күш.

 

Менікі емес бағым боп келген сыйды атпау,

Әрекетім де болмай-ақ қойсын ширақтау.

Шытырман маған бұйырса екен деп жүрмін,

Шытынап кеткен ойымды қайта жинақтау.

 

(4)

Жапырақтай үзіліп жұлқынып бір,

Тау суындай көңілім бұлқынып тұр.

Сен келгелі періштем білесің бе, 

Алматы құлпырып тұр. 

 

Өртке оранбас өртесем қазір мынау,

Менің күнделігіме жазылдың-ау.

Сен келгенше ауруды серік қылғам,

Ал қазір жазылдым-ау.

 

Бұлттар жебеп тұрғандай мұңдарымды,

Көк аспан деп ойладым қорғанымды.

Сен келгенде жүректен жылу тарап,

Ұстадым қолдарыңды.

 

Көктөбеде күлімдеп тұрмасақ та,

Көкейімнің бұлбұлын торға сақта.

Сен келді деп мен сонда күткен едім,

Өзіңді жылға жақта.

 

Алматыда жасаурап қараша айлар,

Терезеге телмірді балауса ойлар.

Сен келгелі адам да таба алмадым,

Жаныма жара салар.

 

Қалың қасты қымбаттым қара да тұр,

Қар да сені сұрайды,сұрап жатыр.

Сен кеткесін періштем білесің бе,

Алматы жылап жатыр.

 

(5)

Деп жүргенде күнде көру әуре шын,

Мен арманда кетпейінші сәулешім.

Көз алдыңда көлбеңдеген мен мына,

Өліп кетсем.Қайтесің? 

 

Біржолата ғайып болам мен сосын, 

Елес болып естелігім жерде осы. 

Қара хабар мен туралы жеткенде,

Жылайсың ба сен сосын? 

 

Жазған хатқа ала да алмай бір жауап,

Бала көңіл қимастықтан іңгәлап.

Мені еске алып отырасың кештерде,

Көз моншағың сырғанап.

 

Жолдас таппай мұң-сырыңды шағарға,

Мені іздеп шықпайсың-ау алаңға.

Ай өтеді,жыл өтеді жылмыңдап,

Есіңде мен қалам ба?!

 

Жоғаламын барлық-барлық жерлерден,

Күлкім де жоқ,әзілім де сенделген.

Бәрі мүмкін.Мүмкін бұл да соңғы өлең,

Өз бағасын сұрайтұғын сендерден.

 

Өмірімнің өзен-көлін ән қылып,

Өмір кешсем өкінбеймін мәнді қып.

Көз алдыңда көлбеңдеген мен сосын,

Кетем бір күн мәңгілік.

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 3,00 из 5)

Загрузка...