Ashat Bakituli

Страна: Казахстан

Автор родился 16 августа 1982 года в селе Урджар Урджарского района Восточно-Казахстанской области Республики Казахстан. В этом регионе в 1999 году окончил СШ имени А. Кунанбаева. Окончил Семипалатинский университет им. Ш. Кудайбердиева по профессии – историк, а также магистратуру журналистского факультета Карагандинского государственного университета им. Е. А. Букетова.

Член Союза журналистов Республики Казахстан. Магистр журналистики. Был награжден медалью «Деятель Казахской журналистики». Лауреат литературного конкурса «Үркер-Үміт» и международного конкурса «Дарабоз». Стал победителем национальной литературной премии «Алтын қалам» по номинации «Лучшая проза года». А также стал победителем республиканского конкурса по номинации «Лучшие сказки для детей». Автор книг «Мен сізге ғашықпын», «Туған жер» и «Кім ақылды?». Его литературные произведения публикуются в казахстанских и зарубежных изданиях.

Country: Kazakhstan


Тілін ұмытқан тотықұс

(ертегі)

   Ертеде орманда сан алуан тотықұстардың отбасы өмір сүріпті. Олар құстардың ортақ тілінде сөйлепті. Солардың ішінде Тори атты бір тотықұс орманда қалғысы келмей, адамдар мекендейтін өлкеге, үлкен шаһарларға сапар шегетін болыпты. Сондықтан оны тотықұстар Ториді саяхатшы тотықұс деп атап кетіпті. Саяхатшы тотықұс бірде ағылшындар еліне, бірде француз жұртына барып, адамдардың айтқан сөздерін қайталып, тіл үйреніпті. Тори мұнымен шектелмей, Қытай еліне, Испанияға, Мысырға, алыс-жақын шетелдерге ұшып, орманға сирек қатынапты. Әр қаладағы қайырымды адамдар әдемі тотықұсты бағып, ас-су беріпті. Әсіресе, Англияда бір Анжелла деген қыз терезесінің алдына келген Ториге күнде жем шашып, күтімге алыпты. Тори орманға келген сайын достарына:

– Мен  – саяхатшы тотықұспын. Мен әлемдегі көптеген елдердің тілін үйрендім, – деп мақтаныпты. Ормандағы тотықұстардың басшысы әрі жасы үлкені Жако:

– Тори, тіл үйренген жақсы. Бірақ сен адамдардың тілін үйренемін деп өз тіліңді ұмытып қалма. Өз тілінмен күнде сөйлеп, күнде ойланатын бол! – деп ақыл-кеңесін береді.

– Қала деген қандай екен? Сен ол жақта не жедің? – деп кішкентай тотықұстар Ториге сұрақты жаудырады.

– Мен ағылшын еліне барғанда теңіз балығын жедім, ал француздар маған қуырылған жұмыртқа берді. О,  мексикалықтар маған берген жүгерінің тіл үйірер дәмін айтсаңшы.  Керемет қой, керемет! –дейді Тори.

   Сонда кішкентай тотықұстар саяхатшы Ториға қатты қызығып:

–  Тори, біз де өскенде сен секілді саяхатшы боламыз. Әлемді түгел шарлап, дәмді тамақ жегіміз келеді, – дейді.

    Саяхатшы Тори  үйіне келгнеде әкесі Тико:

–  Тори, көрші балалардың мазасын алма. Сен біздің ұрпағымызды жалғастырушысың. Өзіне жайлы ұя жасап, отбасын құр, – дейді.

– Ой, әке, мен әлі жаспын ғой, менің әлі көрмеген көп мемлекет бар, – дейді ол.

– Тори, біз болсақ қартайып барамыз, сен біздің жалғыз ұрпағымызсың. Сен бір пәлеге ұшырап қалмады ма деп күнде уайымдап отырамыз. Сенің жанымызда болғанын қандай жақсы. Тори, сен бірнеше жыл әлемді араладың. Ел көрсін, жер көрсін деп бетінен қақпадық. Бес-алты жылда оннан астам елдің тілін үйрендің, осы қыдырғанын да жетер. Енді ақылға кел, бізге де қарайлас. – дейді анасы Какаду. 

– Ой, мама, маған ештеңе болмайды,  – деп Тори қасарысып, орманда қалғысы келмейді. 

– Сен бірнеше күнге келесің де, айлар, жылдар бойы жоғалып кетесің. Біз сен қатты сағынамыз. Әр нәрсенің шегі болады. Қалған өмірімізді сенің жанында, немерелерімнің қасында өткізгім келеді, – дейді анасы.

  Бірақ Тори ата-анасының айтқандарына құлақ аспай, ертеңінде орманнан ұшып кетеді. Ол бір жылдан кейін келгенде құстардың тіліне ағылшын, неміс, француз тілдерін қосып сөйлейтінді шығарыпты. Екініші жылы орманға бас сұққанда жартылай құстар тілінде, жартылай адам тілінде сөйлейтін болыпты. Тіліне араб, қытай, италиян тілдерін қосып, әбден шатасыпты. Құстар оны түсінбей, әрі ата-анасына қарамағаны үшін ренжіп, сөйлеспей қойыпты. Тори болса «Құстар менің көп тіл білгенім үшін қызғанады» деп ойлап, үшінші рет жолға шығып, ұзақ ұшып қанаты талады. Сосын мұхитта кетіп бара жатқан бір үлкен кемеге қонып, тынығып алмақ болады. Тори кеме үстінде жүрген матростардан өзіне су мен тамақ беруін сұрайды. Кеме капитаны қара ниетті адам екен. Ол тотықұстың көп тіл білетінін біліп қойып, тамақ беріп, алдап ұстап алып, темір торға қамап қояды. Тори қанша жалынса да, капитан темір тордан шығармапты. Тордың ішіне кішкен ыдыс қойып, үстінен жем шашып тамақтандырыпты. Капитан саудагер екен. Ол мұхит пен теңіздерде жүзіп, әлем елдерімен сауда жасапты. Тори капитан өзге елдің адамдарымен сауда жасағанда сөздерін аударып беріп тұруға мәжбүр болады. Егер тотықұс сөзді аударудан бас тартса, қожайыны оған қатқан нан мен судың өзін бермей қойыпты.

   Арада үш жыл өтеді. Тори жылына бір, кейде екі жылда бір рет орманға келетін. Торидің хабар-ошарсыз кетіп, бір қиындыққа тап болғанын сезген әке-шешесі қатты қайғырып, ауырып қалады. Ата-анасы Ториді іздеп барайын десе, қартайған соң бойларынан әл кетіп, ұзаққа ұша алмайды. Сосын олар  құстарға:  «Баламызды іздеп келіндерші» деп жалынады. Бірақ Торидің өзімшілдігіне ренжіп қалған  құстар оны іздеуден  бас тартады. Олар саяхатшы Торидің ата-анасының ақылын тыңдамай, тотықұстар көсемінің бұйрығына бағынбағаны үшін кез келген жазаға лайық деп шешіпті. Тек Торидің айтқан ертегі лері мен әңгімелерін сүйіп тыңдайтын кішкентай тотықұстар әлемнің жан-жағынан орманға ұшып келіп жатқан құстардан: «Адамша сөйлейтін тотықұсты көрдіңдер ме?» деп  сұрайды. Сонда Шағала:

–  Осыдан бір күндік жерде бір үлкен кемеде торға қамалған Тори деген бір тотықұсты көрдім. Өзі әбден жүдеп кетіпті. Ол бізді көріп, әкем – Тико мен шешем Какадуға сәлем айтыңдар! Мен оларды қатты сағындым, – деп айғайлап жатқанын естідік, – дейді. Кішкентай тотықұстар шуылдап:

– Ой, ол біздің Тори ғой, байқұс бауырымыз-ай! Үлкен қиындыққа тап болыпты ғой, – деп шырылдап, бүкіл ормандағы тотықұстарға, әке-шешесіне хабарды жеткізіпті. Үлкен тотықұстар Ториді құтқаруға асықпапты. Торидің әке-шешесі кішкентай тотықұстардың ішіндегі жылдам ұшатын Какаға:

– Кака, бар үмітіміз сенде, сен барып Тори баламызды құтқармасаң, ол ауырып өліп қалар, – дейді. Кака ержүрек, әрі батыл еді. Ол Ториге зымырап ұшып жетеді.

– Кака, сені көргеніме қуаныштымын, – дейді Тори басын көтеріп. – Кака, айтшы, мен құтқаруға үлкендерден кім келді?

– Ешкім келмеді, – деп жауап береді Кака. Тори сары уайымға салынып, өмірінде үлкен қателік жасағанын айтып, жылай бастайды.

– Тори, сен жылама, мен бармын ғой, мен сені құтқарам, – дейді Кака батылданып.

– Сен әлі кішкентайсың? Мені қалай құтқармақсың?

– Сен маған ана капитан сөйлейтін тілде «Тори, өлді»» деген сөзді үйрет. Сонда мен кемедегілерге «Тори, өлді» деп айғайлайтын боламын. Сен қозғалмай жата бер, сосын қожайын сені өлді екен деп ойлап, темір тордың ауызын ашқанда жылдам ұшып кет, – дейді. Сөйтіп, Кака «Тори, өлді!» деп айғайлап, зар еңірейді. Кеме капитаны неше күннен бері ас-су ішпей, жатып қалған Ториді өліп қалған шығар, оның орнына мына көп тіл білетін жас тотықұсты ұстап, темір торға қамап қоярмын» деп ойлайды. Капитан темір тордың есігін ашқанда Тори пыр етіп ұшып кетеді. Кеме капитаны Ториден де, жас тотықұстан да айырылып қалғанына өкініпті.

 Тори мен Кака орманға аман-есен жетіпті. Бірақ ешкім Торидің алдынан шығып, амандаспапты. Ол үйіне барса, әке-шешесі қартайып, қатты науқастанып қалған екен. Олар Ториді көріп, қуанып былай дейді:

– Балам, қайтып келдің бе? Біз сені қатты сағындық, – әкесі. Тори өз тілінде бірде-бір сөз айта алмай, қатты қиналыпты.

– Сен көрмей, дүниеден өтем деп едім, сенің келгенін қандай жақсы болды, – дейді шешесі. Тори жылап жібереді. Қанша тырысса да, ана тілінде бірде бір сөзді жөнді айта алмай, шүлдірлеп, әбден қиналыпты. Амалсыз адамдарша сөйлеп кетіпті. Көп ұзамай әке-шешесі қайтыс болады. Тори орманда қалғысы келеді. Бірақ ана тілін ұмытып қалған соң амалсыз үлкен қалаға қайтып келеді. Лондон қаласында оған әрдайым жем шашып жүретін қыз:

– Сен не үшін қайтып келдің? Сен орманда қаламын, қайтып келмеймін деп едің ғой, – депті ағылшын қызы басынан сипап.

– Мен өз ана тілімді ұмыттым. Мені ешкім қатарына қоспай қойды, – депті Тори.

– Кешір, мен де сені үйіме қіргізе алмаймын, – дейді қыз. Тілін ұмытып, туған орманынан айырылған Тори қатты өкініп, әлі күнге дейін жалғызсырап жүр екен.

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (103 оценок, среднее: 4,17 из 5)

Загрузка...