Торғын Жолдасбекқызы

Страна: Казахстан

Торгын Калелова Жолдасбековна родилась 17 апреля 1985 года в Алматинской области.
Автор двух книг на казахском языке «Кеш қалма!» (Не упускай шанса!)и « Араша»( Да будет вам!)


Country: Kazakhstan

Torgyn Kalelova Zholdasbekovna was born on April 17, 1985 in the Almaty region.
She is the author of two books in the Kazakh language “Kesh kalma!” (Don’t miss your chance!) And “Arasha!” (Let it be to you!)


Отрывок из романа «Кеш қалма»

Хан еліндегі әдеттегі күн болатын. Жаз аяғы болса да, аптап ыстық. Хан сарайының алдында күндегідей қара халық қаптап тұр. Бір сәтте қақпа алдына елу шақты жауынгер мен шағын күйме аялдады. Осы сәтте шағымдарын айтып ду-ду еткен көптің арасына күймемен бірге үнсіздік қоса кіргендей көрінді. Кенет сол үнсіздікті әскербасының:

          – Қақпаны ашыңдар! Шығыс аймақтағы шекарадан боламыз! Қолға түскен шекара бұзушыларды Жоғары мәртебеліме алып келдік, – деген өтімді дауысы бұзды. Бұған:

          – Күтіңдер! – деп қысқа қайырғаны болмаса, күзетшінің қақпаны оңайлықпен аша салар сыңайы жоқ көрінді.

Арада біраз уақыт өткен соң, шапшаң басып жеткен күзет басының:

          – Қақпаны ашыңдар! Күйме ішін тексеріп шығыңдар! – деген бұйрығы естілді. Сөзі екі етілмеді. 

         Алып қақпа ашылысымен қамал ішіне көз салған жұрт сарайлардың әсемдігін жарысып айтып, аһ ұрып жатты. Соның буы болар, бір қарағанда болмашы көрінген кішкене күйме бар құпиясын жасырып, еш күдіксіз бас сарайды бетке алып кете барды. Дәл осы сәтте ұзап бара жатқан ол күйме ішінде бүтін хандықтың болашағына өзгеріс әкелетін жанның барын бірде-бір жан сезіп-білген жоқ.

          Күймені ортаға алған шағын жасақ қақпадан кірген бойда белгілі тәртіппен орналасқан 19 аққанат сарайды жағалай жүріп отырды. Осы уақыттың бәрінде қамалдың шет жағында орналасқан жаттығу алаңдарынан жауынгерлердің зілді дауыстары еміс-еміс естіліп жатты.

Күйменің аяңдай басқан бұл жүрісіне бас сарайға қарсы тұрған кіші сарайдың екінші қабатындағы бақ ішінен сынай қараған жан бар еді. Құдайдың пәрменімен емес, адам қолымен жасалған бұл бақта алуан түрлі гүл мен ел көрмеген ағаштардың түр-түрі бар. Сонымен қатар, айқара ашылған терезе алдында тұрып, жанарын қытықтаған күн көзін оң қолымен көлегейлеп, күймені қызықтаған Хазар ханзада да бар еді. Сұңғақ бойлы, аққұба жүзіне қасы-көзін сызып салып қойғандай көрінетін. Онысын тағы өзі білетіндей сенімді.

Кенет сырт жақтан:     

             – Ханзадам, кіруіме рұсат па? – деген әлдебіреудің қоңыр дауысы естілді. Бұрылып, ішке кірген жігітті көрген ханзада:  

             – Кел, Арлан! Мені қайта бөтенси бастағанбысың? Тіпті жалғыз досымнан алыстасам, мына жалғанда менен өткен бейбақ табылар ма? – деген сөзін барынша мұңды жеткізгісі келсе де, дауысында жасырын әзіл бардай естілді. Оның бұл мінезіне еті үйреніп кеткен Арлан еш саспай:

            – О не дегеніңіз, Ханзадам! Өзіңіз қумасаңыз, сізден бір адым алыстау ойымда жоқ. Менің сізден басқа барар жер, басар тауым бар ма? – деді қалжың шыны аралас, сендіре сөйлеп. Әзілге сирек бой алдырар досының мына сөзінен кейін, сәтін жібергісі келмеген ханзада:

            – Осы сөзің рас болса, қайта бала күндегідей, мені «досым, Хазар» деп атасаң болмай ма? Өзгелер жоқта тең емес пе ек, бауыр едік қой… – деп көндірмек еді, мұнысына жылы жымия қараған жігіт рас кінәсі бардай:

            – Ол кезде балалықпен білместік жасаған екенмін. Ғафу етіңіз! – деді жәй ғана. 

            – Жарайды… Қойшы… Ұқтым! – деді бұған ханзада шынайы өкпелеген адамша қолын сілтеп.

Қайта терезеге үңілген ханзадамен қатарласа тұрған Арлан:

            – Не себепті жабырқаулысыз? – деді кенет. Мұнысына:

            – Неге олай дейсің? Бәрі жақсы. Әлде мен жайлы жайсыз түс көрдің бе? – деп қайта қылжаққа басқанына алданбаған Арлан:

            – Анаңыз тұрғызған мына баққа көңіліңізді жұбату үшін келмеуші ме едіңіз? – деді жайбарақат.

Қайтсе де өзінен сырын жасыра алмасын ұққандай ханзада ашық тұрған терезеге қайта бұрылып жатып:

            – Сонымен, Қоңыр көсемнің отбасымен кездесу жайында не ойлайсың? – деп өзін мазалаған әңгімені қозғады.

            – Отбасы жайында сұрап тұрсыз ба, әлде тұңғыш қызы жайлы ма? – деп анықтап алды жігіт.

Жалт қараған ханзаданың көзқарасында мұң да, ащы мысқыл да бар еді. Айтпағын ол қиғаш езуімен-ақ жеткізді. Сонда Арлан:

             – Артық кетсем кешірім сұраймын. Алайда Еңлік бикеш дәл сіздің талғамыңызға сай ару көрінді. Ақылды, білімді, өнегелі отбасынан шыққан, – деп байсалды кейіппен ойын тізбектеп жатыр еді:

             – Солайы солай ғой. Сонымен қатар ерекше сұлу, мүсініне қарап, алғаш көрген сәтте періште емес, адам екендігіне күмәндандым. Бір сәтке табан астында жер қалқығандай көрінді, – деп өз ойын қосты ханзада да. 

  • Олай болса, көңіліңізге кірбің түсірген не нәрсе? 
  • Ол қыздың менің өміріме сүйіспеншілік емес, келісім-шарт боп енетіндігі! Екі әкенің жоспары. Бәрі сол баяғы заңдылық. Бағынуым керек!

Алып-қосары жоқ Арлан досының ойын бұзуға батпады. Ханзада енді өзгемен емес, өз жүрегімен сырласып жатқандай:

          – Менің анам да сұлу еді, – деді бәсең үнмен. – Сол сұлулығы оны  басқаға емес, дәл менің әкеме жолықты. Сүйді, сенді, осы сарайға аяқ басты. Нәтижесінде не болды? Құсадан көз жұмды. Өмір анамды аямады. Кейде маған дәл сол сұлулықтың кесірінен анамды қамшылаған қамшының сабы өзге емес, әкемнің қолында болғандай көрінеді. Шолақ махаббат! Келте сезім!

Ханзаданың сөзіне тиісті жауап таба алмаған Арлан тағы үнсіз қалды. 

            – Үндемейсің! – деді ханзада бір кезде. – Сұрақ қойғаныңа өкініп тұрсың-ау, шамасы… Әлде маған қосылып жылауға ыңғайланып жатырмысың?

            – Не айтарымды білмей тұрмын, Ханзада – деген оны аяп кетті ме:

            – Сенің ішің осы күнге дейін жарылып кетпей қалай жүр? Осыған таңым бар – деп арқасынан қағып, күле сөйлеп жатыр еді, есік сыртынан:

                 – Ханзада, кешірім сұраймын! Хан ием сіздің бас сарайға келуіңізді қалайды. Шұғыл шаруа бар, – деген дауыс естілді.

Бұйрықты естіген екеуі бірден есікке беттеді. Бұлар айнымас дос қана емес, бір туған бауырдай жақын. Арланның екі жас үлкендігі бар. Бойы да ханзадаға қарағанда бойшаң. Кең иығы, қоңыр дауысы, мен ұяң мінезіне бола ханзададан біршама ересектеу көрініп, туған ағасындай қамқор. Соны пайдаланған ханзада жиі болмаса да, арасында осылай өкпесін жайып салып, еркелеп алатыны бар.

***

Бас сарай алына келіп, ханзада әкесіне сәлем берген соң, қырықтың үшіне келген, Бек хан отырған жерінен жиналғандарға сынай қарап алды да, оң қолын көтеріп, шекарадан келген сарбазға сөз берді. Ханға тағзым етіп алған ол:

            – Ұлы Хан ием, кеше таңға жуық мына күймені бастаған топ шекараны заңсыз бұзып өтпекші болған кезде қолға түсті. Күймені тексеру барысында заң бұзушылар зор қарсылық көрсетті. Нәтижесінде он шақты адам қаза тауып, төрт адам тұтқынға алынды, – деп болған жайтты баяндап жатыр еді, соңына дейін тыңдау ниеті болмаған хан қайта қолын көтеріп: 

            – Не дейді? Сонда бар болғаны он адамның шиқылын қарсылық көріп отырмысыңдар? – деді зілді дауыспен.

            – Хан ием, алғашында өзіміз де солай ойлаған ек, – деп кібіртіктеген бұл: – Алайда күймені бастағандар ерекше дайындықпен келген жауынгерлер боп шықты. Біздің тарапымыздан отызға жуық адам жарақат алды, – деп ақталғандай боп сөйлеп жатыр еді, онысы одан бетер ашуына тигендей:

           – Сонда шекараны бұзып,  қалың күзетті әбігерге салған қылмыскерді менің алдыма желкелеп жеткізбей, ханның қызындай күймеге салып алып келдіңдер ме? – деген хан отырған орнынан көтеріліңкірей, әлгіге төніп келе жатқандай болды. Алайда күймеге бір, ханға бір жалтақ қарап алған сарбаз:

           – Кешірім сұраймын, Хан ием! Бірақ сөзіне сенер болсақ, мына күйме ішінде Көкжиек елімен болған соғыста ойсырай жеңіліс тапқан Су елінің ханшайымы отырған көрінеді, – деген соң, біраз ашуы тарқағандай қайта орнына жайғасып:

           – Солай де! Естуім бар. Өз басым, бұл тартыста Су еліне бүйрегім бұрып тұрушы еді. Өкінішті-ақ… – деді де: – Қане, көрелік, әлде осылай амандық сұраспай отыра береміз бе? – деп қызығушылық танытты.

Бұйрықты естіген күзет сарбазадары күйме қасына жақындай келіп, оң жақтауын сырғыта түсірді. Жиналғандар бір адамдай күйме ішіне еліге көз жүгіртті. Осы сәтте алдымен сыртқа көйлегінің кең етегін тастап, ханшайым бой көрсетті. Сөйтті де жиналғандарға сәл ғана иіліңкірей, сәлем салғандай сыңай танытып, артынша хан қызына тән тәкаппарлықпен иегін жоғары көтеріп тұрып, көптің үрейіне айналған Бек ханның көзіне тіке қарады. Шіркін, айдай аппақ болмысы неткен әсем еді!  

           – Қош көрдік, Хан ием! – деп ізетпен амандасты.

Үнінде тұтқынға түскен адамда болуы керек үрей жоқ еді. Болса да, мұны тірі жан сезбеді. Ханда үн жоқ. Сәт пен сағат та тоқтап қалған көрінді. Артын баққан жұрт та жым-жырт. Соны пайдаланған ханшайым:

          – Хан ием, Су елінің басына ауыр күн туғанын естіген боларсыз… Міне соның кесірінен уақытша өзге елді паналап, бой тасалау мақсатында осындай заңсыз әрекет жасауға мәжбүр болдық. Жер асқанда бұдан бөтен ойымыз болмаған. Алайда шекарада біраз түсініспеушілік орын алып, қарсы тұруымызға тура келді. Мұның неге әкелгенін өз құлағыңызбен естідіңіз.  Онсыз да жұртымнан ажыраған мына маған он сарбаздың қазасы туған елден екінші рет айырылғанмен тең түсті… – деп кешірім сұрап емес, кінә артқандай сөйлеп алды да: – Хан ием, мұның бәрін еш бүкпесіз, өзіңізге басқа күні баяндап беруге бармын. Ал әзірше жарақат алғанымен әлі де кеудесінде жаны бар сарбаздарыма тиесілі көмек көрсетуді бұйыруыңызды сұраймын. Мұның өтемін қашан, қалай қайтарарымды білмеймін, бірақ, өзіңізге қарыздар екенімді мәңгілік естен шығармауға уәде етемін, – деп күйме қасында кісендеулі жатқан сарбаздарын жанарымен көрсетіп, өтініш жасады.

Мұны естіген хан есін жаңа жиған адамдай:

             – Емшілерді шақырыңдар. Тез жетсін! – деп бұйырды.

         Манадан өктем-өктем сөйлеген ханшайымның:

             – Алғысымды қабыл алыңыз, Хан ием! Мүмкін болса, бірінші кезекте күйме ішіндегі сарбазға көмек көрсетілсе екен. Басынан соққы алды.  Соның жарақаты ауырлау, – дегенде дауысында аз діріл бардай естілді.

Мұны ести сап, алдыға атып шыққан манағы шекарашы сарбаз:

            – Хан ием, емшілердің қауіпсіздігі үшін ол жанды алдымен сарбаздар тексеріп алғаны жөн болар,  – деп сезіктене тіл қатты.

Олай деуінің себебін соңына дейін ұқпаса да, манадан шетте тұрған ханзада өзі көрмек боп алдыға аяқ басып еді:

           – Ханзада, маған рұқсат етіңіз. Өзім шығарайын, – деген Арлан жолын кесті ізетпен.

         Сонда досына жақындай түсіп, дауысын барынша бәсең шығарған ханзада:

           – Арлан, қорықпаймысың? – деп сұрады.

Онысына тағы өзі дән риза көрінді. Жастығына қарамай түрлі шараларға атсалысып, ұрысқа да араласып үлгерген ханзада мен Арлан өздерін сынаудан еш қашқан емес. Неге бас тігіп отырғанын білмесе де, бұл жолы да солай болды. Нық басып жеткен Арланның кіп-кішкене күйме ішін толық көруі үшін бір тізесін бүгуіне тура келді. Сол сәтте есіне ханзаданың өзін мазақ еткені түсіп, езуіне еріксіз күлкі үйірілді. Алайда ол күлкі күйменің бір бұрышында бүк түсіп жатқан жанды көрсе сәтте бірден жиылды. Ұзақ ойланбады. Қол созып, әлгіне өзіне қарай суырып алды да, манадан сақтанған «дәуі» бойы бір қарыс, беті алақандай ғана, салмағы да мардымсыздау біреу екенін көрді. Уысында ұстап отырып, қарапайым сарбаз киімін киген жанның жүзіне таңырқай қарады. Өлі көрінді. Жүрек қағысын тексермек боп, кеудесіне құлағын тақады. Бірақ бөтеннің төсінде емірене ұзақ жата алмады…

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (3 оценок, среднее: 4,67 из 5)

Загрузка...