Страна: Казахстан
Журналист, творческий работник. В 2013 году несколько произведении печатались по государственной программе в издательство «Жазушы». Творчеством увлекаюсь последний десять лет, пишу в детективном жанре.
Сountry: Kazakhstan
Жұмбақ жоғалу
Балаларға арналған детектив
Маңдайын машинаның алғы кобдишасына қатты соққан Кәрімнің құлағына үзік-үзік дыбыстар алыстан жеткендей, құлағы бітіп, басы айналды.Іштей: «Біз тіріміз,Аян, жарайсың ! » деп күбірлей берді.
Күдік
Айбек екі қолын өкпесіне алып жүгіріп келеді, жүгіріп келеді, жүгіріп келеді. Дүрс… Дүрс… Бұл оның аттай тулаған жүрегі ме , әлде желкесіне таяп қалған қуғыншының аяқ дүбірі ме, оны айырар дәрмені қалмаған. Зымырап келе жатқанда , бір нәрсеге аяғы ілінді де, ұшып түсті. Жетті! Біттім! Жанұшыра айқайлайын десе , үні шықпай тұншығып ,қара терге түсіп, шошып оянды. Жүзіне үңіліп тұрған Бану:
– Жайсыз түс көрдің бе? Қол –аяғыңды тыпырлатып, зәрімді ұшырдың ғой. Өзіңе со керек, ұйықтар алдында қорқынышты бейнетаспа қараудан жалықпайсың.
– Соқпа, онда тұрған не бар! Мен сен ойлағандай қоян жүрек қорқақ емеспін . Жәйсыз түс көрдім.
– Не көрдің?!
– Біреу қуып келеді екен.
– Бейне филімдегі құбыжықтар болар.
– Сен қыз тас кенедей қадалып алсаң, айырылмайсың. Есімде жоқ. Ұмытып қалдым.
– Түсті ұмытқан жақсы .
– Кәрім телефон соққан жоқ па? Кеше хабарласам деген.
– Жоқ. Соққан жоқ.Тезірек тұрып тамағыңды іш. Бүгін базарға барамыз. Мектепке санаулы-ақ күн қалды. Оқу-құралдарын алайық, киім-кешек қарайық. Мамам солай деп кетті.
– Ақшаны көп тастады ма?
– Жетеді.
– Оны неге саған қалдырады? Мен сенен үлкен емеспін бе?
– Саған тал түске дейін ұйықта деген кім? Ақша ұстағың келсе, берем. Сен –ақ ал.
– Ақша ұстап, басты қатыратын мен емес, ойнап айтам ,– деді Айбек орнынан тұрып жатып. – Ақша ұстап, базар аралау ерлердің ісі емес.
– Мәссаған , тал түске дейін төсекте аунап жату ерлердің ісі екен ғой?
– Күнде ерте тұрамын. Бір күн кеш тұрды деп , жер-жебіріме жетпе! Онан да ертеңгілікке не дайындадың соны айтшы?
– Сұлы ботқасы.
– Өзің же.
– Күнде-күнде қуырылған жұмыртқа жеу зиян.
– Оны қайдан ойлап таптың?
– Ас мәзірін өзгертіп, каллориясы мол тағамдармен тамақтану пайдалы.
– Жарайды. Ботқаға қант салдың ба?
– Аздап салдым. Көп болса , қант ауруына шалдығасың.
– Ол тағы немене?!
– Оны «сахарный диабет» дейді. Түсіндің бе?
– Қыздардың білмейтіні жоқ.
Айбектің базардан жек көретін нәрсесі жоқ. Ығы-жығы адам. Адам қандай көп болса, зат та сондай көп. Таңдау да қиын. Ол ас ішіп отырып, қарындасын азғыра бастады.
– Бану, базарға бармай-ақ, дүкендерді араласақ қайтеді. Бәрінің бағасы бір емес пе?
– Дүкенде арзан деп саған кім айтты? Ондағылар базардан көтерме бағамен алады да, үстемемен сатады.
Осы қыз шынашақтай боп пысық- ақ, осы үйдің құдайы. Әке-шешесі де бетінен қақпайды. Жанына қойған қалта телефоны ызылдаған соң, құлағына тосты.
– Сәлем! – Кәрімнің үні көңілді .– Жаңа тұрдың ба?
– Иә, ұйықтап қаппын. Базарға жиналып жатырмыз. Бізбен бірге жүрсеңші?
– Маған да оқулықтар қарау керек еді. Барсам барайын. Шығарда маякни.
– О’ кей.
– Кәрім бара ма?
– Барады.
– О-һ-о, онда ,керемет! – Аяқ астынан әндете жөнелген қыз көз ілеспес қимылмен кес-аяқты шайып, кептіргішке ілді де:
– Тез төсегіңді жина!– деп бұйырды.
– Бану, осы сен үлкенсің бе, мен үлкенмін бе?
– Сен үлкенсің, бірақ осылай жүре берсек: « таз таранғанша , той тарқайды » дегеннің кебін киеміз.
– Сол базарың тарқап кетсе, тіпті жақсы болар еді.– Айбек күңк етті. Телефон дыз етті.
– Мен көшеге шыға берем ,– деді Кәрім.
Өткен жылы басқа мектептен ауысқан оқу озаты , мінезі де салмақты Кәрімге Айбек сырттай қызығып, реті келсе жақын дос болуға тырысатын, бүгін соның сәті түскен тәрізді. Ол апыл-ғұпыл киініп алды да, қарындасына :
– Кәрім күтіп тұр. Көп сәнденбей, тез шық! –деп, сыртқа жүгіре жөнелді.
Биылғы жаз жауынсыз.Тамыздың аяғы болса да, арқан бойы көтерілген күн шақырайып, шыжғырып барады. Қала көшелері тып-тыныш. Елең-алаңда тас жолды жуып өткен болса керек, ылғалды топырақтың иісі аңқиды. Кәрім анадайдан:
– Бану қайда?– деп дауыстады.
– Қыздарды білмеймісің, сипаланып шығып болмайды. –Екі дос төс қағысып амандасты.
– Қайда асығамыз.Онсыз да ерте тұрыппыз. Бірақ, біз базарға жетеміз дегенше, күн ысып кетейін деп тұр. Сабақ басталғанда, осындай шуақты күндері отырғың келмейді,–деді Кәрім.
–Мен де солаймын.Кейбір сабақтардың мезі қылатыны сонша , ұйқы басып, мазам кетеді..
– Ондай-ондай менде де болады. Кейбір мұғалімдер сабағын тартымсыз етіп өткізеді.
– Мүмкін.
Осы арада Бану да жетті.
– Көп күтіп қалдыңдар ма, әмиянымды қойған жерімнен таба алмай, шыр айналғаным .– Ол қобыраған шашын түзеді.
– Бүгін ауа-райы тамаша екен. Үп еткен жел жоқ.Келесі аялдамаға дейін, жаяу жүреміз бе? – Кәрім серіктеріне көз салды.
Біраз жүрген соң аяқ киімінің қажап жүргізбей келе жатқанын айтып , Бану қыңқылдай бастады.
– Ақшаң көп болса, «тачка » жалдайық?–деді Айбек ақшаның билігінің кімде екенін меңзегендей.
– Мейлі, не жалдасаң да, енді бір адым баспаймын. Сенбесең , міне қара ,– қарындасы күлбіреген өкшесін тосты.
–Ту.у… әрине, ауыртады. Мүмкін ,үйге оралып, басқа аяқ киім киерсің?– Кәрім аяныш біодіріп , басын шайқады.
– Сол аяқ киімді базардан қараймын деген. Амал жоқ, такси жалдайық. Айбектің ойын айтпай ұққандай, жандарынан өте берген қызыл жигули кілт тоқтады.
–Қайда барасыңдар? – таксистің жуан даусы гүр етті де, кабинадан басын шығарып, балалардың бас-аяғын жіті шолып өтті.
– Базарға ,– үшеуі қосарлана дауыстады.
–Бес жүз теңге.
– Базарға дейін үш жүз теңге емес пе, сіздің қолыңыз қымбат екен !–деп Бану тық етті.
– Қазір жанар май ұшып тұр. Арзанына тауып ал да, бар бер! – орнынан қозғала берген таксисті Кәрім тоқтатып үлгерді.
– Жарайды , келістік, Бану, алға отыр!–деп, алдыңғы есікті ашты.
Айбек екеуі артқа жайғасты.
–Сонша неменеге шашыласын. Басқасын жалдайтын едік ,–деп Айбек те наразылығын білдірді.
Кәрім жүргізушіге қарады. Оның осы гүжіл деген дауысын бұрын бір жерден естігені анық. Бірақ қайдан?! Аздан соң шыдамай:
–Ағай, көптен тачка айдайсыз ба? – деп алға ұмсынды.
Анау артына бұрылып, одырайа қарады да:
–«Тачка» емес такси, осы күнгінің балдары дұрыс сөйлеуді де үйренбеген!–Ол зілдене дүңк етті..
– Сіздің даусыңыз таныс.
– Клиенттердің бәріне өмірбаянымды айтып отыратын уақытым жоқ. Міне, келдіңдер , айда түсіңдер!– деп базарға кіретін қақпаға жетер-жетпестен кілт тоқтай қалды.
– Қандай дөрекі едіңіз, сонша ақша алған соң, діттеген жерге жеткізіп тастамайсыз ба? – Бану ызыдан жарыла жаздап, машинаның есігін сілкіне жапты.
– Осындай ақшаға шет елдік көлікпен камфортты түрде жетуге болатын еді . –Қыз Кәрім мен Айбекке өкпелегенін жасырмай, ала көзімен қарады да, ұртын томпайтып, алға озды.
Қызыл жигулидің соңынан қарап , ойланып қалған Кәрім.
–Мен бәрібір осы кісінің дауысын бір жерден естідім. Әйтуір, гүжілдеген үні таныс. Тоқта , тоқта , енді есіме түсті.Таяуда кіреберістен шығып бара жатып, Маржан әжейдің пәтерінен осындай бір зіркілдеген үнді естіп таң қалдым. Ол бұдан бір-ер жыл бұрын өмірден өткен әжемнің подругасы болатын..Кәрімнің әжесі кенеттен дүние салғанда « сырласымнан айрылдым..» деп көп жылаған. Кәрімді көре қалса, айналып толғанып қалатын. Соңғы кездері көрінбейді. Есік алдына да шықпайды.Қызық, қайда кетуі мүмкін?! Ол күдігін Айбекке айтқанда:
– Балалары , немесе тума –туысқандары жоқ па?–деді.
– Балалары жас кезінде қайтыс болған.Тума-туыстары жәйлі айтқан емес.Жоқ шығар.Өзі анда-санда есік алдына шығатын. Кейде кіріп-шығуға жәрдемдесіп жіберетінмін. Айбек, ол кісінің пәтерін біреулер қоқан-лоқы жасап, тартып алуы мүмкін бе?
– Үйіне барып, білмедің бе?
– Бардым.
– Кім керек?– деді бейтаныс біреу есіктің арғы жағынан.
– Маржан әжей үйде ме?– деп сұрадым.
– Ол кісі мұнда тұрмайды.Пәтерді біз сатып алдық,– деп жауап қатты.
– Шынында да, күдікті , әжейге әлімжеттік жасап , әлде біреулер пәтерін басып алуы да ғажап емес қой?Кейінгі кезде сондай жалғыз басты қарттарға әлімжетік жасап, үйін тартып алып жатқан алаяқтар туралы ақпараттар көп таралуда..– Айбек әңгімеге енді ден қойды.
Базар аралап, екі-көз аяқ киім толы сөрелерде жүрген Бану:
– Мына бір аяқ киімді өлшеп көрейінші .– Қыз әдемі ақ туфлиді аяғына сұқты да:
–Қараңдаршы ,үйлесе ме, үйлеспей ме ? –деп екеуіне алма- кезек қарады.
– Аяғыңды қыспайтын болсын. Қай жақтікі. Қытайдікі болса, алма, тез жыртылады ,–деп ағасы біраз ақыл айтып тастады.
– О, не дегеніңіз , бұл Қытайдікі емес, Ресейден әкелінген фирмалық тауарлар,– затына ара түскен сатушының быж-тыжы шықты. .
Жандарынан өтіп бара жатқан егде әйел оған жақтырмай қарады да:
–Бәрің де солай дейсіңдер.Сапасы түкке тұрғысыз. Бүгін алсаң , ертең жыртылып қалады ! –деп әлдекімдерге деген өшін одан алды да, жөніне жүре берді.
–Арты ашық бірдеңе алмасам, мынау ауыртады екен ,– Бану туфлиді қайырып берді.
–Алмайтын болсаң , сонша неге әуреге саласын!– деп Айбек ашуланды.
–Қызықсың, бұл базар. Мен таңдағанымды аламын! –Қарындасы келесі қатардағы дүңгіршіктерді аралауға бұрылды.
–Саудагерлер затын өткізу үшін мақтай береді. Асықпай ұнатқанын қарап алсын ,–деп Кәрім оны жақтады.
–Бір сағаттан бері соңынан сылпылдап еріп жүрміз .Оған салса, кешке дейін осылай жүре беруге болады. Папам әйелдермен базарға барудан жаман нәрсе жоқ. Күте-күте жүйкең жұқарады деп бекер айтпаған екен.
–Ал , мамамның ер адамдармен қонаққа барсаң, үйді де , балаларды да тарс есінен шығарып, шығып болмайды дейтіні есіңде ме?
–Базар мен қонақты салыстыруға болмайды.
– Ол неге?
– Базар қалтаңды қағады, қонаққа барсаң, дем алып қайтасың.
Ағайындылардың теке-тіресіне Кәрім араласып :
–Бану өз керегін өзі қарасын. Біз басқа жақты аралап келейік ,–деп тосын ұсыныс тастады.
–Міне , ақылды адамның сөзі. Манадан бері солай ету керек еді.– Бану кімнен үлгі алу керек екендігін үйрен дегендей, Айбекке көзін аларта бір қарады да, оған тиесілі ақшаны санап беріп жатып:
–Текке жұмса ма!– деп нығырлады.
Намыстанып қалған Айбек:
–Сен құсап бір затты айналдырып, бес сағат жүріп алмаймын, пысықсыма ,– деп қайырып тастады.
Бану бұл жолы үндеген жоқ. Өзінің артықтау кеткенін сезді ме, кешір дегендей күлімдеді. Оның тостағандай жанарымен жанары түйісіп қалған Кәрім сүйкімді қылығы мен ерке-тентек мінезінің үйлесімділігіне қызығып, жымиды. Қыз болса сүп-сүйір тілін шығарып, бұларды мазақтады да, қатардағы сөрелердің арасына сіңіп кетті.
Кәрім ол кеткен соң, манағы үзілген әңгімені жалғады.
–Айбек, үлкен кісіні пәтері үшін біреу-міреудің алдап торға түсіруі, тіпті өлтіріп жіберуі мүмкін бе?
– Кәдімгі шытырман оқиғалардағы сияқты ма? О да мүмкін, қазір пәтер қымбат. Анау-мынаудың қолы жетпейді.Филімдерді қарасаң , түрлі қылмысты оқиғалардан жаның түршігеді. Түрлі қылмыс көбейіп барады.
–Қылмыс жасағандар түбінде ұсталады ғой.
– Ұсталуын ұсталады ғой, ұсталғанша талай жазықсыз жан жәбір шегеді. Менің бір тілші ағайым бар. Мұның бәрі шет елге еліктеуден болып жатқан оқиғалар. Біздің жастар иланғыш , жақсы мен жаманды таразыға салып , екшей білмейді,– дейді.
–Орынды айтқан. Мысалға, алысқа барып керегі не, біздің сыныпта біреу шетелдік киім кисе, соған баршамыз қызығамыз. Жараса ма, жараспай ма, оны ойлап,бас қатырып жатпаймыз. Өткен жазда әкеммен бірге Парижде болдым.Ондағылар қарапайым киінеді екен, сонда да, ең тәуір киім солардың иығына іліккендей, мәз-мәйрам боп жүреді. Меніңше, олар ешкімге ұқсамайды да, ұқсағысы да келмейді. Өздерімен -өздері болғанды қалайды.
–Мен де солай ойлаймын. Екеуміздің пікіріміздің бір жерден шыққаны қандай тамаша! Әйтпесе дос болмаған болар едік!– Айбек көңілденгендегі әдетімен, алақанын ысқылап, маңдай шашын кейін серпіп, саусақтарымен тарамдады.
–- Мода — мәңгілік емес. Ал достық-мәңгілік.Сол сезімді суытпау үшін күресуіміз керек !– Ол көптен осылайша ешкіммен ашылып сөйлеспегендей, біртүрлі жеңілденіп қалды.
Осы арада Кәрім жерден жеті қоян тапқандай, айқайлап жіберді:
– Айбек ,қара, жаңағы таксист! Әне бір әйелмен кездесіп тұр. Не айтып тұр екен? Жақындап барып, тың-тыңдар ма еді!
–Біреудің сөзін тыңдау ұят емес пе?!
–Білемін. Бірақ біз ешкімге жеткізбейміз ғой. Менің ішкі түйсігім осы таксист пен көршімнің жоғалуының арасында бір байланыс барын болжайтындай, оған сезіктене бастадым. Осы күдігіме қалайда көз жеткізсем деймін.
Екі дос күнқағар көзілдіріктерін киіп, аналар тұрған сөрелердің қасына таяп , заттарды қарғандай болып ,сөздеріне құлақ түрді.
– Әуелі бастағы уәде-уәде. Пәтерді сатып , ақшасын бөлісеміз. Балаңа айт құжаттарды тездетсін! Пәтер иесімен есептесіп, қалғанын бөлісеміз.
Әйелдің үні пәс.
– Мұндай нәрсеге қалай барып жүрсіңдер?! Менің балам жас, сіз естияр адамсыз. Біреудің обалына қалып, олжаға сонша құныққаныңыз қалай?! Түбінде бір пәлеге ұшырайсындар. Ол кемпір ажалы жетіп, өліп қала қойса жақсы. Ауруханадан шығып кетсе ше? Немесе, тума-туысқандары табылса ше?
– Өшір үніңді! Біреу-міреу есітіп қалмасын. Ол асарын асап , жасарын жасаған кейуана. Үйінде де қарайтын жанашыры жоқ. Сол жақтан қарттар үйіне орналастырсақ, қайта сауабына қаламыз. Көп сөзді қой. Балаңа айт, құжаттарды рәсімдеуді тезірек бітірсін, әуелден қолынан келмейтінін айтқанда, қазір «ақысын берсең , боқысын шығаратын» заман, басқа біреуді табатын едім. Енді созбасын. Ал, Маржан деген сүйегі қураған кемпірдің бұл дүниеде бар-жоғы ешкімнің қаперіне кіріп шықпайды, қорықпа!Балаңа айт қорықпасын!