Baqyt Bek Qadyr

Страна: Казахстан

Baqyt Bek Qadyr (Бақытбек ҚАДЫР) –писатель, журналист. Родился в 1990 году. В 2015 году окончил факультет журналистики и политологии Евразийского национального университета имени Л. Гумилева. Работал корреспондентом в международной газете «Туркестан», пресс-секретарем Национальной агропромышленной палаты Республики Казахстан. Автор сборника рассказов «Зеленые палатки»и составитель антологии «Голос». Победитель литературного конкурса «Алтын тоболгы» 2020 года. В настоящее время является главным редактором общественно-экономической и общественно-политической газеты «Jana Bastau» города Коссы и интернет-ресурса www.janabastau.kz.

Country: Kazakhstan

Отрывок из малой прозы “Жасыл шатырлар

 

Жасыл шатырлар

(Әңгіме)

 

Жаздың алғашқы күндері басталысымен бұл қалада күнара үздік-создық жаңбыр. Бұл нөсер өміріміздің соңына дейін толастамайтындай. Таңертең се­без­гілеп жауған ұсақ тамшылардың өт­кірлігі сонша бүкіл киіміңе сіңіп, де­нең­ді зіл басып алады. Қаланың кей тұр­ғын­да­рының із-түзсіз жоғалып кететіні де осы со­қыр тұманның кесірінен. Әсіресе, мұн­дай адасқақ тұманды күндері мектеп оқушылары жиі жоғалады. Жаныңда жүр­ген адамыңнан бір сәт көз жазып қалсаң болды, қайтып табуың қиын. Әйткенмен, тұман қанша қорқынышты болса да үйреніскен жұрт іштей аңсап тұратын-ды. Ал сосын түстен кейін ебіл-дебіл сар етіп құйып өтетін өткінші нөсерден кейін көшенің ой-шұңқыры әп-сәтте көлкіп шыға келеді. Осынау жаңбырлы маусымда мұрныңды жарған түнгі балдыр иісі көңіліңді бір тылсым күйге бөлейтін-ді.

Сондай нөсерлі күндердің бір түні-тұғын. Бүгін де Бектегін жұмыстан кеш шыққан. Көше бойында белуардан су кешкен автомобильдер. Қолшатыр көтеріп әрі-бері сапырылысқан адамдар ағыны. Ол тар көшелермен сығылыса жүріп, қаланың шетіне қарай ілінгенде, дала қараңғылана түскен. Терезе сүрткішті ең жылдамына қойса да, алдағы жол анық көрінетін ем­ес. Мимырт жүріспен қаланың шыға берісіндегі үлкен айналма жолға әзер жетті. Кенет машинаның алдыңғы терезесіне, дәл төбеден әлдебір нәрсе бар салмағымен тарс етіп құлады. Машина терезесі күлпарша болды да, жаңбыр суы сар етіп ішке құйыл­ды. «Жаңбырмен қосылып соққан дауылда асфальт шетіндегі бағаналар құлап түсті ме?» деп ойлады. Ол бірден жол жиегіне тоқтады да, жалма-жан машина алдына түс­кен затқа қолшырақ түсірді. Селк ете түсті. Шалажансар жатқан кәдімгі адам. Капоттың үстіне етпетінен құлапты. Аққұбаша талдырмаш қыз екен.

Жауында байқамай жол жиегіндегі адам­ды қағып кеттім бе дейін десе, дәл жоғарыдан топ етіп түсті. Ол сөйтіп ойланып болғанша, маңайға тағы да қараң-құраң нәрсе түсе бастады. Көше шырағы бұлыңғыр ғана түсіп тұрған, бажайлап қараса, кәдімгі аспаннан адам жауып тұр. Денесі дір етті. Әрі таңырқап қалған, өне бойы мұздап қоя берді.

Асфальтқа, жол жиегіндегі темірге тү­сіп, миы шашылып тіл тартпай мерт болып жатыр. Кейбір бағы бары жол шетіндегі көкмайсаға топ етіп құлайды, бұлар ең кемі мертігіп түскенімен тірі қалу мүмкіндігі басым. Кейбірі жаңбыр суына толып қалған тоқтау көлшіктерге күрп ете қалады, бұлар – жолы болғандар. Сөйткенше болған жоқ, оқиғаны тамашалаған жүргіншілердің қарасы да көбейді. Жаңбыр да басылды. Адам жауғаны да тоқтады. Жауын басылысымен жедел жәрдем, полицейлер, жур­налистер тағы басқа әртүрлі адамдар қап­тап, айнала жарқ-жұрқ, у-шу болды.

 

* * *

– Құтқарушылар қоғамы. Оператор Бектегін. Сөйлесу жазылады. Айта беріңіз, тыңдап тұрмын.

– Құтқара гөріңіздер! Алло… Алло.. Иә, таңертең анам екеуміз базарға шыққан едік. Адасып кеттік. Анамды жоғалтып алдым.

– Түсінікті. Сабыр сақтаңыз! Біздің құтқарушы топ бірден іздестіреді. Алаңдамаңыз. Жыламаңыз. Сіз анаңыздан адасқан маңайдың жобасын білесіз бе? Қандай жазу болды, маңайда көзге көрнекті не бар еді?

– Нотариус болды.

– Әрі-бері жүрдіңіз бе?

– Әрі-бері жүгіріп, анамды іздедім.

– Жүгіріп жүргенде не көрдіңіз?

– Нотариус көрдім. Жер-көкті нотариус қаптап кеткен бе? Алло…

– Адам адасқан кезде бір жерді айнал­шықтай береді. Басқа, жазу көрмедіңіз бе?

– Түсініксіз көне жазулар көрдім…

Байланыс үзіліп кетті.

Мұндай құтқарушылыр басқа қалаларда жоқ. Өйткені бұл қаланың ауа райы өзеше. Суға ағып кеткен немесе басқа да төтенше жағдай емес, көбінде адасып кеткендерді құтқарумен айналысады және із-түзсіз жоғалғандарды іздейді.

Әдепкі дүйсенбілік жиналыс залы. Операторлар бір уақ құлаққаптарын шешіп, бастықты күтіп жарты сағаттай отырған. Жиналыс басталғанға дейінгі әңгіме әлгі аспаннан жауған жат адамдар жайында болды. Бәрінен бұрын оқиға Владиславты қатты қызықтырған сыңайлы.

– Бұл адамдарды қайдан түсті деп ойлайсыңдар? – деді, жауабын құдды өзі білетін адам тәрізді.

Әбдірасыл айтты:

– Бұл тылсымнан түскен пенделер. Құранда: «біз жын мен адамдарды құл­шы­лық үшін жараттық» деген. Адамнан тысқары да тіршілік иелері бар.

– Иә, ондай наным Христианда да кездеседі. Кеше қалалық епископтың шіркеу құтпасында айтқаны осыған саяды. Әкей айтыпты: – Иса пайғамбар көкте. Ол ақырзаманда жерге түседі. Әрине, оның қасында қауымы бар. Бұл көктен түскен Тәңірдің ескертуі депті.

Берік оқиғаға қызыға түсті ме, бірден сөзге араласты.

– Қазір ғылым Марста тіршілік етуге болатынын зерттеп жатыр. Басқа да жұлдыздарда тіршілік иелері бары жиі айтылып жүр. Бәлкім, бұлар жұлдыздардан түскен адамдар болуы мүмкін. Дәл осындай ауа райының өліара кезінде ауып келген.

Бәрі ойланып қалды. Беріктің уәжі жұртты нандырмаса да, дау тудыра қой­мады. Әйткенмен, нақты дәйегі болмаған соң, әркім өзінше болжам айтып көрді.

– Беріктің сөзінің жаны бар, – деді тағы да Владислав. – Мысалы, Оңтүстік Америкадағы Гондурас елінде кейбір жылдары аспаннан балық жауады. Оның сыры – Кариб теңізінде қатты дауыл соққан кезде толқыннан ұшқан балықтар Гондурастың үстіне түседі. Ал адамдар аспаннан балық жауып жатыр деп ойлаған.

Бастықтың хатшысы:

– Не де болса, бұлар белгісіз мақұлық­тар, – деді. – Сондықтан сақ болған жөн… Басқа бір елдің бізге жіберген тыңшылары ма, кім білсін?

Хатшының оларды жақатпай сөйлегені Владиславқа түк те әсер еткен жоқ. Ол қиялын шарықтата түскен:

– Сонда олар аспаннан қалай түсті, жұрт аңыз қылып айтатын ғарыш тәрел­келе­рімен түсті ме екен?

Ал Бектегінің ойы мүлде басқа болып шықты.

– Өз көзімізбен көріп жүрміз, жыл сайын қаншама адам із-түзсіз жоғалып ке­теді. Ал олар қайда кетіп жатыр? – деп бір кідірді. – Есесіне қалаға белгісіз адамдар түсті төбеден. Осы екеуінің арасында бір байланыс бар сияқты, меніңше… – Бектегін ойын аяқтап болғанша бастық келіп қалды да, әңгіме осы жерден сап тиылды. Бұдан кейін бұл бейтаныс адамдар жайлы жұмыста айтылған да жоқ.

Тек сол күні кешкісін қала тұрғында­ры­на кең тараған бейне-сюжетте:

– Олар ұсақ аралдардың адамдары болуы мүмкін. Жер бетінде аз ғана адам өмір сүретін оңаша аралдар көп. Алапат дауыл ұшырып әкелуі ғажап емес, – депті жұртты дүрліктіруге және таң қалдыруға құмар біреу.

Әйткенмен жұрт арасындағы мұндай алыпқашпа әңгіме, әуесқой болжамдардан кейін олардың қайдан келгені жайлы мүлде айтылмайтын болды. Көктен түскен сол адамдарды іздеу салып, сұрап келген бір де бір жан болған да емес.

 

* * *

Оқиғаны алғаш көрген куәгер ретінде Бектегінді түсініктеме алу үшін лагерьге шақырған.

Қала шетіндегі көкмайсаға қалың жасыл шатыр тігіліпті. Жаңбыр басылып, жұқа ғана тұман көшіп жүрген. Көктен түскендерді осы шатырларға уақытша эвакуациялапты. Сыртынан қарасаң, кәдімгі босқындар лагері тәрізді. Олардан бір өзгешелігі – бұларда туған-туысы жоқ, әрқайсысы өз-өзімен.

Лагерь іші тым-тырыс. Сұрықсыз сықпыт, сұлық сүлдер, бір нүктеге қадалған өлі жанарлар, бейсауат жер шықыған сау­сақ – бәрі де әлі өз-өзіне келе алмай мәңгірген бейбақтарың хәлінен хабар береді.

– Бұлармен қалай тілтабысуға болады? – деді тергеуші Хасен.

– Бейімдеу орталықтарынан психологтар сөйлеспек болған екен, ол әре­кеттерінен түк шықпаған көрінеді. Тілде­рін түсіне алмаған. Ал бұлар да өзара бір-бірімен көп тіс жарып сөйлеспейді.

Іздегенге сұраған, менің ғылыми іздені­сім де көне таңбалар мен ескі тілдерді зерт­теу болатын. Теориялық тәжірибемнің пайдасы тиді. Көктен түскендердің аз-маз сөйлескен сөздерін диктофонға және қимылдарын камераға түсіріп алып, зерт­­теу жүргізіп көрдім. Олардың бір-бірі­мен қарым-қатынас тілі өте шолақ, тек өзара бір-бірін жақсы түсінеді. Біздің тіл табыса алмауымыздың бір сыры біздің қиялымыздағы тіл олардың ұғымында жоқ деп ойлаймын.

Менде мынандай ықтималды үш түрлі болжам бар: бірінші, бұл байырғы ғұн тайпаларының көне тілі; екінші, басқа бір адам тектес мақұлықтың жетілмеген тілі, әруақтар қауымының тілі болуы мүмкін. Үшінші, кейбір сөздері Сирия жеріндегі көне құпия жазуларға ұқсас келетін тәрізді, – деді Бектегін. – Үш түрлі теория үш түрлі болжамды көрсетеді.

– Бұлардың бізден басқа қандай өзге­шелігі байқалады?

– Күннен қорқады. Тек жаңбырлы, бұлт­ты күндері және түнде ғана тысқа шы­ғады.

– Бәлкім, әлдебір елдің, мейлі басқа бір ғаламның бізге жіберген тыңшысы шығар?

– Сен олардан күдіктенесің бе?

– Тергеуші күдіктенбесе, құпия ашыла ма?

– Оларды жек көресің ғой сонда?

– Өзіме жат нәрсені қалай жақсы кө­р­уім мүмкін?

Тергеуші Хасен мен Бектегін және қасында тығыршықтай қара полицей үшеуі әңгімелесе жүріп, лагерьді бір айналып шықты. Лагерьдің бір жақ бөлігі – госпиталь. Жарақат алғандарды дәрігерлер емдеп жатқан. Машинаға құлаған қызды сол жерден тапты.

Ол Бектегінді алғаш көргенде бұрын бір жерден көрген адамдай қарағаны болмаса, кейін жанарын тайдырып әкетті. Қыздың басын ақ дәкемен таңып тастапты. Бектегін жақындап, болмашы бас иіп, сәлемдесудің мәзіретін жасады. Ол да қабыл алған сыңай танытты.

«Көктен түскен періште екенсің», – деді Бектегін іштей, тағы да көзіне көзі түсіп.

– Осы ма? – деді Хасен.

– Иә, осы кісі.

Олар полицейдің шатырына кірген соң, ылғалдан дымданған бетін сүртіп, шылым тұтатты.

Сосын Хасен Бектегіннен оқиғаның қалай болғаны жайлы сұрай бастады. Ол қызға алғашқы медициналық көмек көрсеткенін және қан аққан жерін таңып, салонға жақсылап жатқызғанын – бәрін қаз-қалпында баяндап берді.

– Қанша жылдамдықпен келе жатыр едіңіз?

– Өте баяу. Шамасы, жиырмамен келе жаттым.

– Оқып көріңіз, – деді Хасен өзі жазып алған түсініктемені беріп. Бұл бір шолып өтті.

– Дұрыс.

– Сіз айыппұл төлейсіз. Мұныңыз ереже бұзу болып есептеледі.

– Не деп тұрсыз? – Бектегіннің жүзінен ашуымен қоса таңданыс білінді.

– Сіз адам қаққаныңызды мойындамайсыз ба?

– Мойындаймын, бірақ ол аспаннан түсті ғой.

– Мойындасаңыз, жол жүру заңы бойынша адам қағу – қылмыс.

Мен қайдан білемін, аспаннан не түсетінін. Сіз қалжыңдап тұрған шығарсыз, – деді де қарқылдап күліп жіберді.

– Мында қолыңызды қойыңыз, әйт­песе үстіңізден қосымша қылмыс қоз­ғай­мын. Тығыршықтай қара полицей айыппұл қағазын толтырып дайын тұр екен. Бектегіннің жүзіне шарасыз әрі ызалы күлкі үйірілді. Мырс етті де қол қойып бере салды.

– Заңның аты – заң, – деді Хасен алақанын жайып.

 

* * *

Бектегін жұмыстан шыққан соң, жолай лагерьге үнемі келіп, машинаға құлаған қыздың халін біліп тұратын-ды. Мұның келіп-кетуіне зерттеуші есебінде ешкім кедергі келтірген де жоқ.

Жаздың әсем қамбаз түндерінде аққұ­баша қызға келіп, үнсіз сөйлесіп отыра беру әдетке айналған. Қыз да бұған үйренісіп қалды. Күні бойы шатыр астында іші пысса керек, оны көрсе қуанатын тәрізді. Жай ғана бұлыңғыр аспандағы жұлдыздарға қарап, үнсіз отырады да қояды. Бірақ екеуі үнсіз де бір-бірімен емен-жарқын тіл табыса алатын… Олар бір-бірінің сырын тіл­сіз ұқты. «Айтып тауыса алмас сырды үн­сіз жеткізу тіптен жеңілірек пе?» деп ой­лайды Бектегін.

Қыз жұлдыздарға ұзақ қарағанда оның жүзінен өзінің келген жағын сағынуымен қатар бұл әлемді жатырқау сезімін де көретін.

– Сонау әсем көктен мында не үшін түстің? – дейді Бектегін жаны ашып.

Қыз оның бетіне тағы да үнсіз ғана зер салды…

 

* * *

Тығыршықтай қара полицей лагерьдегі адамдардың аты-жөні болмағандықтан оларды нөмірлеп алған. Күнде сағат кешкі 6-дан аса шатырларды аралап, нөмірлерді түгендейтін. Бүгін жанына ешкімді ертпеді. Оның үнемі жасырын тындыратын құпия әрекеті бардай. Сол есіне түсіп кеткендей ұрланып шықты.

17-шатыр. Шатырда орта денелі, кеу­десі томпақ, әдеміше келген әйел жатқан. Әйелге қолшырақ түсірді. Ол әдеттегідей жастығының жанындағы нөмірді көрсетті. Бірақ жарық әйелдің төсіне қарай түсті. Жарық қос анардың үстінде шыркөбелек айналған. Әйел жүзінде таңданыс білінді. Жарық сырғып гитардың буынтығы тәрізді мықынға қарай жылжыды. Сосын жарық мықынын ысқылай түсті. Әйел үрейлене қарады. Полицей шатырға кіріп, сырғыма есігін жапты. Әйел сілейген күйі міз бақпай отыра берді. Ол қолшырақты жанған күйі сол жақтағы әлдебір заттың үстіне тастай салды да, әйелдің қасына жақындап, жанына қатарласа жайғаса кетті. Енді анық көрінді, денесі жұп-жұмыр, қараторының әдемісі. Шашы да, қасы да қап-қара қою. Жасыл шатырдың ішінде жасыл түн. Еркек сәл отырған соң, әйелдің шашынан сыйпай беріп еді, әйел шалт қимылдап ары қарай шегінді. Жігіттің қолы шашқа тиіп үлгерді. Ол тағы да жақындап қолынан ұстап, бетін сыйпаған. Әйел қарсылық білдірмеген тәрізді. Бәлкім, денесі дір еткен де шығар? Бұдан кейін ол сыртқы формасын шешті де әйелдің ерніне жабысып, қос анарын бас салып уыстай ұстаған. Әйелдің нәзік денесіне батқан тегеурінді қолдан сытылып шығуы қиынға соқты. Еркек аймалай жөнелді… Бұл әрекеттің дұрыс емес екені енді есіне түскендей, әйел бар қайратын бойына жиып, еркекті бар екпінімен кеудесінен серпе итеріп қалды.

Еркек қисайған орнынан тұрып, кеу­де­сінен итергенін өзіне қорлық көрді, әлде әйелді ықтырып алғысы келді ме, ша­палақпен салып қалды. Әйелдің көз алдынан жасыл-ала жай оты ұшқандай жарқ еткен.

Әйел бар даусымен айқай салды. Жал­барынышты үнді тұман жұтты. Еркек оның аузын алақанымен жауып, кеудесіне мінді де апаш-құпаш, ұмар-жұмар болды да кетті. Әйел шыңғырып жіберді. Әптер-тәптері шыққан әйелдің шарасыз дауысы енді тіпті қатты шықты. Ешкім келіп құтқаратын емес. Еркек бұдан кейін тіптен еңсере түскен.

Сөйткенше болған жоқ, сырттан дүр­сіл­деп жүгірген аяқтың дыбысы естілді. Ер­кек әне-міне деп қалса керек, оған да қараған жоқ…

 

*  *  *

Қала көшелерінде сарша тамыздың лебі білінген. Бектегін әдеттегідей «Аю» сыраханасында жалғыз отырған. Қатарлас үстелде үш-төртеудің арасында саясат жайлы сөз болып жатты. Бірақ әңгімелерінің өзегі әртүрлі жаққа ауытқып кете беретінін де мұның құлағы шалды. Сөз арасында олар көктен түскендерге қарата «көктен түскен періштелер», «аяғы аспаннан салақтап түскендер», «барар жері жоқ ауадағылар», «отансыздар», «жын-перілер» деген сияқты неше түрлі ат қойып, айдар тағып күлгені де естілді. Көктен түскендерді жатсыну сыңайындағы және олар туралы әртүрлі аңыз байырғы қала тұрғындары арасында айтыла беретін әдепкі жағдайға айналған.

«Оларды еңбекке баулу керек», «өздері ісмер екен деседі», «солар көктен түскелі тұман айыққанды, жауын басылғанды қойды. Бүйте берсе, қаланы балдыр басып қалатын шығар. Елге бақытсыздық әкелді» деген әңгімелер өрбіді.

«Олар ертең байырғы тұрғындардың жауына айналады. Ертерек көзін құрту керек депті қала мэрі» – деді біреуі. Бұл сөз Бектегінге әсірелеп жіберген даурықпа сөз секілді естілді. Осы әңгімелердің ешқайсына ашуланған да жоқ. Жай ғана тыңдап, сырасын сораптап отыра берген.

– Көктен түскендер өзі арасынан бір-бірімен итше ылығып кетіпті, тіптен біздің адамдармен де әуейі болған көрінеді.

– Сен оны айтасың, кеше лагерьде біреу көктен түскен бір ұрғашы періштені зорлап жатқан жерінен ұсталып қалыпты деседі.

Сық-сық күлкі естілді.

Тығыршықтай қара полицей мен өзінің аққұбаша қызы елестеді бірден. Орнынан атып тұрды. Олар бұған бұрылып қарағандай болды, әлде қараған да жоқ. Бектегін есікке беттегенде джаз әнінің даусы қаттырақ естілді. Есікті тарс еткізіп жапқанда саксофон үні быж етіп есікке қыстырылып қалған.

Лагерьге келсе, тексеру қатаң. Барынша ішімдік ішкенін білдірмей, тексерушілерге жақындамай сөйлесуге тырысты.

– Кімсіз? Құжатыңыз.

– Құтқарушымын.

Ішке енді. Бұл кезде аққұбаша қыз госпитальдан шығып, бірнеше әйелмен бірге бір шатырда тұрып жатқан.

Шатыр есігі жабық. Атын атап шақы­райын десе, аты жоқ. Өзіне бір ат қойып алуым керек еді деп ойлады. Шатырды әрі-бері айналып жүрді де, шатыр есігін ақы­рын тықылдатып ұрды. Жым-жырт. Та­ғатсыздана бастады. Тағы да тықылдата бер­генде іштен түрі америкалық үндістерге келетін бір әйел көрінді. Әйел мұның жүзі­не мүлде жатырқай қарады. Бұл шатыр ішіне қарай үңіліп:

– Аққұбаша қыз бар ма? – деп сұрады. Байқаса, шатырда ол көрінбейді.

Әйел батыс жақты нұсқады. Мұның жүрегі алқынып, дүрсілі өзіне естілді. Сөйтсе ол әткеншекте отырыпты. Аққұ­баша қыздың басқаларынан бір өзгешелігі айкезбе адам сияқты түн болса көкке қарап жалғыз отыра беретін. Ол мұны көріп, болар-болмас жымиды. Бектегін жүрегін басып «үһ» деген.

Аққұбаша қыздың қолын алып, дүрс-дүрс еткен жүрек тұсына қойды. Ол дүр­сілді сезді де, мұның иығына басын сүйеді.

«Періштем». «Жаным»…

Тағы да сол күні кешкісін қала тұрғын­да­рына кең тараған бейне сюжетте:

– Олар біздің қалаға бөтен пиғылмен келген албастылар. Басқа планета­да отырған қожайындары бар, бұл көктен түскендер соның құлдары. Опасыз тың­шы­лар. Құдайдың қарғысына ұшыра­ған мақұлықтар. Тіптен, олардың тілі не мәде­ниеті жоқ, біздің қалада тұруға лайық па, ерте ойланайық, – депті тағы да сол жұртты дүрліктіруге және таң қалдыруға құмар әлгі біреу.

 

***

Тамыздың соңғы түндері. Лагерьге жаңа­дан келген полицей шатырларды аралап, адамдарды түгендеп жүрген. Оның да түр-әлпеті, пошымы алдыңғы полицейден көп айырмасы жоқ, бұл да тығыршықтай қара еді.

Шатырлар тұманнан әрең көрінеді. Полицей тексеріп болған шатырларға әл­дебір залалсыздандыратын дәрі тәрізді сұйықтықты шашып шыққан. Шатырларды қоршаған дуалдың сыртынан салют атылғандай ағашқа оралған от шатырларға қарай шашырауы мұң екен, лап етіп шатырлар жана бастады.

«Өрт, өрт» деген дауыс естілді. Жасыл шатырлар қаулай жанды. Лапылдап жанған шатырлардың қара түтіні көкке өрлеп, иісі қолқаны қапты. Қақалып-шашалған, өрт тиген денесіндегі жалыны лапылдап тоқтай алмай жүгірген адамдар. Әсіресе, кішкентай балалар шыж-шыж етеді. Дуалдың сыртына жарқылдаған жалынан көздері отша жылтыраған қаскүнемдер лагерьдегілердің әбігер әлектеріне қарап, мәз. Тіптен, кейбірі дуалға кіріп кетіп, шала жанған бір әйелдің шашына от қой­ған. Сосын бір кішкентай баланы ұстап алып, екі қолын қаусыра қысып, басын жалынға төсеген. Бала бар даусымен шыр-шыр етті. Қаскүнемдердің айызы қанып, рахаттанып тұрып күлді-ау.

Қиқулаған дауысы жер жарып, жарық­тары жылтырап келе жатқандарды көрді де олар дереу тайып тұрған.

Бұл кезде Бектегін түнгі кезекте-тұғын. Дабыл қағылды. Өрт сөндірушілер және құт­қарушылар, жедел жәрдем бәріне бірдей пәрмен түсіпті.

«Лагерьде өрт шықты. Шатырлар түгел отқа оранды. Күйік шалған адамдар көп».

Бектегін лагерьге жедел жетті.

«Әлдебір басбұзарлар шатырларға бензин шашып, от қойыпты».

Бірден аққұбаша қызды іздеді. Еттері ырсиып-ырсиып кеткен адамдардың арасынан қарады, мәйіттердің бетін ашып көрді, онда да жоқ.

Сөйтсе, ол өрт шыққан кезде әткен­шек­те отырыпты да, өрттен аман қалыпты. Шатырлар жанып жатқанда вахтадағы күзетшілерді оятқан да аққұбаша қыз болып шықты.

Бет-ауызы, үсті-басы қап-қара қо­жалақ, «өң-түсі өрт өшіргендей». Бектегін жанына келіп еді, назарын бұрмады. Қолын ұстамақ болып еді, кейін тартты.

«Сен секілді жер тұрғындарының кезекті әрекеті» дегендей оның нәркез жанары.

 

* * *

Тергеуші Хасен бүгін картадан қолы жүрмеді ме, өз үстелін тастап, бұрышқа енді келіп жайғаса салып екі саптаяқ сыра сіміріп үлгерген Бектегіннің үстеліне көшкен.

– Бұл нағыз инквизиция, – деді Хасен жайғасып жатып.

– Меніңше, қарапайым жайт.

– Қалай? – Ашуланып: – Ол мейлі қандай адамдар болса да, бәрібір де адам, ал адам – қашанда құнды.

– Қылмыстылар үйелімен ұсталыпты. Барлық мән-жайды бізден сіз жақсы білесіз. Сол бір көктен түскен бейбақтарды не себепті өртеп жергенін айтып бере ала ма, олар? Жоқ айтып бере алмайды. Бар болғаны қылмысын мойындайды. Осымен іс бітті.

– Сен сонда себебін білгің келе ме?

– Мен тағы да айтамын, себебі өте қарапайым, жай ғана жатырқаудан туында­ған жауыздық.

– Ал мен мұны инквизиция деп есеп­теймін. Әлгі қаскүнемдер өз түсінігінен тысқары бұл мақұлықтарды періште дей ме, пері дей ме, жын дей ме, әруақ дей ме, әйтеуір өз наным-түсінігіне мүлде жат бол­ғандықтан «одан тез құтылудың жолы – жойып жіберу» деп түйген ойдан әрекетке айналған бұлғақ бұл.

Әңгімелері бұл тақырыпта жараспайтынын ұққан соң, Бектегін тағы да қотара бір көтерді. Сосын шылым шегуге шықты екеуі.

 

* * *

Өрттен кейін қала мэрі аман қалған аз ғана көктен түскендерді қаланың шетінен оқшау үйге орналастырды. Олар да елеусіз ғана күн кешіп жатқан. Бір күні аққұбаша қыз әдеті бойынша ауладағы әткеншекте отырған. Сосын орнынан тұрды да ауладан шығып, тұманды көшеге қарай жүрген, алға ұмтылған сайын тұманға жұтыла бер­ді… Әткеншек баяу ғана ауада бос тербетіліп тұра берді…

Бектегін аққұбаша қызды қаланың ұңғыл-шұңғылын қалдырмай үш ай үздіксіз қарап, таппады. Бұл кезде қаланың тең жартысын су жайлғандықтан қызды катамаранмен іздеуге мәжбүр болды. Қала тұрғындары да кешкісін көшеде қайықпен жүретін-ді.

«Аю» сыраханасы жабылатын уақытта Бектегін біраз масайып та қалса керек, көзіне мөлт етіп қаймыжық жас іркілген. Ол жұтынып-жұтынып жіберіп еді, көзінің дымдануы басылып қалды.

Көзден кетті, көңілден де өшті, күдері де үзілді. Бектегін аққұбаша қызды жоғалтып алғаннан кейін, оқшау үйге барған да жоқ. Аз ғана көктен түскендердің нендей тағдыр кешіп жатқанынан қазір мүлдем бейхабар.

 

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (3 оценок, среднее: 5,00 из 5)

Загрузка…