Об авторе:
Меня зовут Кенжегуль Адилова. Я в основном читаю поэзию. Увлекаюсь написанием сказок. Мне 34 года, не замужем.
About the author:
My name is Kenzhegul Adilova. I mostly read poetry. I am interested in writing fairy tales. I am 34 years old and single.
Отрывок из сказки “ Ағила ханшайым ”
АҒИЛА ХАНШАЙЫМ
Ертеде бір хандық болыпты. Сол елдегі ханның ханымы алты ұлдан кейін жалғыз қыз туыпты. Атын Ағила қойыпты. Бұл есім «ақылды», «парасатты» деген мағынаны білдіреді екен. Хандықта Гүлшат деген көріпкел әйел де өмір сүріпті. Елге жау келе жатса, ол ханға алдын ала айтып отырады екен.
Ханымның қыз туғанын естігенде, көріпкел әй- елдің қызғанышы қозады. Өйткені, ол жаңа туған ханшаның өсіп, кейін осы мемлекетті басқаратынын білетін.
Хан сарайына емін-еркін кіріп-шыға беретін ол, көп ұзамай ханның әйелі ұйықтап жатқанда, ханшаны ұрлап, өз қызына қосып, бірге бағады. Хан мен ханым қыздарын ұзақ іздейді. Бірақ, таба алмайды.
Ханшаның жалғыз белгісі, оң жақ тізесінің астында осы мемлекеттің картасы секілді қалы бар екен. Жер-жерге хабар жібереді.
«Кімде-кім ханшаны тауып берсе, өзі көтеріп кете алатын алтын беремін» деген жарлық шығарады.
Бірақ, ханшаны ешкім таба алмайды. Хан ақыры алдына көріпкелін шақырады.
– Хан ием! Ханша ізім-ғайым жоқ. Ешбір дерек қалмаған. Сондықтан, оны осы бастан ұмытыңыз, – дейді әйел.
Оның сөзіне сенген хан қызын ұмытуға бекиді. Ал, ханым үмітін үзбейді. Күндер жылжып өте береді.
Көріпкел Ағиланың атын, Айша деп өзгертеді.
Өйткені, өз қызының есімі Ғайша еді.
Гүлшаттың үйіне адамдар көп келетін. Келгендер Айша мен Ғайшаны егіз деп ойлайды. Себебі, көріпкел екеуін бірдей етіп киіндіретін.
Болашақтарын білгісі келген әр адам көріпкелге 2 ділдә тастап кететін. Қызы Ғайша сол ақшаға
сырға, жүзік алып, өзін ханша сезініп, өмір сүретін.
Ал, Айша қарапайым күн кешетін. Кейін аналары екеуін, «хат танысын» деп, молдаға береді.
Үйренуге ынталы, зерек Айша тез-ақ хат танып алады.
Ағила тоғыз жасқа келгенде, бір күні түсіне ақ сақалды шал кіреді. Аппақ киім киген, жүзі жылы кісі:
– Ағила, қызым, бері кел! – дейді өзіне шақырып.
– Ата, менің есімім Ағила емес, Айша, – дейді Ағила ақсақалдың алдына барып.
– Жоқ, қызым! Сенің азан шақырып қойған атың – Ағила, – дейді ақсақал өмірі естімеген әңгіме ай- тып.
. – Сен осы елдің ханының қызысың, қызым. Сені, кейін ел басқаратын әмірші болатыныңды білген қазіргі шешең, ұрлап алған. Сен өте білімді қызсың.
Біліммен қоса, сен енді батыр болуың керек. Сондықтан, есейіп өскеніңе дейін мен сенің түсіңе кіріп, дүние жүзіндегі тілдерді және жаумен қалай соғысуды үйретемін.
Ағила аң-таң болып, бұл сөзге сенер-сенбесін білмей, үнсіз қалады. Бір қызығы, содан бастап ақсақал күнде түсіне кіретін болады. Көп тіл үйретеді және соғыс өнеріне жаттықтырады.
Ағила он алтыға толады. Бұл кезде хан қартайып, «алты ұлымның қайсысы хандығымды жақсы
басқарады?» деп, уайымдап жүреді. Ханның ұлдары не
садақ атуды, не қылыш сермеуді білмейтін еді.
Осы күндердің бірінде «елді жау шабады» деген хабар береді көріпкел.
– Өзің бара бермей, ұлдарыңды жібер. Соғыса алуды үйренсін. Әйтпесе, олар кейін қалай ел басқарады? – деген сәлем айтады тағы да.
Хан амалсыз алты ұлын соғысқа аттандырады. Өкінішке орай, алтауы да жау қолынан мерт болады.
Сол күндерде Ағиланың түсіне әлгі ақсақал тағы кіреді. Бұл жолы қанжығасына дулыға, садақ, қылыш байланған ат жетектеп әкеледі.
–Жортқанда жолың болсын! Еліңе аман орал! – дейді артынан бата беріп.
Ағила оқыс оянып, орнынан атып тұрады. Сырт- қа шықса, мама ағашта кісінеп бір арғымақ байлаулы тұр екен. Оны мініп, соғысқа аттанады. Көріпкел мен Ғайша оның қайда кеткенін білмей қалады.
Ағила ақсақал үйреткен әдісті қолданып, жаудың ішіне кіреді. Тілдерін білгендіктен, соғыс тәсілдерін
өзі үйреніп, адам шығынын шығармай жеңіске жетеді. Елге аман оралады.
Өз елінен «мұндай батыр шығады» деп ойламаған хан, Ағиланы ордасына шақырады.
– Кімнің қызысың? – деп сұрайды көрген бойда.
– Cіздің қызыңызбын,– дейді Ағила.
Хан бұл сөзге сенер-сенбесін білмей, сасып қала ды.
– Бұл сөзіңді немен дәлелдейсің? – дейді артынан
қайта қатуланып.
– Сөзімді оң жақ тіземнің астындағы қал дәлелдейді,– дейді Ағила ханға қасқая қарап тұрып. Іле сала балағын
3
түріп, тізесінің астындағы қалын көрсетеді.
Осыған дейін үнсіз отырған ханым орнынан атып
тұрып, Ағилаға қарай жүгіреді.
– О, құлыным! – дейді жетіп барып, бауырына ба- сып.
– Жүрегім сенің тірі екеніңді сезіп еді. Аналық сезімім алдамаған екен!
Сөйтіп, Ағила ақыры ата-анасын табады. Мән-жайды білген халық, оған қастық жасаған көріпкелді қызымен қоса елден қуады. Бірақ, Ағила кейін ел
басқаруға отырғанда өгей шешесін қаңғырып жүрген жерінен тауып әкеліп, қарауына алады. Наразы болған халқына: «Оның елдің амандығына сіңірген еңбегі көп. Кезінде жау шабатынын күні бұрын хабарлап, бізді талай қауіптен аман алып қалды. Бір рет қателескен екен деп, бәрін ұмытсақ, әділеттілік болмайды. Әрі ол мені бағып өсірді ғой. Мен оны қалай далаға тастаймын», деп, араша түседі. Ел де оның уәжіне келіседі, әрі қыздың ақылдығына шүкіршілік етіп, келісім береді.
Әділ билеуші болған Ағила ханша халқын ұзақ жыл басқарыпты дейді.
ҚАРЛЫҒАШ (Ертегі)
Баяғы заманда екі дос болыпты. Олар бала кезден дос болған. Біреуінің аты Жомарт, екіншісі Айбек.
Жомарт кедей отбасында өсіпті, бірақ өте еңбекқор, алайда білімсіз екен. Ата-анасы шағын бау-бақша егіп күн көріпті, ал, Жомарт бос уақытында ата-анасына көмектеседі екен. Үйлерінің шатырына көктем келгенде қарлығаш ұя салып, балапан басатын. Ал, Айбек бай
отбасынан еді, ата-анасы мұғалім болған, бірақ
үйлеріне қарлығаш ұя салмаған екен. Олар қарлығаштың ұя салмағанына мән бермепті, тек байлықты ойлапты. Айбек өте білімді, көбіне байлық пен қулық жайлы кітаптар оқиды екен.
Жомарт пен Айбек бала кезінен мектепке бірге барып, бірге ойнайтын. Бірақ, Айбек үнемі қулық ойлап, өзі сабақ оқып, Жомартты оқытпауға тырысатын. Жомарт ақкөңіл, жайбасар болғандықтан, Айбек оны сабақтан алдап, алып кетіп, ойынға шақыра беретін.
Күндер өте келе, Айбек білімді, бай адамға айналады, ал Жомарт білімсіз болғандықтан, оны жұрт мазақтап жүретін. Елдің байлары кедейлерді шеттетіп, Жомарт пен оның отбасын шөл далаға қуып жібереді. Шөл далада олар балшықтан шағын үй салып, терең құдық қазып, азын-аулақ су тауып, шағын бау-бақша өсіреді. Көктемде бұрынғы үйлеріндегі қарлығаштар осы балшық үйге келіп, ұя салады.
Жомарттың ата-анасы қарлығашты «киелі құс» деп құрметтейді.
Қарлығаш олардың үйіне үш балапан басады. Бір күні Жомарт үйге кіргенде, жыланның екі балапанды жеп, үшіншісінің аяғын сындырып жатқанын көреді. Жомарт
жыланды өлтіріп, жаралы балапанға көмектеседі.
Күзде қарлығаштар жылы жаққа ұшады, ал көктемде қайтып келгенде, қарлығаш Жомартқа үш
қарбыз дәнін әкеліп береді. Жомарт оларды егіп, 5
баптайды. Үш дәннен көп қарбыз өседі, бірақ біреуі
ерекше үлкен болады. Сол қарбызды жарып қарағанда, ішінен білім, еңбек және байлық туралы кітаптар шығады. Жомарт сол кітаптарды оқып, білімді, бай адамға айналады. Кедейлікке қарамастан, ол ата-анасын бағып, бақша егіп, қарлығаштарға арнап ұя жасайды.
Бұл хабарды естіген Айбек қызғанышқа салынып, қарлығаштардың ұя салуы үшін гүлдер мен ағаштар отырғызады. Көктемде қарлығаштар келіп, ұя салып, үш балапан басады. Бірақ Айбек арам оймен шөл даладағы жыланды алып келіп, ұяға жібереді. Жылан екі балапанды жеп, үшінші балапанды жаралайды. Айбек балапанның қанатын тігіп, өзін қамқор адам етіп көрсетеді.
Күзде қарлығаштар жылы жаққа ұшып кетеді. Көктемде қайтып келген қарлығаш Айбекке үш қарбыз дәнін береді. Айбек қуанып, оларды егіп, ерекше үлкен қарбызды жарып қараса, ішінен жылан жұмыртқасынан шыққан жыландар пайда болып, Айбек пен ата-анасын шағып алады.
БАҚЫТ ІЗДЕУ
Баяғы заманда отағасы мен бәйбішесі өмір сүрген. Олардың ер жетіп келе жатқан үш ұлы болыпты. Бұл
отбасы өте кедей тұрыпты. Жейтін асқа, киімге жарымапты. Отағасы мен бәйбішесі үш ұлын асыраймын деп қанша еңбектенсе де, кедейліктен көз 6
ашпапты.
– Балаларым, біз бәйбіше екеуміз сендерді, үшеуіңді
асырауға шамамыз жетпейді. Сендер одан да біз жетпеген бақытты іздеп тауып келіңдер, – дейді отағасы.
Үш ұлы да ата-анасының айтқанындай бақыт іздеп жолға шығады. Көп жүреді. Қарындары да ашады. Дорбаларындағы қатқан нанды шетінен ғана жейді. Бұрындары орман болған жерге келеді.
Сол жерде тек бір ғана тал жайқалып өсіп тұр екен. Соның қасына келіп, демалып отырады. Кенеттен талға тіл бітеді:
– Қайырымды жандар, маған су құйыңдар, – дейді.
Үш ағайынды өте тәрбиелі балалар екен. Өздері ішеміз деп алып шыққан торсықтағы суларын талға құяды.
– Айналайын, балалар, сендер қандай тәрбиелісіңдер, маған су құйдыңдар. Сендерге алғысым шексіз. Балалар, сендер білесіңдер ме? Бұл жерде түрлі жеміс-жидек өскен орман алқабы болған. Адамдар сондай мейірімсіз, осы жердегі түрлі жеміс-жидек талдарын кесіп, отап тастады. Жалғыз тал мен қалдым. Мен бақыттымын – тірі жүргеніме, жолаушы адамдарға сая боламын. Сол жақсылығымды көп адамдар түсінбейді. Денеме түрлі-түрлі қылып пышақпен ойып жазып кетеді. Осы жерде өскен жеміс-жидектердің дәндері қалып қойды. Үйлеріңнің қасына барып отырғызыңдар, суарып, бағып-күтіңдер, – дейді де, жалғыз тал әртүрлі
жеміс-жидек дәндерін үлкен ұл мен ортаншы ұлға береді. Кенже ұлға жетпей қалады. Оған бола кенже ұл ренжімейді.
Екі ағайынды жалғыз талдан алған жеміс-жидек
дәндерін алып, бақыттарын іздеп үшеуі әрі қарай жол
жүреді. Жүріп келе жатса, үш жолақты жолды көреді.
Бірінші жол қысқа жол, екінші жол орта жол, үшінші жол ұзын жол. Бірінші қысқа жолды үлкен ұл таңдайды. Екінші жолды ортаншы ұл таңдайды. Үшінші жолды кіші ұл таңдайды.
Бірінші қысқа жолды үлкен ұл таңдайды. Ол көп жүрмейді. Аз ғана аяндап келе жатса, алдынан әп-әдемі ақбөкенді көреді. Аңшының қақпанына түсіп қалыпты. Көздері сондай мөлдіреп тұр екен. Екі күн осы қақпаннан аяғын ала алмапты. Аяқтары қанаған. Үлкен ұл ақбөкенді аяп кетіп, оны қақпаннан босатып алады.
– Мейірімді бала, саған көп рақмет. Сен болмағанда, қақпаннан шыға алмас едім. Мен осы адамдардың осыншама қатыгез болғанына таң қаламын. Өз бетімізбен ешкімге тимей, тыныш жүрген жануарлармыз. Қайта бізді адамдар көбейтудің орнына азайтып жатыр.
-Екі күн аяғым қақпанда қалғанда, аяғым қақсап ауырғанда, денсаулықтың қадірін біледі екенсің, – дейді де, ақбөкен бір дәрілі шөпті жейді. Ақбөкенің қанап тұрған аяғы тез жазылып кетеді. Өзі жеген шөптен үлкен ұлға да береді. Үлкен ұл дәрі шөпті алып, бақыт не екенін түсінгендей үйіне қайтады.
Ортаншы ұл орта жолмен келе жатып, бір тобыр
жүктері бар саудагерлерді көреді. Олар айдаладағы құдықтың қасына тоқтайды. Солардың бірінде торға түсіп қалған алты үйректің балапаны бар екен. Қараңғы түсіп, саудагерлер ұйықтағанда, ортаншы ұл үйректің балапандарын аяп кетіп, қараңғы түн болғанын күтіп,
алты үйректі тордан босатып жібереді
– Бізді, алты ағайынды үйректі құтқарып қалғаныңа рақмет айтамыз. Біздің ата үйрек пен ана үйректі аңшылар атып алды. Ата-анамыз тірі кезінде алтаумыз бір-бірімізден айырылмай жүретінбіз. Ата үйрек пен ана үйрек бізді бағып-қағу үшін өздері аш болса да бізді тамақтандырып, ұяны жылы ұстауға тырысатын. Ата-анамызды аңшы атып алғанда, қалай өмір сүруді білмей, алтаумыз жан-жаққа кетіп қалдық. Содан саудагердің торына түскенде, бір-біріміздің қадірімізді білдік. Мынау, ата үйрек пен ана үйректен қалған екі сиқырлы қап. Соның саған біреуін береміз. Бидай сұрасаң, бір қап бидай береді, – деп шиқылдайды алты үйректің балапаны. Алты үйрек ортаншы ұлға құтқарғаны үшін бидай қапты береді. Ортаншы ұл бақыт деген не екенін түсінгендей, үйіне қайтады.
Кенже ұл ұзақ жүреді. Алдынан өзен ағып жатады. Өзенге адамдар қоқыстарды тастағандықтан, балықтар сыртқа шығып жатыр екен. Бұны кіші ұл көргенде, өзендегі балықтарды аяп кетіп, өзенді қоқыстардан тазартады. Өзеннің сыртына шығып қалған тірі балықтарды қайтадан өзенге жібереді. Балықтар кіші ұлға алғысын айтады:
– Саған шексіз ризамыз, адамзат баласы. Басқа адамдарға қарағанда мейірімдісің. Сенің жақсылығыңа
біз балықтар тек қана тілекші болып, бақытты бол деп күнде ішімізден құдайдан тілеп жүреміз, – дейді балықтар шулайды. Бақыт деген не екенін түсінгендей кіші ұл үйіне қайтады.
Отағасы мен бәйбішесі аштықтан жүдеп, бір жағынан
үш ұлдарынан хабар-ошарсыз кеткеніне ауырып
отырады. Сол кезде үлкен ұл келеді. Қолында кішкене жалғыз талдың берген дәні мен ақбөкенің шөбі бар.
– Балам, бақыт іздеп таптың ба? – дегенде отағасы.
– Әке, бақыт іздеп таптым. Сіздер әке-ана ауырмай-сырқамай жүріңіздер, – деп ақбөкенің дәрі шөбін ата-анасына береді. Ата-анасы ауруынан айығып кетеді.
Ортаншы ұл да үйіне келеді. Отағасы үлкен ұлынан айтқанды ортаншы ұлдан да сұрайды:
– Балам, бақыт іздеп таптың ба? – дейді.
– Әке, бақыт іздеп таптым. Сіздер әке-ана, қарындарыңыз ашпаса екен, – деп алты үйрек берген қап толы бидайды әкесі мен анасына береді. Отағасы мен бәйбіше екі ұлының арқасында қыстан аман-есен шығады. Үйдің қасына жалғыз тал берген жеміс-жидек дәндері мен бидай өсіреді.
Кенже ұл үйіне ештеңе әкелмейді. Отағасы мен бәйбіше ұлдарының ештеңе әкелмесе де аман-есен келгеніне қуанады.
– Балам, бақыт іздеп таптың ба? – дейді, сұрағысы келмесе де.
– Иә, әке, бақыт іздеп таптым. Сіздер әке-ана, екі ағамды аман-есен көрдім. Аяқ-қолымыз сау, еңбек ете аламыз. Адамдық қасиетімізді жоғалтпай, бірлік пен мейірімділігімізді сақтай алсақ, бақыт деген
сол екен. – дейді кенже ұл.
КӨК АТ ПЕН ҚЫЗҒАЛДАҚ
Ертеде бір кемпір мен шал болыпты. Олардың баласы жоқ екен. Бірақ, бір Көк аты, Қызғалдақ деген қызыл сиыры болыпты. Көк ат шалға көмектесіп тұрады екен: шөп әкелуге, өзеннен су жеткізуге дегендей. Оның алыстан еститін қабілеті де болыпты. Ал, Қызғалдақ болса, шөп жеп, су ішкеннен басқа ештеңе білмепті. Өзі өте қомағай екен. Алдында шөп үйіліп тұрмаса, сүт бермепті.
Күндер өтіп жатады. Бір күні шал аяқ астынан ауырып қалады. Ол сүт ішпесе жазылмайды екен. Сондықтан, кемпірі Қызғалдақтан сүт сұрайды. Алдындағы шөбі мен суы азайған Қызғалдақ ашуланып:
– Маған шөп керек, су керек. Әйтпесе, сүт бере алмаймын, – дейді.
Беті қайтқан кемпір ренжіп, Көк атқа келеді. – Көк ат, сен маған көмектес! Атаң ауырып қалды, оған сүт керек. Сүт болмаса жазылмайды. Қызғалдаққа барсам, ол «маған шөп, су әкеліп бер, әйтпесе сүт жоқ» деді.
Енді не істейміз?
– Әже, алаңдамаңыз. Мен сізге Қызғалдақтан сүт әкеліп беремін! – дейді Көк ат.
Ол өріске шығып шөп, өзенге түсіп су әкеліп,
Қызғалдақтың алдына тосады. Қызғалдақ Көк атқа рақмет айтпайды. Өзінше шіреніп, әзер деп сүт береді. Көк ат сүтті алып, ауырып жатқан шалға ішкізеді. Шал
кешікпей жазылып кетеді.
Күндер өтіп жатады. Су ішіп, шөп жеуден басқа ештеңе білмейтін Қызғалдақ бір күні бәрінен зерігіп, тауға шықпақ болады. «Жата-жата жалықтым. Енді орманға барып, тәтті-тәтті шөптер жеп, рақаттанып қайтайын», – деп ойлайды ол. Жолай ертіп алайын деп Көк атқа соғады.
– Барғын келсе, өзің бара бер. Мен атам мен әжеме көмектесемін. Орманды алқапта кешке дейін жүріп алма. Онда қасқыр бар. Тез кел. Әйтпесе, атам мен әжем уайымдайды, – дейді Көк ат.
Қызғалдақ өріске шығады. Қызығып шөптерді жей береді. Сөйтіп, кеш батқанын байқамай қалады. Кетейін десе, жол белгісіз, не істерін білмей, дал болады. Қалай жүрерін ұқпай, қорқып тұрғанда қасына қасқыр келеді. Көкжалды көзі көре сала қаша жөнеледі. Қасқыр тұра қуады. Бір кезде көкжал сөзге келіп:
– Ей, қызыл сиыр, қорықпа. Мен сені жемеймін. Сенімен дос болғым келеді. Мен де өзің секілді адасып жүрмін, маған жол көрсет! – дейді.
Зымырап келе жатқан Қызғалдақ шұңқырға құлайды. Қасқыр қоса құлайды. Екеуі батпаққа белшеден батып, қозғала алмай қалады. «Көк аттың айтқанын тыңдамаған екем,» – деп өкінеді Қызғалдақ. Көз алдына мейірімді кемпір мен шал елестейді. Қыстығып жылағысы келеді. «Осыдан аман шықсам, атам мен әжемді ешқашан ренжітпеймін!» – дейді ішінен. Қызғалдақтың жылағанын естіген қасқыр өзінің жуан дауысымен:
– Әй, қызыл сиыр! Мына жерден шығатын амал ойла! Әйтпесе, батып кетуіміз мүмкін, – дейді үрейлендіріп.
– Ағатай, онда Көк атты шақырайық! Айқайласақ, ол
естиді. Құлағы өте сақ, – дейді Қызғалдақ.
Қасқыр ішінен: «Жақсы болды. Екеуін бірдей жейтін болдым,» – дейді.
Қызғалдақ пен қасқыр бар дауыстарымен айқайлайды.
«Қызғалдақ қайда екен?» – деп уайымдап жүрген Көк ат екеуінің дауысын естиді. «Біреуі – Қызғалдақтың дауысы, екіншісі кімдікі болды екен?» – деп ойлайды ішінен. Одан ары тағат қыла алмай шаба жөнеледі. Келіп, Қызғалдақты батпақтан шығарып алады. Ал, қасқыр сонда қалады. Кетіп бара жатқанда ол аянышты үнмен:
– Өтінем, мені де шығарып алыңдаршы! Енді ешкімге тиіспеймін, – дейді.
Жаны ашыған Көк ат оны батпақтан шығарып алады. Аз-кем демалып, ес жиып алған соң, қасқыр баяғы әдетіне қайта басып, Көк атқа тұра ұмтылады.
Оны байқап қалған Көк ат артқы аяғымен теуіп қалып, терең батпаққа қайта жалп еткізеді. Қулығын асырмақ болған қасқыр сол күйі сорлап, батқан жерінде қала берді.
Бұл оқиға Қызғалдаққа үлкен сабақ болады. Өзінің кемшілігін, әлсіздігін таниды. Содан былай рұқсатсыз
ешқайда шықпайтын болады. Атасы мен әжесіне қырсығып сүт бермей қоятын жаман қылығын тастайды. Көк аттың тілін алып, дегенімен жүреді. Ұзамай шөбін де, сусын да өзі әкеліп жей бастады.
(4 оценок, среднее: 3,75 из 5)
Загрузка…