Торғын Жолдасбекқызы

Страна : Казахстан

Торгын Калелова Жолдасбековна родилась 17 апреля 1985 года
в Алматинской области.
Закончила филологический факультет КазНУ имени Аль –Фараби. Является автором двух книг на казахском языке «Кеш қалма!» (Не упускай шанса!) и « Араша»( Да будет вам!)


Country : Kazakhstan

Torgyn Kalelova Zholdasbekovna was born on April 17, 1985 in the Almaty region.
She graduated from the Faculty of Philology of Al-Farabi Kazakh National University. She is the author of two books in the Kazakh language “Kesh kalma!” (Don’t miss a chance!) And “Arasha!” (Let it be to you!)


Из рассказов “Араша”

Араша

Әпкемді мәңгілік сапарға шығарып салған соң, өз болашағымның бұлыңғырлығы жайлы көп ойлайтын болдым. Сондай күндердің бірінде түс көрдім…

Жолдасым екеуіміз есік қақтық. Қайда, не себепті келгеніміз беймәлім. Есікті жасы 40-45 шамасындағы жылы өңді, жұмсақ үнді бейтаныс әйел адам ашты. Қызығы, ол бізді жақсы танитын болып шықты.

– Қалдарың жақсы ма? Төрлетіңдер! Жарқын, сен қарсы болмасаң, мен Торғынмен оңаша отырып сөйлесейін, ал сен қонақ бөлмесінде отыра тұр, – деді.

Сөйттік. Келіншектің соңынан еріп, түпкі бөлмеге кірген маған мына үй толық шыныдан жасалғандай көрінді. Соның растығына көз жеткізгім келген соң, ақырын басып төр жақтағы қабырғаға жақындай кеп, алақандарымды тақадым. Бұнымды шетте тұрып бақылаған үй иесі тіл қатпады. Осы сәтте үйдің шыныдан жасалып қана қоймай, өте жоғарғы қабатта орналасқанын ұқтым. Іштей:

– Құдайым-ау, мынауың 25-қабат екен ғой? – деп ойладым.

Ал асты су. Ғимарат теңізбен жанасып тұр екен. Қатты қорықтым. Сонда ғана ол менен:

– Торғын, қорқынышыңның себебі не? – деп сұрады әлсін жымиып қана. Дауысында мен үшін еш алаңдау жоқ еді. Онысын ұқпасам да, бірден:

– Мына үй тым осал. Оның үстіне биік болған соң, самал желдің өзіне теңселеді. Ал асты болса су. Мен мұндай сенімсіз үйде тұрғым келмейді, – дедім де, астындағы шексіз судан көз алмай, кері шегіне бердім.

Онда да ол менімен бірге толқымады. Сол баяғы сабырлы, жылы үнмен:

– Торғын, Торғын, маған қарашы. Естимісің, бір сәтке маған қарашы, – деп бірнеше рет қайталады.

Мұны естіп, дәл бір арбап алғандай дәриядан зорға көз тайдырған мен, енді манағы әйелдің жанарына үңілдім. Сөйткеннен біраз көңілім тыныштанғандай болды.

– Бұл үйден қорқады екенсің. Олай болса, сенің арманыңдағы үй қандай? Көзіңді бір сәтке жұм да, сол өзің қалаған үйді елестетші, – деді ол менің көңілімді аулап.

Неге екені, қарсыласқам жоқ. Екі көзді тарс жұмып, біраз қараңғыға үңілген соң, қайта аштым. Таңқалғаным, мен әлі де сол шыны үйде тұр ем. Бірақ, бұл жолы жиырма бесінші емес, бірінші қабат боп шықты. Ақырын басып, манағы қабырғаға қайта жақындай түстім. Бұл жолы әлгінде ғана зәремді алған су да, аспан да сондай тұп-тұнық, жуас көрінді. Әлсін соққан самал жел де жаныма тыныштық сыйлап, үрейім бірден сейілді. Мұны да айтпай сезген әлгі әйел:

– Байқаймын, осы үй көңіліңе көбірек жағатын тәрізді, – деді сол баяғы күлімсіреген қалпы.

– Иә! Осы үй ұнайды маған. Осында тұрғанды қалар ем, – деймін мен де жадырай. Бұған ол:

– Торғын, ал сен білесің бе, өмір дегенің бір бүтін шуақты күн ғана емес. Арасында дауыл тұрып, аспан нөсерлететін кездер болады. Сондай сәттерде мына жатқан момын су буырқанып, толқыны көкке көтеріліп, қабырғаға шап береді. Ондай сәттерде мына үйдің тігісі сөтіліп кететіндей көрінеді, – деді көңіліме су сепкендей.

Жабырқай сыры көп тұнық суға бір, оған бір қарадым. Ол болса мұныма еш мән бермегендей:

– Тағы неден қорқасың? – деп сұрады.

Неге екені бұл сұрақ маған ауырлау тиді. Бірден кеуде тұсым қысылып, бетімді ыстық жас шәйіп кетті.

– Өмірге жармасудан қорқамын, – деймін естілер-естілместей. Сөйтсем де, онымды анық естіген ол:

– Неге олай? – деп қызықтады.

– Өйткені, мен науқаспын. Менің әзіргі артық сүрген әр күнім, жолдасымның жастығынан ұрлаған бір күнге тең. Мен енді оны бақытты ете алатыныма сенімді емеспін, – деймін мен ағыл-тегіл жылап тұрып.

Бұл жолы да ол аяушылық танытпады.

– Торғын, ал сен білесің бе, өмірде жазылмайтын тән ауруы болмайды. Өкініштісі, еш айықпас руx кеселі кездеседі, – деді де, қайтер екен дегендей сынай қарап алды да, артынша:

– Тыныштық пен сенімді не себепті үйден, адамнан, өзіңнен емес, өзгеден іздейсің? Біле білсең, өмірде жүз пайыз сенімді адам да, үй де болмайды. Сенім жүректе ғана, – деді.

Бұл бір күтпеген жаңалық болды. Аңтарылып тұрып қалдым. «Ұқтым. Не айтпағын сол кезде-ақ ұқтым» деп дәл қазір жалған айтпайын. Бірақ ой салды. Келесі сәтте ойымды:

– Торғын, оның үстіне бұл өмірде бақытқа лайықты жан бар болса – ол мына сенсің! Ең болмаса мұны білетін шығарсың?! – деп қайта бөлді. Мүлдем олай емес болатын. Соны жеткізгім келген соң:

– Білмеймін! – деймін жасырмай.

– Білесің! Мұны ылғи білетінсің. Бірақ соңғы кездері сен өзіңнен адастың. Ұмыттың. Алайда енді соны қайта есіңе түсіруіңе тура келеді, – деді бұған ол дәл бір мені өзімнен артық танитын адамша.

Айтпағын ұға алғам жоқ. Бірақ еш нәрсе түсіндіріп жатпаған ол шетте тұрған сөрелердің қасына жетіп, суырмаларды кезек ашып-жауып жатып:

– Ол үшін мен саған ақ қағаз бен бір қалам берейін… Жо-жоқ бір қалам аздық етеді. Мына сияны да қосып ал, – деп дастарқан үстіне бір бума қағаз бен артық сиясы бар қалам қойды.

Әлгі заттарды бірден бас салмаған мен оның жүзіне таңырқап қарай бердім. Онда да мән-жайды түсіндіруге уақыт құртпаған ол:

– Қане, дәл кәзір мынаны қолыңа ал да, мына ақ қағазға «Мен лайықтымын!» деп жазшы, – деді қалам ұсынып жатып.

Бұлай еткеннен еш өзгеріс бола қоймасын іштей сезсем де, қаламды алып, қағазға солай деп жаздым. Алайда жазуымды мен де, ол да ұға алмадық. Сонда маған қайта күле қараған үй иесі:

– Оңай болмасын о баста-ақ сезген ем. Қарсыласасың. Онсыз да болмас. Бірақ енді сенің кідіруіңе болмайды. Жазуың керек. Себебі сенің қазіргі күшің тек қаламның ұшында ғана. Қазір өкпең де, үрейің де, сұрағың да көп, білемін. Сонда да, тоқтама. Жаз. Осы екі сияны бітірген күні сен шешімін табасың. Сұрағыңның жауабын да білесің. Жетуің керек жерге жетіп, кезігуің керек жандармен кезігесің. Әзірге айтарым осы, – деді де, менің келісімімді алмастан, өзге бөлмеде отырған жолдасымды шақырды. Ол ішке кірісімен:

– Ал, сенің қалың қалай? Соңғы кездері өзің мүлдем келмейтін болдың, – деп сұрады.

– Қалым жақсы. Сол жұмыстың қамымен жүгіріп жүрмін, – деп жатыр Жарқын да. Сонда енді оның жанарына үңілген әйел:

– Ал сені не мазалайды? Менен еш нәрсе сұрағың жоқ па? – деп сұрады.

Манадан қолымдағы қаламдардан көз алмай, қалың ойдың құрсауында тұрған мен де осы сәтте құлағымды түре қалдым. Жарқын болса:

– Жоқ, еш сұрағым жоқ. Соңғы кездері басым жиі ауырады. Бас ауырғанды басатын дәрі берсеңіз болғаны, – деп қысқа қайырды.

Келіншек сол жауабына да қанағат еткендей, еш сұрақсыз әлгі суырмаларының бірін ашып, қолына дәрі ұстатты. Содан кейін екеуімізді шығарып салмақ болып есікке қарай беттеді. Алайда дәл есікке жете бергенде маған бұрылып:

– Торғын, енді маған қарай асықпа. Иә, бәлкім, оңай болмас, сұрақтарың да көбейер. Солай боп, қатты қажет етсең, жұмада бір келіп кетерсің. Бірақ мен сенің бойыңда жеңіске жетер күштің барын сеземін. Сол себепті алаңсызбын. Қаңтарда бір-ақ жолығайық, – деп қоштасты.

Көз алдымда есік жабыла бергенде мен шырт ұйқыдан ояндым. Сағат жеті шамасы болатын. Қызымды мектепке қалың ойдың құрсауында жүріп шығарып салдым. Ал оңаша қалған кезде қолыма қалам алып, алдыма қойған ақ қағазға үңіліп біраз отырдым.

Не жазамын? Жаза аламын ба? Жазғаным кімге қажет?.. Расында сұрағым көп болатын. Күдігім де. Әйтсе де өмір сүргім келген соң, қағаз бетіне «Қадірлі оқырман, есімім – Торғын. Жасым 29-да…» деп ойымды түсіре бастадым…

Бұл 2014 жылдың қазаны еді. Ақ қағаз бетіне түскен жазудан өзімді іздеуім осылай басталған болатын.

Қоқыс

Жатақxана іспеттес салынған ғимараттың дәлізімен жүріп келемін. Сөйтем де, екі жағымдағы айқара ашық жатқан бөлмелердің ішіне көз жүгіртемін. Бірінің іші мұнтаздай таза болса, енді бірінің іші лас. Ал енді бірінің жанынан өте берсең, борсыған иісі қолқа жарады. Далаға шығуға асықтым…

Көктем сияқты. Ауа тұп-тұнық. Айналамда кілең өз тірліктерімен айналған жандар. Әркімнің ісі бөлек. Ал мен аспанға қараймын. Қарап тұрып, жанарымды қытықтаған күн көзін көлегейлемек боп, қолымды жоғары көтере беріп ем, аяқ астыма әлде не «сылқ» ете түсті. Төмен қарап, жерде шырынның кішкене қағаз қорабы жатқанын көрдім. Көтердім. Бос екен. «Мен ішкен болуым керек» деп ойладым. Яғни, менің қоқысым. Тастауым керек. Айналама қараймын. Қоқыс жәшігі көзіме түспеді. Маңымдағы адамдардан сұраймын. Жол сілтейтін адам таппадым. Әлі іздеп келемін. Кенет, жолдың жиегіндегі орындықтардың бірінде егделеу әйел отырғанын байқадым. Қасында қара пакет тұр. Іші қоқысқа толы екен. «Қолымдағыны соған қоса салсам қайтеді?» деп ойладым. Айналама қайта қарап алдым да, қоқыс жәшігінің жоғын сылтау етіп, қорапты соған иіліп, сала беріп ем, қолымды жалма-жан қағып жіберген әлгі әйел:

– Есің дұрыс па? Біреудің затында нең бар? – деп зекіді.

Сөйтті де, әлгі дорбаны бауырына басты. Аң-таң боп:

– Кешіріңіз! Ішіндегі қоқысты көрген соң, сөйтпек ем… – деп міңгірлей беріп ем:

– Қайдағы қоқыс?! Бұл қоқыс емес. Өзіме керек! – деді одан бетер ашуланып.

Қайта кешірім сұрап, кері бұрылдым. Дорба ішінен мүжілген сүйек. Борсыған алма, көгерген нан көргенім анық. Қоқыс тастайтын жер қажет еткен соң, жан-жағыма мұқият қарап келемін. Сонда байқағаным маңымнан өтіп жатқандардың денінің қолында қара дорба. Бірінікі кішігірім, бірінікі тіпті үлкен. Бірі бауырына басып ұстаса, бірі төбесіне көтерген, енді бірі ауыр болмаса да, зорығып жерге қойып сүйреп келеді. Ұқпадым.

Біраз жер жүрген соң, алдымнан әдемі киінген, күлімдеген келіншек көрінді. Қолдары бос. Дорбасы көрінбеді. Қорабымды тастайтын жер таппай жүргенімді соған айттым. Жақын маңда қоқыс бөшкелерінің барын айтып, жол сілтеді. Соның көрсеткен бағытымен жүріп, қатар-қатар тізілген үлкен қара бөшкелер тұрған алаңға келдім. Таң қалдырғаны, мұнда қоқыс ұстаған кісі тіпті қалың екен. Бірақ манағы көргендерімнен ерекшелігі бұлар қолдарына ұстаған қоқыстың қоқыс екенін білетін сияқты. Бөшкелерді айналшықтап алған. Бірі алыстау жерден бөшкелерге жасқана қараса, бірі маңына кеп қалған. Енді бірі тастаған қоқысын әлі де қимайтындай бөшкенің ішіне мөлейіп қарайды. Кете алмайды. Соларды шетке итеріп өтуге батпаған мен:

– Кешіріңіздерші, өтіп кетуіме бола ма? – дедім ақырын ғана.

Бәрі бәр кісідей жалт қарады. Сөйтті де, дәл бір «қайтер екен» дегендей, шетке ығысты. Ойымда түк жоқ, бардым да, қолымдағы қорапты бөшкенің біріне тастай салдым. Олар аң-таң. Мұны көрген бір жігіт қолындағысын бөшкеге алыстан лақтыра салып, алды-артына қарамай безе жөнелді. Мен де кеткелі жатыр ем, қасыма жақын келген сары келіншек қолындағы дорбасын қойнына салысымен:

– Сенімдімісің?  Ертең өкініп жүрмейсің бе? Жүрші, мына жерге отырайықшы. Менің жанымда тұра тұршы, – дейді, мені қолтықтап жатып.

Оянысымен қоқыстан (өкпе-реніш, өкініш пен үрей) бас тартып, азат өмір сүруді таңдағаным үшін тағы бір қуандым. Шүкірлік бір Аллаға!

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (274 оценок, среднее: 4,43 из 5)

Загрузка...