Торғын Жолдасбекқызы

Страна : Казахстан

Торгын Калелова Жолдасбековна родилась 17 апреля 1985 года
в Алматинской области.
Закончила филологический факультет КазНУ имени Аль –Фараби. Является автором двух книг на казахском языке «Кеш қалма!» (Не упускай шанса!) и « Араша»( Да будет вам!)


Country : Kazakhstan

Torgyn Kalelova Zholdasbekovna was born on April 17, 1985 in the Almaty region.
She graduated from the Faculty of Philology of Al-Farabi Kazakh National University. She is the author of two books in the Kazakh language “Kesh kalma!” (Don’t miss a chance!) And “Arasha!” (Let it be to you!)


Отрывок из повести “Сөз”

Ұзаққа созылмаған кездесуден үйге оралған Жамал:

– Қалқам, не айтасың? Жігіт көңіліңнен шықты ма? – деп сұрады. Ұзақ ойланбаған қыз:

– Жеңеше, ұнағанда қандай. Осы адаммен үш жыл үй болып, бір жүрсем де арманым жоқ, – деді күлімдей. Бұған жеңге:

– Айналайын, ендеше, жігіттің жауабын күтейік. Сүйгеніңе қосылшы, сүйгеніңе… – деп батасын берді.

Уәде еткендей келесі күні үйіне оралған Ажар «ертең кешке кері қайтамын» деп төркіндетіп шыққан шешесін жолға шығарып салды. Келесі күні түске дейін үй ішінде біресе ананы, біресе мынаны істесе де, еш ойын бөле алмады. Көз алдынан Шайқының бейнесі кетпеді.

Түс ауған шақ болатын. Қора маңында жүрген қыз Жамал жеңгесінің келгенін көріп, жаңалық барын ұқты. Аттан түскен келіншек бірден үйге кіріп:

– Қалқам, Шайқыдан хабар жетті. Әкесі рұқсатын берген көрінеді. Бүгін кештен қалдырмай өзіңді алып кетпекші. Барамысың? – деп сұрады.

– Барамын, жеңге.

– Ендеше, жинал. Сағат сегіз шамасында келеді. Шешең келгенге дейін кетіп үлгерулерің керек.

Осыдан кейінгі сәт сағаттай созылды. Ажардың жинастыратын киімі де жоқ еді. Бар көйлегі оңып, тозығы жеткен. Сол себепті үстіне ең жақсы кендір көйлегін киіп, жігіттің келуін күтті. Келісілген сағатта үй маңына салт атты екі адам келіп тоқтады. Екеуінің бірінің бойынан Шайқыны таныған Жамал Ажарды ертіп, сыртқа шығуға асықты. Кеш қарауытып келе жатқан. Өкіметтің аты болған соң, Ажар өз атын қалдырып, Шайқының атына міңгесті. Дәл жүрер алдында қайын сіңлісін құшақтаған Жамал:

– Айналайын, қайда жүрсең де, аман жүр! – деп жылап шығарып салды.

Жастардың ұзап кеткеніне көзі жеткен соң, жылдам басып қора маңына келіп, қуғыншының жүрісін баяулату үшін байланып тұрған аттың ер-тоқымы мен қамшыны жасырып тастады. Сөйтті де үйге кіріп, Әйімнің келуін күтті…

Әбден қараңғы түскенде Ақмолданың шаңырағына түскен Ажарға өз үйінен кейін мына үй зәулім сарай көрініп, бірден ішке кіруге жүрексінді. Жастардың келгенін естіп, жігіттің жеңгелері бірінен кейін бірі сыртқа шығып, келінге шашу шашып, басына ақ орамал жауып, үйге кіргізді. Маңында шұрылдасқан әйелдерді көрген соң, біраз көңілі тынышталып, ішке кірген қыз бөлменің төрінде отырған Ақмолда ақсақалды көріп, есік аузында сілейіп тұрып қалды. Бұған сақал мұртын жіберген қайын атаның сұсты жүзі себеп болса керек. Осыны түсінгендей, бір жөткірініп алған қария:

– Осы үйге еңбегің сіңіп, құтты келін боларыңа сенейік… – деп қысқа қайырып, батасын берді.

Осымен сары қыз келін атанып, жаңа өмірге аяқ басты…

Ажардың қашып кеткендігі жайлы хабар Әйімге де, конторға да тез жетті. Келесі күні қуғыншы боп келген Жамал жеңгесінің сөзінен шешесінің бұл жаңалықты көтере алмай, көп тулағанын естіді.

Арада бірнеше күн өткен соң, шақыртудан бұрын колхоз басшысына барған Ажар арыз жазып, енді жылқы бақпай, жеңгелерімен бірге егістікке шығуға сұранды. Осылайша бұл мәселе де шешілгендей еді.

Алғаш кездері жаңа түскен келін жаңа үйін де, қасында жүрген күйеуін де жатсынып жүрді. Оның үстіне сұсты қайын атаның мінезі де жұмсақ емес еді. Бір дегенін екі айтпай айналасындағыларды бір көзқараспен-ақ басқаратын. Бұл әмірі тек өз үйінде емес, өзінен кіші төрт іні мен келінге де жүріп тұрды. Мұны бөлек тұрса да, екі күннің бірінде қайын ағаның үйіне келіп, шаруасын істейтін келіндердің ісінен анық көруге болатын. Ақмолданың үйіне келін түсерін естігенде, қуаныштарын жасырмағаны да содан болса керек.

Арада бір аптадай уақыт өткен. Түйдей құрдас, 17 жасар Шайқы мен Ажар ерлі-зайыптыдан гөрі жас балаға көбірек ұқсайтын. Осыны қызық көрген жеңгелер ата жоқта, қырмандағы жұмыстан қолдары қалт етсе, екеуін күрестіріп, мәз болады. Қарсыласынан жеңіліп көрмеген қыз Шайқыны бірде жықса, бірде жыға алмай, мазасы кетеді. Десе де, жеңгелердің арасында еркін жүрген бұл күніне өзі іштей разы еді. Бар ғұмырындағы өзін шексіз бақытты сезінген уағы да осы болса керек…

Таңда ерте оянған Ажар күндегідей егістікке кеткенге дейін үйге су әкелмек болып, құдық басына келген. Ақырын әндете жүріп, шелегін құдық ішіне тастады да, тетігін орай кері көтере бастады. Алаңсыз болатын. Сол себепті әлдебіреудің ту сыртынан келіп қалғанын аңғармады. Тек арт жақтан:

– Ажар! – деген дауыс естіген кезде ғана селк етіп жалт бұрылып, қарсы алдында тұрған Әбдірешті көрді.

Бұл көрісуге дайын емес еді. Таңырқағаны сонша қолындағы жіпті жіберіп алып, шелегі құдық ішіне қайта күмп етті. Он шақты күннің ішінде жігіт жүдеп кеткендей көрінді. Мұңлы көзбен үнсіз қарайды. Неге екені, Ажар оның алдында кінәсі бар адамдай:

– Сен мында қайдан жүрсің? – деп бірінші боп тіл қатты.

Бірақ жігіт жауап бермеді. Тағы біраз үнсіз қарап тұрған соң:

– Ажар, сүйген байыңа жеттің бе? – деп сұрады.

Дауысында аз діріл бар еді. Ұзақ ойланбаған қыз: 

– Иә, жеттім! – деді нық, қобалжуын көрсеткісі келмей. Дәл осылай жауап берерін іштей сезген жігіт күшпен жымиды да, қалтасынан бір жапырақ қағаз шығарып:

– Ажар, маған да шақырту келіпті. Соғысқа аттанып барамын… – деді ақырын ғана. Артынша біресе көкке, біресе жерге қарап, ойын жинақтай алмағандай біраз тұрды да:

– Ажар, сені қаншалықты сүйетінімді білсең ғой… Өмірдегі жалғыз жарығым өзің ең. Сені өзге түгілі, өзімнен қызғанушы ем. Енді өмірімде еш мақсат қалмады-ау. Ең болмаса, артымда жарым болып, сен қалсаң, мен кері оралу үшін бәрін қылар ем… Бірақ ондай жоқ. Сол себепті мен майданға оралу үшін емес, өлім құшу үшін барамын, – деді де, көкейіне тығылған өксікті басқысы келгендей, терең тыныстады.

Әншейінде жігітке ауыз аштырмай тулайтын қыз, бүгін олай ете алмады. Жәй ғана жігітке тесіле қарап, сілейіп тұра берді. Тек біраз ентігін басып алған соң, Әбдіреш қайта:

– Ал, саған Ажарым, тілерім… – дей бергенде, еріксіз бірнеше адым кері шегінді. Жігіт болса:

– Саған тілерім – өмірде байға жарыма! Бұл өмірде кімді артық сүйсең, соған жете алмай, зарығып өт. Сонда бәлкім, менің хәлімді ұғарсың. Мына мені де бір аярсың… – деді де, көзден тамып кеткен жасын көрсеткісі келмей, сырт айналып кете барды. Сол жүргеннен тоқтаған жоқ. Кері бұрылып та қарамады.

Ажар болса дәл кісенделген жандай тұрған орнынан тырп ете алмай қала берді…

1946 жылдың жазы. Соғыс біткеніне бір жылдан астам уақыт өтіп, майданға кеткен жауынгерлердің соңғы легі де оралған. Өкінішке орай бұл сұм соғыс көпті аямады. «Біреудің жары, баласы, жалғызы» деп қарамады. Жалмады. Талай ер оралмай, мәңгілікке сол майданда қалды. Оның ішінде Ажардың баққан әкесі Байқоныс та, Әбдіреш те бар еді…

Бұл күні тоғыз айлық тұңғышы Тілеуді жотасына байлап алған Ажар қырманда еңбек етіп жүрген болатын. Бұл соғыстың кесірінен ер адамының саны күрт кеміп, ауыр жұмыс әлі де әйелдің иығынан түспеген бүтін халыққа тән құбылыс еді. Бірақ соғыстың, жоқтықтың дәмін татқан ел бұған налымайтын. Қиналып, күпір етпейтін. Осы күніне де шүкірлік ететін. Оны қырман басынан да, жайылым далалардан да шығып жататын әндерден байқауға болатын.

Бұл үш жылға жуық уақыт ішінде Ажар өзі сүйіп қосылған Шайқы мен мінезі зіл қайын атаға да үйренісіп қалған болатын. Жеңгелерімен де тату. Солармен бір жүргелі, үй шаруасындағы құрақ құрау, кесте тігу, киім пішу сынды тірлікті меңгеріп, қолы іс біліп қалған еді.

Кешкілік өзге әйелдермен бірлесе ат арбадан түскен Ажар үйіне қарай бет алды. Бұл күннің өзге күннен еш айырмашылығы жоқтай көрінді. Бірақ олай емес боп шықты. Өміріне орасан өзгеріс әкелетін адам өзі келіп, мұны үйде тосыпты. Қақпадан кіре бергенде есік алдында отырған Шайқыны байқады. Жабырқаулы еді. Себебін келесі сәтте-ақ үй ішінен шығып жатқан өз шешесінің ащы дауысын естігенде түсінді. Қасына жақындай келіп, қолындағы баланы алған Шайқы:

– Шешеңнің келгенін естіп, жұмыстан ерте келуіме тура келді. Қазір ішке кірмегеніміз жөн. Өздері бір келісімге келер, – деп, ойымен бөлісті.

Бұл Әйімнің осы үш жылда төртінші рет шағым айтып келуі болатын. Келген сайын Ақмолда қарияға бағып-қағып өсірген аяулы қызын қалың малсыз, тегін алғанын айтып бүлік шығаратын. Бүгін де:

– … бір әулетті асырап отырған қызымыздың пайдасын жалғыз көріп жатырсыз. Бәлкім, сіздің көксегеніңіз де сол болар… – деп ашына сөйлеп жатты.

Мына сөзді сыртта тыңдап тұра беруге шыдамы жетпеген Ажар ішке бет алды. Бірақ келесі сәтте-ақ қайын атаның:

– Өзің не айтып тұрсың? Қызды тегін алсақ та, осы үш жылда бергенім аз болды ма? Әрбірден кейін, осынша құн төлейтіндей мен біреудің қадірлі қызын алып па ем?. Мейірімім түсіп, есігінің алдындағы құлын алғам, – деген сөзін естіді де, төбесінен жай түскендей сілейіп тұрып қалды.

Бір сәтте үш жылдық баянды өмірі көз алдынан өте шықты. Өткені де, келері де бұлыңғыр тартты. Онысын ата да, шеше де байқады. Сол кезде атадай емес, Әйім дәл осылай болғанына қуанғандай күле қарап тұрып:

– Еее, Ажар, түн жамылып қашып кеткеніңде осы сөзді естіріңді біліп пе ең? Қалағаның осы ма еді? – деп одан бетер жүрегін тіле түсті де, үйден шығып кете барды.

Ажар болса, атаға тесіле қарап қала берді. Жанарында тамшы жас жоқ. Өкпе бар. Мұны ұққан қария:

– Несіне сонша таңданасың? Естігенің өтірік емес. Мұны өзің де білесің! – деді де, кетпек болып, кері бұрылды. Осы кезде ішке кірген Шайқы:

– Әке, мұныңыз қалай? Ажарды сүйіп, өзім таңдап алғанымды білесіз емес пе? – деді ренішін жасыра алмай. Ажар болса атасының жотасына қарап тұрып:

– Мен енді бұл үйде қалмаймын! – деп кесіп айтты. Мұны естіген қария одан бетер түнеріп, кері бұрылды да:

– Мейлің! Өзің біл. Ешкімді ұстамаймын, – деп зірк етті. Сонда Шайқы:

– Ажар, жинал! Дәп қазір кетеміз, – деп сыртқа бет алды.

Кеш қарауытып келе жатқан кез еді. Ат арбаны қақпа алдына қойған Шайқы көрпе-жастықтарды арба үстіне тиеп жатқан болатын. Қасына киім кешек буылған түйіншекті көтеріп Ажар да жетті. Осы кезде үйден шыққан қайын ата сақалын сипап тұрып:

– Әй, Ажар, сенің мына дүниеге жармасқаныңды қалай ұғайын? Әлде сенің бұл үйде әкеңнен келген зат бар ма еді? – деді қоңыр дауыспен.

Бұл сөз тиер жеріне дөп тиді. Ажар қолындағы жүкті тұрған жеріне тастай салып, күйіп қалғандай кері шегінді. Мұны байқаған Шайқы:

– Ажар, көтер жүкті. Бері әкел! – деді бұйырғандай.

Ажар олай ете алмай, атасына бір, жүкке бір қарады. Сонда Шайқы арба үстінен қарғып түсіп, жүкті көрпелер арасына апарып салды. Сонда атасы:

– Байқаймын, келін, сен ұмытайын деген екенсің… Ал мен ұмытқам жоқ. Бәрі есімде. 

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (368 оценок, среднее: 4,49 из 5)

Загрузка...