Айзат Ракышева

Страна : Казахстан

Айзат Ракышева-писательница, журналист, автор двух художественных книг. Первая книга называется “Мертвые возвращаются.” Вторая книга называется “Тюльпан надо льдом.” Она финалист 2018-го года OEBF по категорий “Малая проза”. Также писательница является победительницей республиканского конкурса среди молодых писателей.


Country :  Kazakhstan

Aizat Rakysheva is writer, journalist. She is the author of two literary books. The first book is called “The dead are back.” The second book is called “A trip over ice.” Aizat is finalist OEBF-2018. Also she is winner republican competition among young writers.


                                     Отрывок из повести “Адасқандар”

           … Қайта кірпігі айқаспаған соң терезенің алдына жақын келіп тұрды. Биік дуалдан арғыны көру мүмкін болмады. Оқыстан бөлменің есігі қағылды. Әлденеден үрейленіп кеткен қыз есікке тез-ақ жетіп барды. Мұның  жауабын күтпеген ар жақтағы адам есікті шалқасынан ашты. Шашы уда-дуда болып Гуля тұр. 

-Ей, тұрыңдар! Әкелеріңнің үйінде жатырсыңдар ма? 

-Таң алакеуімнен ояттыңыз ғой. Біз жолдан шаршап келдік,-дей берген Жансұлуды қағып өтіп, Әлияға жетіп барды. Оянса да түкке түсінбеген оны жұлқып қалды.

-Дүкендегі қоймаға барасыңдар. Қазір көлік келеді. Шапшаң жиналыңдар!-Абақтының қатал қарауылынан бетер сүстанған Гуляға бұлар үндей алмады. Оның жұмысқа киіңдер деп берген шоқпыттарын құшақтаған күйі көлікке отырды.

  Аз жүрді ме, көп жүрді ме, бұларға ғасыр бойы тырбыңдап бір орында тұрғандай көрінген көлік ақыры тоқтады. Көліктен атып-атып шыққан екі еркек бұларды аялдатпай, ішке кіргізді. Мына қызықты қара! Қадиша жеңгесі «Ақжан Мәскеуде мықты қызметке орналасқан» дегені қайда? Ұзын бойы  бүктетілген Ақжан еден жуып жүр. Әлия топ ортасынан суырылып, жігітке жетіп барды.

-Мына түрің не? Мықты қызметкермін дегенің өтірік пе? Бізді де алдап әкелдің бе?-Ақжан тіл қатпады. Мәңгүрттен бетер мелшиіп тұр.Жандарына бейтаныс бір еркек таяп келді де, зілді әмір берді:

-Бұл жер жиналыс ашатын тұрақтарың емес. Сағат таңғы сегізге дейін дүкен сөрелерін жаңа тауарлармен толтыруымыз керек! Өзара сөйлесуге тыйым саламын!

-«Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,

Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым…»

  Бұл өлеңнің тіл ұшыма келгені несі? –Өз-өзінен тіксінген Жансұлу бақырып-шақырған бастықтың айдауымен қоймадан бір-ақ шықты. Әлияның қайда кеткені белгісіз. Жеміс-жидектерді шірігінен ажыратып, жуып-сүртіп отырып, маңайын барлаумен болды. Мына қапастай көрінген қоймада ешкім ешкіммен шешіле сөйлеспейді. Бәрінің қабақтары салыңқы. Еңселері түсіп кеткен. Бәрі әлдекімнен өлердей қорқатындай. Еңсесін тіктеп, белін жаза беріп байқады, жоғарыда бақылау камерасы құрылып тұр. Демек, дара патшайымның тым қатал болғаны ғой. Тағылардың қолына тап келген еліктің лағындай болып жаутаңдап отырған Жансұлуға ту сыртынан біреу сыбыр етті.

-Жаны сұлу ару!-Әлия ғой бұл қапысын тауып хабарын жеткізген.

-Басыңды көтермей отыра бер! Жоғарыда камера тұр. Ана Ақжан өзі малай екен. Бізді де малай болсын деп әкелген сияқты.

-Маған дүкен сатушысының көмекшісі боласың деді. Айтқан жалақылары көңілге қонымды.

-Жалақысы бар болсын. Ауылға кеткім келіп тұр. Жеңгемнің ұрсып берген қара шайының бал татитынын енді ғана білдім ғой.-Жансұлу жылауға айналғанда желкесіндегі сыбыр да өшті. 

  Келісім-шартпен жұмыс істеймін деп келіп, құлақкесті құл болды. «Қамқор боламын» деген Ақжанның өзі өлместің күнін кешіп жүр. Ертегі әлемінің сұмдығы ашылған сайын жанын қаңтар аязынан бетер сары уайым қарып барады. Ендігі күндері не болмақ? Жемісті жылтыратып сүртіп отырған Жансұлу көз жасына ерік берді. «Алла сүйген құлын сынайды» дейді пенделер. Егер сүйсе, неге сынайды? «Сол сынағына төзе білген пендесіне шапағатын үйіп-төгеді екен. Онда бұның қазіргі сынағының артында  ғажайып нұр күтіп тұр ма? Тезірек сол нұрлы сәт тусашы!» Өз ойынан қуат алып, қимылы шираған қыздың қолына бір жып-жылы қол тиді. Мына суық қоймада жылуды мүлде ұмытып, қалтыраған жүрегін дәтке қуат өз сөзімен жылытып, алдағы ғажап күннен үзбей ұміт, суықтан селкілдеген бойжеткен бұл жылылықты қапысыз сезді. Басын көтергенде көргені-мойылдай қара көздер мен қара қасы түксиген бір жігіт болды. 

-Жемістерді көз жасыңмен жуып отырсың ба?-деді ол ақырын ғана.

-Жо-жоқ,-деген Жансұлу сасқалақтап қолын тартып алды. 

-Есімім-Нұрзат. Қазақпын,-деп сыбыр еткен жігіт бұрылып кетті. Сөйтсе найзағай құдайындай көрінген қара қарауыл жетіп келіпті.

-Әй, қызыл сөзбен қуырдақ қуырған өңшең атаңа нәлеттер! Бейнебақылаудың бір нүктесі аз болды ма сендерге? Жұмыс жасаңдар, жұмыс!-Айналасын оттай шарпыған ол бәрінің апшысын қуырып жіберді. Осындай азан-қазанмен жүріп, әрі қараңғы суық қоймада отырып, тәуліктің қай мезгілі болғанынан бейхабар бұларға бір жақсы хабар жетті: «Түскі ас». Әлияны көрем-ау деп қуанған Жансұлу қоймадан өзгелерден бұрынырақ шықты. Алақандай ғана қара көлеңке бір бөлменің шекесіне «асхана» деп баттитып жазып қойыпты. Бірақ бұл жақтан дәмді астың исі мүлде шықпады.Анасының қолынан соңғы рет дәм татқаны есіне түсіп, іші ұлып қоя берді. Жылы-жұмсағының бәрін қызының аузына тосып, анасы сол күні ағытыла ақылын айтқан. Ол күні бұл балалықпен ана сөздерінің байыбына бара алмаған. Бірақ бүгін «бауырларыңа сенбе. Жалғанда тек өзіңді ғана пана тұт» деген өсиеттей сөзін енді түсініп, бармағын тістеп отыр. Сенбеуі керек еді жеңгесінің сиқырына. Жалғыз қарындасының Мәскеу асатынын білсе де, еш қайран қылмай, әйеліне қарап бүгежектеген ағасының бар екеніне сенбеуі керек еді. 

 Ешкім емен-жарқын ас іше алмады. Сол баяғы айғайшы мұнда да жүр. Өзінің долы қатындарша небір қарғысты жаудыратыны-ай!

-Тас жұтқырлар! Болыңдар, қимылдаңдар! Жұмыс күтіп тұрмайды! Қане, жылдам!

  Әне, Әлия кірді. Бұл қуанып орнынан  тұрып еді, шолақ белсендідей шатынаған   ірің көз мұны иықтан баса қойды.

-Әмпей-жәмпей болып отыратын жерлерің бұл емес! Қане, сен қоймаға тайып тұр!-Дәрменсіз қызды лақша бүріп алып, есікке қарай ысыра салды. 

-Құрбыммен сөйлескенімнен кімге қандай жамандық келеді? Тиіспеңіз оған!-деп Әлия безілдей ұмтылып еді, оны Ақжан жұлқып тоқтатты.Осындай найсапқа «аманат еттім» деген жеңгесінң сөзі ойына оралып, Жансұлу булығып жылап жіберді.

-Неге бізді құлша қорлап ұстайсыңдар? Біз де адам баласымыз. Әсіресе мына жас қыздарға обал ғой,-деп орнынан сөйлей тұрған Нұрзатты қарауыл жағынаи ұрып жіберді.  Нұрзат бұрын да таяқ жесе керек, көзіндегі манағы ұшқындаған от лезде сөнді. Осыдан соң Жансұлуға тағы көз жасымен тауарларды сүртіп, реттеуге тура келді.Шер тамшыларымен жуылған тауарлар жарқырап, дүкен сөрелеріне тұра қалды. Ал Әлия күні бойы сол заттармен әуреленіп, кешке сілесі қатқанын өзі әрең сезді. Кеш қараңғысы үйірілгенін білмес те еді, көк тәңірісіндей болып безере жеткен әмірші әйел келіп, барлық жұмысшыларды сапқа тізді.

-Ішер ас, киер киімдеріңді түгел қамтамасыз етіп отырмын. Жатын орын да тегін. Бұдан былай бәрін айлықтарыңнан ұстап қаламын!-деп аузынан жалын шашты.

-Жансұлу екеуміздің жеке куәліктеріміз сізде. Қашан қайтарасыз?-деп Әлия паң қожайынмен сөз ретін орайластырмақ еді.

-Айттым ғой. Көші-қон полициясына тіркеуге керек. Әрі бұл жерден шығып, Мәскеуді аралау қиялыңда бар ма? Ұмыт ол далбаса қиялыңды!-деп ашықтан-ашық кекетті.

-Бір жылға келісім-шарт жасасамыз дегендей едіңіз. Ол құжат қашан дайын болады?-Жансұлу жат жерлік қандасына алғаш рет сұрақ қойды.

-Ей, сен екеуің құжаттан жаралып па едіңдер? Мен не десем сол болады. Бүгіннен бастап екеуің де мына жұмысшылармен бірге осында түнейсіңдер!-Шегір көздері шатынаған қожайынға ешкім қарсы келе алмады.

     Дүкеннің түнгі ауысымында істейтін бірер жұмысшы қалды да, өзгесі ұйықтауға қоймаға жіберілді. Құрбылардың бірге ұйықтауына әміршіден қарсылық болмады. Осыны да жанына медет тұтқан Жансұлу Әлияға теріс қарап жатты. Ондағысы құйылған көз жасын сезіп қоймасын дегені. Бөлменің іші салқын, әрі сыз. Қап-қараңғы  бөлмеде ештеңе көрінбейді. Тек күні бойғы ауыр жұмыстан қатты шаршап ыңырсып, сандырақтаған жұмысшылардың дауысы ғана құлаққа келеді. Бәрі қазақтың көген көздері. Тек екі өзбек қыз бен бір қырғыз қызы бар. Олар да нәпақа іздеп, жоғары айлықты армандап келгендер. Енді қалай кетудің амалын таппай таусылып жүргендері ол қыздардың сырт пошымынан-ақ аңғарылады. Тіпті ауылға «дөкей қызметкермін» деп аңыз таратқан Ақжан да қоймада бүрісіп жатыр. Бұлардан бір айырмашылығы-оның жүріс-тұрысына тұсау салынбаған.  Ара-тұра жұмыстан бой тасалап, қожайын әйелдің салтанатты сарайына барып, оның үйінің тірліктерін тындырады.

-Әумесер,-деді Әлия ішінен.-Сонда табан жалап жүріп табатыны қанша екен? Әй, қойшы. Ал біздің ақымақтығымызды айтсаңшы. Бірақ кетпеуге лажымыз да қалмады емес пе? Құрман мен Қамысбек өмірімізді астаң-кестең етуге айналғанда қашқандай болып кеттік қой. Сол екеуінің арсыз қылықтары Мәскеу асып кетулеріне себепші болған. Иә, солар айыпты. Енді не істейміз? Құрманның ашынасы болудан қашып тығылған тесігіміздің түрі мынау. Қалай құтыламыз мына тозақтан? Қашан?

  Жанын жегідей жеген ойлары одан бетер мұздатқан соң Әлия Жансұлуға тығыла түсті. Қамыстың үстіне жайылған жұқа матрац арқаларына батты. Жамылар көрпе де жоқ. Тек кір-кір, ескі жамылғыларды аяқтарына жауып, ілдәлда қылды. Жансұлу да мұны  құшақтап алып, қатты қысты. Оқта-текте бітіп қалған мұрнын қорс еткізіп тартып қояды. 

-Жылама,  құрбым! Бұл сынақтан да бірге өтеміз,-деп Әлия естілер-естілмес сыбыр етті. Жансұлу жауап орнына бұрынғыдан да қатты қыса түсті. Жаны қиналғанда анасының аруағымен іштей сөйлесетін қыз бұл жолы да солай жасады. «Апа! Анашым! Қадиша жыланның желкелеуінен қашып, Астана асқанда алдымнан тағы арсыз, пасық адамдар шықты. Жыланға жем болудан қашқан торғайдай басым арыстанның аузына тап болдым. Алланың қаһарына ұшырай беретіндей не жаздым, апатайым! Мұздаған жанымды жылытар бір сөз айтшы! Өмірді түсінгендеймін. Ол өксіп, мұңайып, іс түсіп басына, рахат көрмеу деген сөз ғой. Анашым, құшақташы құлыныңды! Жаурадым, ана!» Ойы сан-саққа бөлініп жатып, түсініксіз түстер әлеміне еніп кеті.

                                                               …

-Қызым, тоңып қаларсың. Көрпеңді қымтап қояйын,-деп анасы жақындай бергенде оянып кеткен Әлия қоймада екенін білгенде атып тұрды. Торға түскен тоты құстай ары-бері жүрді. Екі күн өтпей жатып, тозақтың дәмін татып болды.«Адам үш күннен соң көрге де үйренеді» деген мақал есіне түсіп, кімге екені белгісіз, тісін шықырлатты. Өзін әлдебір көзге көрінбес құбыжық мазақ етіп тұрғандай жан-жағына қарады. Бөлме іші ала көлеңке. Әр жерде бүрісіп жатқан қыз-жігіттер ұйқыда болса да, тамұқ тағдырларын ұмытпайтындай. Ешқайсысы рахаттана пысылдамайды. Күрсініп, аһ ұрып жатқандары.

   «Өкініштің уы мұндай ащы болар ма? Астанада тоңдық деуші едік күллі қоғамға өкпелеп. Ал мұнда тіпті өкпелейтін де, сөз ұғатын да жан жоқ. Күннің көзін көруден қалдық. Бір ай шыдап істеп, содан соң елге қайту керек. Базарда жеміс сатсақ та, нанымызды табармыз. Иә, сөйту керек!» Әлия іштей бір шешімге келіп, содан өзіне қуат алғандай аз-маз серпіліп қалды. Бірақ сол бір ай қашан өтеді? 

  Қарауыл Сыдық бөлмеге тасыр-тұсыр кіріп келді.

-Тұрыңдар! Қойманы реттеп, әркім өз жұмысына кіріссін! Таңғы ас ішетін уақыт жоқ. Түскі шайда бір-ақ ауқаттанарсыңдар. Бол, шапшаң!-Барылдаған дауыс бүгінгі күннің  жағымсыз жаршысындай құлақтарға дыңылдай жетіп, жүректерді бебеу қақтырды.Барлығы шоқпыттарын иықтарына іле сала, мас адамдай тәлтіректеп тарай жөнелді. Жансұлу басы айналып барып, бойын тіктеп үлгерді. Нұрзат қыздың жанына жетіп келіп:

-Жүзің жуған шүберектей болып тұр. Суық тигізген сияқтысың,-деп еді, Сыдықтың зікіріне қалды.

-Әй, Нурик, жаның ашыса қатын қылып ал! Әйтпесе бұлай үздіге берме! Ха-ха-ха! 

-Сыдық аға, қыз ауырып тұр. Көрер көзге көрініп тұр ғой…

-Онда сен шипа шай қайнатып бер! Ха-ха-ха!

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (12 оценок, среднее: 3,08 из 5)

Загрузка...