Шахризат

Страна: Казахстан

Кумарханова Айнур Сериковна родилась 10 Марта 1983 года в селе Семияр,Бескарагайского района ,Семипалатинской области. Поэтесса из Казахстана.Пишет стихи с детсва.Сделал перевод нескольких стихотвворений русских,немецких,французский,персидских поэтов 19-20 веков.В настрящее время начал писать прозу,повести и романы…Студент Семейпалатинского колледжа “Сервиса” 2005-2007 г.г Студент университета мм С.Аманжолова.2009 г призёр мушайры акынов в городе Усть-каменогорск.Победительница Республиканского конкурса поэтов в городе Атырау 2018 г.В 2017 г в книга поэтов “Радуга души”,вышедшую на международном конкурсе в Костанае,вошли несколько стихотвворений автора.В 2005-2011 г.г в Семипалатинской издательстве “Талант”изданы книги-Асыл арман,Мой ласточки,Пирамида.Финалист Международного Открытого международного конкурса 2020г.


 

Country: Kazakhstan

Kumarkhanova Ainur Serikovna was born on March 10,1983 in the village of Semiyarka.Beskaragaysky district,Semipalatinsk region.A poet from Kazakhstan.He has been writing poetry since childhood.He translated several poems bu Russian,German,French,and Persian poets of the 19th and 20 th centuries.At present,he began to write prose,novel,and novella.Student of Semipalatinsk College of Service 2005-2007,student of S.Amanzholov University in Uskamenogorsk.In 2009,medalist mushayra akynov in the sity of Uskamenogorsk.The winner of the republican contest of poets in Atyrau in 2018.In 2017, the Book of poets “Rainbows of the Soul”.published at the international competition in Kostanay.included several poems by the author.In 2005-2011,the Semipalatinsk publishing house “Talent”published the books “Asyl arman”,My Swallows,Pyramid.Finalistof the International Open European Competition 2020.

Отрывок из малой прозы “Перизат в сказочной стране 

 

 

Пері еліндегі Перизат

Бірінші бөлім

 

Ерте, ерте, ерте де ешкі жүні бөртеде бір сайын далада жалғыз қараша лашықта бір шал мен кемпір өмір сүріпті. Өздері тым кедей тұрған екен. Қорада тышқақ лағы болмағандығы аздай, лашығында да көңілдерін көншітер бір балаға зар болыпты.

Күндер өтіп жатады. Шал мен кемпір әбден қартаяды. Бір күні шалы кемпіріне:

– Түнделетіп отырып шиден бір себет тоқыдым, сонымды апарып базарға өткізіп келейін, тым болмағанда бүгінгі нанымызды айырып алайық! – дейді. Жаяулап сол тоқыған себетін арқасына арқалап, қала жақтағы базарға қарай жол тартады.

Бұрындары тез жүріп тез қайтатын шал бұл жолы жүрісі де өнбей, алға басқан аяғы кейін тартып, жолдағы жалғыз терекке келіп сүйенген бойы жүрелеп отыра кетеді.

«Ойбай ау, бұным не тағы, ұйқым тыныш еді ғой, бұныма жол болсын, өз-өзімнен қауқарым қашып не болды?»- деп ойлаған қарт сол отырған орнында мызғып кетеді.

Түс көрді,түсінде қатты жаңбыр жауып тұр екен, аспанда сатыр – күтір найзағай жарқылдап, айналасы алай – түлей болып кетіпті. Бұл күтпеген оқыс құбылыстан шошыған шал тығыларға жер іздейді, екі көзін тарс жұмған бойы, бетін тарамыс саусақтарымен көлейгелеп жерге отыра кетеді.

Кенет дәл тұсынан:

-Ақсақал! – деген бейтаныс дауыс естіледі, көзін ашып алса, жан-жағына жарқырған сәуле шашыратып, алдында айдай сұлу бір ару тұр. Сұлулығы сондай тілмен суреттеп жеткізу былай тұрсын, қарияның көзі қарығып, арудың жүзіне бұрылып қарай алмайды.

Сұлу қасына біраз жақынырақ келеді де, шалдың қасында жатқан себетті алады. Себеттің ішіне үш шоқ раушан гүлін салып, алған жеріне қайта қояды.

-Ақсақал, мына аманатты алыңыз да кері қайтыңыз, енді таршылық көрмейсіздер, Пері еліндегі – Перизатпын! – дегенді айтады да көз алдынан ғайып болады.

Шал түсінен оянып, жан-жағына қарайды. Бір қызығы бұрынғыдай денесі дел – сал болып шаршап тұрған жоқ, керсінше бойына бір керемет күш біткендей,жас жігіттерше орнынан қарғып тұрды. Айналасы да жаңарып кеткендей кеудесінде бір құштарлық оянды.

Есіне себеті түсіп, қасына қарады. Себеттің ішінде аппақ бір бала жатыр. Әлгі сақылдап тұрып күлгенде, есі шыққан шал шалқасынан түсті. Қайта түрегеліп, баланы қолына алды. Баланың риясыз таза күлкісінен шалдың бақыттан басы айналды. Балағын жыртып бөбекті орап қайтадан себетіне салып, үйіне қарай асықты.

– Е, Алла жаңағы түс тегін болмаған екен ғой, тәубе бергеніңе, шүкір,шүкір! – деп күбірлеген бойы адымдай түсті. Киізден тігілген қара лашығы орнында жоқ. Оның орнында үлкен зәулім сарай тұр. Зүбәрзәт сарайдың төбесі күн көзімен шағылысып, мынау жерді ерекше көркем етіп жібергендей. Дала қайысқан төрт түлік мал. Айналасы толған жыпыр-ыпыр қызметшілер:

– Мырза келді, мырза келді! – деп біреуі келіп дедектетіп қарияны бір жаққа қарай ала жөнелді. Моншаға апарып жуындырып, шайындырып дастархан басына алып келді. Дастархан толған түрлі тағам. Бұндай тағамдарды шал бұрын өңі түгіл түсінде көрмеген. Ғажап!.

Төрде сүп-сүйкімді келіншек отыр,

«Бұл кім боды екен?» – деп таң қалды қария ішінен. Әлгі келіншек қасына келіп: – Шал – ау, мені танымадың ба, мен сенің бәйбішең емеспін бе?! – дегенде есі шыққан қария, отырған орындығымен қоса құлады. Кемпірі қолынан жетектеген бойы төргі бөлмеге өткізді. Қабырға бойымен қатар-қатар күміс айналар, қарасаң көзіңді еріксіз арбайтын қымбат жиһаздар…

Төрдегі айнаның алдына әкелді. Шал кемпірі түгіл өзін өзі зорға таныды. Үсті басын сыйпалап әрі айналып, бері айналып, арасында тұрған орнында секіріп те көрді, өз ажарына өзі тамсанып қарай берді. Сып – сымбатты, сымдай тартылған көркем жігіт бола қалыпты. – Кемпір, бұл не ғажап, не сыйқыр? – деп аң – таң болып, сол жерде кемпіріне жолай көрген түсін айтып берді.Кемпір де бұл кеткен соң не болғанын баяндады: – Есік алдына шықсам, бір тұмсығы ұзындау келген аппақ құс келіп төбеге қонды деді ол. Жерден кесек алып лақтырып едім кетпеді, қуып амалдадым, болмады. Ең соңында шаршап отырсам әлгі құсқа тіл бітті.

– Әжей, мені қуып әуре болмаңыз, мен өзім де кетемін, сіздерге аманатым бар, соны табыстаймын. Сол аманатым сіздерді бақытқа бөлейді. Мен кеткеннен соң мына жерде үлкен зәулім сарай пайда болады. Ол сарай бүгіннен бастап тек сіздерге тиесілі. Сарайдың ішін аралап шығуы үшін жай адамзаттың ғұмыры жетпейді. Оның ішінде 386 бөлме бар. Сол бөлмелердің барлығында өздеріне тиесілі кілті болады. Біреуінде ғана болмайды. Ол кілт «аманатымыздың» өзінде. Сол бөлмеге ешкімнің кіруіне болмайды. Егер де ол бөлме ашылса, барлығы түбегейлі өзгереді. Осындай бір жұмбақта сөйлеген ақ құс көзден ғайып болды, кенет құйын соқты, найзағай соқты, жер сілкінді, білмеймін адамның зәресін ұшыратын зілзала орнады. Көргенім көз алдымда жер жарылып, астыңғы жағынан осы сарай жер бетіне шыға берді. Адамдар қаптап кетті, өзім бір сәтте жап-жас болып шыға келдім. Бұдан арғысын өзің де білесің! – деді кемпірі сөзін аяқтап.

Осылайша кемпір мен шал аяқ астынан мол дәулетке ие болады. Өткен кеткен жолаушылар осы сарайды қызықтап соқпай кетпейтін болыпты. Содан бір күні бұл сарайдың атағы ханның құдағына жетеді. Ол да уәзірлерін жібереді. Уәзірлері бұл сарайдың тегін сарай еместігін, тек зүбәрзәттан салнғандығын, ішіндегі жиһаздарының алтын мен күмістен апталғандығын айтып барады. Қызыққан хан бір күні өзі келеді….

– Сарайыңды сат! – деп, шалға қолқа салады.

Шал:

– сарайым сатылса, қызметшілермен бірге сатылады! – дейді.

– Онда бағасын айт! – дейді хан.

Шал: -Сатылмайды, бағасыз! – деп, отырып алады.

Кешке шейін бір келісімге келе алмаған хан қаһарына мініп, сарайына оралысымен бір қол әскерін жібереді. «Қызметшілер мен шал мен кемпірді өлтіріп, сарайды қайткенде менікі етіңдер!» – деп бұйырады.

Патшаның бұйрығын орындау мақсатымен келген әскер, күтпеген тосын жайға душар болады. Бұларға деп бағытталған жебелері, жаудырған сайын дарымай, ұшқан жеріне қайта оралып, қаз-қатар көз алдарында тізбектеліп тұра қалысты. Шал мен кемпір болса үлкен бақтың ішінде балаларын орталарына алып, қызыққа батып жүр. Жауынша жауған оқтар түгілі бұларды көрмейтіндей, елер емес. Келген әскер аң-таң болысады.

Әскер басы: – неде болса бұлардың өздерін ұстап алып, хан йеме апарып берейік, мынау жерде тектен тегін жасалып жатқан дүние жоқ сияқты, мүмкін бұлар сыйқырмен айналысатын қулар шығар, ұстаңдар!- деп бұйрық береді.

Бұл жолы дегендері тағы да іске аспады. Алдыға қарай жүгірген бір қол әскер, өз-өзінен кейін қарай ұшып, допша домалайды. Содан ымырт үйірілгенше ештеңе тындыра алмаған олар, әбден итшілеп патша сарайына оралады.

Әбден қаһарына мінген хан, олардың айтқан уәждерін тыңдамастан әскер басын зынданға тастатқызды.

Екінші рет бас уәзірін келесі әскер тобына қосып тағы бір атандырып көрді. Бірақ бұл жолы да сол жағдай қайталанған соң, хан шал мен кемпірдің сарайына қонақ ретінде тағы да бір бас сұғады. Ханды көріп қуанған олар дастархан жайып, мәре сәре болысты.

Әңгіме арасында хан: – әскерімді бір емес, бір неше рет, сіздерді ұстап әкелуге жібердім, бірақ бір құдіреттің күшімен олар менің бұйрығымды іске асыра алмады, сыры неде? – депсұрайды.

Патшаның мына сөзіне таң қалған кемпір мен шал, ешкімді де жақын маңнан көрмегендерін айтады.

Пейіліне құрт түскен хан арам ойынан тая қоймады. Қасына ертіп келген нөкеріне «көзді ала беріп, шал мен кемпірдің сусынына у қосып қоюын» тапсырады. Сол сусыннан дәм татқан оларға ештеңе болмаған мен нөкері тұрған жерінде сеспей қатады. Хан өзінің істерге амалы жоқтығына әбден көзі жетіп, кемпір мен шалдан кешірім сұрап кері қайтады.

 

Екінші бөлім

 

Күн соңынан күн, ай артынан ай, жыл соңынан жылдар зырғып өтіп, Аманат та ер жетеді. Бір бойында қырқ алыптың күші бар – батыр, ақылды, көркем жігіт болып есейген бала әр-нәрсеге қызығушылығы артып, кез-келген жаңалықты біліп тұруға құштар болады. Және де бір неше өнерді меңгереді, соның ішіндегі ерекшесі жан-жануарлар мен жәндіктердің тілдерін жақсы біледі.

Бір күні бала күндегі ғадетінше сарай ішіндегі барлық бөлмелерді аралап жүріп: – Әке, мен ылғида осы бөлмелерді аралап жүріп, мына бір бөлмеге бір кіре алмаймын, не кілті жоқ, не қылған құпия бөлме бұл? – деп сұрайды шалдан. Шал жауаптан қанша жалтарса да Аманат қоярда қоймай біліп алады.

​​​​​​​Шал нәресте кезінде сәбимен бірге табысталған тұмарды еріксіз беруге мәжбүр болады.

Бірақ: – балам, осы бөлме жайлы білмей ақ қойғаның дұрыс па еді, осы бөлмені ашып кірген күні, өмірде түзелмейтін бір жағдай болады деп еді маған, дүние байлығы маған көк тиын, мен сені жоғалтқым келмейді! – деп етегі жасқа толып жылай бастайды. О, басында әкесінің көңілін қимаған бала, «жарайды» деп келіскенмен, кейін ата-анасы жоқта сол бөлменің есігін ашып жібереді. Бөлме есігі ашылысымен көз алдында үлкееен, кең көсілген бір жазық дала пайда болады. Бұндай көріністі күтпеген бала таң қалады.

Сайраған құс, жүгірген аң, бір тіршілік иесін аңғару қиындау. Өлі тыныштық.

Біраз алға қарай адымдап көріп еді, алдында екі айырық жол пайда болады. Сол жолға түсіп «не де болса көрермін» – деген оймен тартып отырады..

Жолдың ұзақтығы сондай, бұл алға қарай аяқ басқан сайын ұзара береді. Бір мезетте ымырт үйіріліп, түн батады.

«Несіне ғана шыға қалдым, несіне ғана сол бөлменің есігін аша қойдым?» -деген өкініш көңіл түбінен қылаң бере бастағанда, бір қалың орманға тап болады.

Табиғат суретшінің қолымен әсемделіп салынған кәдімгі сурет сияқты көркем-ақ, бірақ жансыз.

Кенет көз алдында тігулі тұрған ақ отау пайда болды. Ол сол отауға қарай беттей берді.. Отаудың іші тып-тыныш.

Төргі жақта бір ақ шымылдық көрінеді . Шымылдық ішінде де ешкім болмады. Бірақ төсек үстінде бір «беймәлім» кітап жатты. Кітап парақтары да аппақ еді. Ол кітапті орнына қойды. Кенет: – Ей, адамзаттың баласы кітаптың бетін парақтаған жан, өз тағдырының бетін парақтағанмен тең, енді шегінерге сен үшін жол жоқ, осы кітапты ал да, оң жағыңда тұрған сандықтан керегіңді қосып алып, таң атқанша жолға шық!. Бұл кітаптің құпиясын ашқан күні керіге жол ашылады, оған дейін еш нәрседен үміттенбе!- деген дауысты естіп шошып кетеді. Бірақ ол дауыстың да иесі көзге шалынбады.

Шынымен де «шешінген судан тайынбас», сандықтан сауыт -сайманын асынып, қойнына кітапті жасырып, есік алдына шықса,күні бұрын бұның келетінін сезгендей-ақ, есіктің аузында ауыздығымен арпалысқан бір сәйгүлік тұр. Жігіттің ішкі ойын аңғарып қалғандай жаңағы таныс дауыс тағы да, жақын маңнан саңқ ете қалды: – Кері қайтудан үміттеніп тұрсың ба, бекер,қайтарға жол жоқ балам! – Сонда мені кім ұстап қалуы мүмкін,сен бе,не елес емессің, не адам емессің, кім болсаң да басымды қатырма! – деді жігіт өзінше ашуланып. – Қолыңнан келсе, оралып көр жарығым! – деді әлгі дауыс масаттана, бірақ, кері қайту деген ойдың өзі бекершілік, кірдің бе мынау есікке, енді тым болмағанда жұмбақтың жауабын тауып көрсеңші!.

– Қайдағы жұмбақ, не құпия ондай болса айт-саңшы, білейік те!

– Пері еліндегі – Перизатты тап! Ол үшін ең бірінші Темірханның шаһарын ізде! – деді әлгі дауыс өктемсей бұйыра сөйлеп. Ашуланғанмен еш пайда жоқ. Өзін-өзі сабырға шақырған жігіт жолға шықты.

 

 

Үшінші бөлім

 

Аз жүрді ме, көп жүрді ме, биік бір тауға тап болады.Таудан өту үшін тау басына қарай өрмелеуге тура келді. Кенет жалтыр тастардан қары талып, сырғып төменге қарай құлады. «Өлген жерім осы екен ғой» деп ойлағаны сол еді, ғайыптан бір алып қара құс, құйғытып келіп, екі бақайшағына қысып алып ұша жөнеледі. Күркіреген бір дауыспен: – Көзіңді жұм! -деп әмір береді. Біресе дауыл соқты, біресе жауын жапты…Бір кезде төменгі жағы жалындай қыздырып бара жатқандай болған соң, шыдай адмай көзін ашып жіберіп төмен қараса, шынымен де өртеніп жатыр. – Мен саған не дедім, көзіңді жұм адамзат, екеумізге де қауіп төнуі мүмкін?! – деді әлгі дауыс күркіреп. Бір жерге алып келді де, тастай салды. Көзін ашса үлкеен бір шаһардың жанында тұр. Шаһарға келіп биік дарбаза есігін тарсылатып қағып еді, есікті бір екі алпамасдай сақалдары бет – аузын әбден жауып кеткен сол жердің сақшылары ашты: – Сен кімсің?

– Мен жоқ іздеген жолаушымын, Темірханның шаһарын іздеп келе жатқан жайым бар! – деді бұл.

Бұл сөзді естіген қос сақшы кенет жүздері бал-бұл жанып, қуанып бұны төбелеріне көтеріп ала жөнеледі. Онымен қоймай:

– Уа, халайық міне біздің көптен күткен тәуібіміз де келді, бұйыртса патшамыз ауыруынан құлан таза жазылады, басымызға бақ туатын күн де жақын! – деп айқай салды. Бұны естіген жұрт, алақайлап, айқайлап, қошеметтеп бұларды топырлап сарай есігіне шейін шығарып салады.

«Жоқ мен ешмі емеспін, сендердің патшаларыңды да кім екенін білмеймін!» деген сөзіне ешкім де құлақ аспады.

Жуындырып – шайындырып, тағамның неше – түрлісін алдына тосып, алтынмен апталып, күміспен күптелген бір жеке бөлмеге алып келді.

Ештеңені түсіне алмаған Аманат «қой, жаным барымда бүгінгі түннен қалмай қашайын, өйтпесем мыналар басымды алып тынар» деп ойлайды. Көп күттірмей ымыр та үйіріліп, қараңғы түсті. Орнынан жылжымақ болып еді, бір дыбысқа бола тұрып қалды.Табалдырыққа қарай жорғалап бара жатқан бір тышқанның:

– қорқақ, қорқақ қайда қашпақшы? сені тірі жібереді деп кім айтты?, оданда ханның шипасын іздеп, емін тапсаңшы, өзің іздеген құпияңа жақындар едің ақымақ! – деген сөзін құлағы шалып қалып, тышқанның соңына түсіп тұра қуады…

Тышқан жаңағы айтқан сөзін былай деп қортындылайды: – Бәрі де оңай батырым, оның еш қиындығы жоқ, ертең хан алдына барысымен, қорадағы қара тауықты сойғызып соның сорпасын іш дейсің, патша азар да – безер қарсы болады. Онда өлесіз! – дейсің..Ол: ол тауықты сойғанымша, не өзім өлемін, не сені өлтіртемін дейді. Бірақ, қорықпа! Өз дегеніңді айтып отырып ал!. Себебін сұра! Ол сол тауықты не үшін сойғызғысы келмейтінін айтпайды. Бірақ сол тауықты сойдыруға қалайда уәзірдері көндіреді.Тауықты патшаның алдында бауыздауын бұйырасың. Патша тағы да көнгісі келмейді. Тауықты алдына әкелген кезде қатты қиналған патша орнынан тұрып кетеді. Барлығы, бір неше жылдан бері төсек тартып жатып қалған патшаның орнынан күтпеген сәтте оқыс тұрғанына қатты таң қалады…Сен оған бола алаңдама! Сол кезде сен патшаның қолындағы гауһар жүзікті беруін өтін! Жүзікті алғаннан кейін, әкелген қара тауықтың бақайына сұғып жібер, бұдан әрі не боларын көре жатарсың! – дейді тышқан. Бұның барлығын күні бұрын біліп алған Аманаттың көңілі тынышталып, ұйқыға кетеді. Ертеңгісін тышқанның айтқандарын бұлжытпай орындайды. Соңғысы сол гауһар жүзікті тауықтың бақайына салғаны сол еді, тауық бір сұлу келіншекке айналып шыға келеді. Сол жерде отырғандардың барлығы таңқалыстан ах ұрады. Аяғынан тік тұрған патша, сол жерде мән жайды былай деп баяндап береді: – Менің әкем Зұлықпар өз дәуірінде билік құрғанда бір басында 40 әйелі болды, бір балаға зар болған адам еді. Бір күні менің анамады алдыртады. Менің анам бір қайыршы балықшының қызы болатын. Сол аруды әкелгеннен кейін әкем, бір құмалақшыға барып құмалақ ашқызады. Құмалақшы:

– әйеліңіз сізге ұл туып береді, бірақ оған төніп тұрған бір қауіптің бар екендігін айтыпты.Тоғыз ай, тоғыз күн өткенде анам босанып мені туған екен. Әкем байғұс бүкіл байлығының жартысын шашып тұрып той жасапты. Әлгі құмалақшының болжамы жайлы ұмытып та кетеді. Сол тойға көпшілікпен бірге бір мыстан кемпір келеді. Ол мыстан мынадай шашылып жатқан дәулетке таң қалады.Одан қалса әкемнің билігінің шексіздігіне де қызығып, бір қулық ойлайды, Анамды сыйқырлап қара тауыққа айналдырып, өзі анамның кейпіне еніп, мені өз қолына алған екен. Солай бір-неше жыл өтіп жатады. Әкемнің билікпен шаруасы болмайды, ол сол мыстанның сыйқырымен ел билігінде қолынан шығарып алады. Адамдар арылмас дертке ұшырайды, кейбір жерлер өз – өзінен құрғап, егін шықпай қаншама адам аштықтан қырылады, жан-жануар басқа жаққа ауа қашады, малдар шөлден қырылады. Бұның себебіне әкем бас қатырмады. Құдайдың қылғаны деп жүре берді. Кейін мен есейдім. Бір күні түнде анамның сарайдан жалғыз шығып бара жатқандығын байқап қалдым. Басында мән бермедім. Осылайша бір-неше рет қайталана берген соң, ойыма күдік ұялап, бір күні соңына түсіп аңдый бастадым. Ол түнделетіп қараңғы орманға қарай бет бұрды.Мен де жүрдім. Кенет, оң жағындағы иығына асып алған дорбадан әлденені алып шықты. Қара тауық. Қара тауықты жерге тастай салды да жынданған адамша ішек-сілесі қата күлді…

Тауық әп – әдемі келіншекке айналды. Ол келіншектен мен анамды таныдым. Ал, анам деп еріп келген адамым сойдиған екі тісі сыртына шығып тұрған бір албасты.

Шошып кеттім. Әлде бір құтыны алды да жартысын анама беріп, жартысын өзі ішті. Анамның қозғалуға шамасы жоқ, тым әлсіз еді. Сол дәріні ішісімен қайтадан қара тауық бейнесіне еніп шыға келді. Анамның бейнесіне айналған мыстан тайраңдап сарайға қарай қайтты. Бірден біле қойдым, қара тауықты бір күнге жоқ қылсам жетіп жатыр екен, мыстан өз қалпына түседі. Сарайға келіп көргенімді әкеме баяндап бердім. Сенбеді. «Онда тым болмағанда қара тауықты сорпа етейік деңізші !» – дедім. Әкем сөзімді жерге тастамады. Кешкі асқа қара тауықты сорпа етуді сұрады.

Бір қызығы Мыстан да келісе кетті. Тауықты ауыстырып қоятынын сезген едім, сондықтан анамды ұрлап жасырдым да орнына басқа тауықты қоя салдым. Мыстан ол тауықты да ауыстырып, орнына әкелген тауықты қазанға асуға бұйрық берді.Түн батты. Мыстан сарайдан шыққан кезде, әкемді ояттым. Екеулеп соңына түстік. Сол күндегі жеріне келіп тауықты жерге тастады. Әлгі суын тауыққа бермек түгілі оқылған дуасынан кейін, оның менің анама айналмағанына таңырқап қалды. Кенет өне-бойын ыза биледі білем, бүкіл даланы басына көтеріп айқай салды. Оның айқайынан ағаштар түбімен қопарылып аспанға ұша бастады. Алай-түлей дауыл тұрды. Мыстанның түрін көрген әкем шыдамады. Беліндегі қылышын алып, басын шауып түсірді. Өкінішке қарай не болғанын ұқпадым, мыстанның күлі көкке ұшқанмен әкем ессіз күйде жерге сұлап түсті. Сарайға оралдық. Барлығы өзідгінен оңала бастады. Әкемнің қолындағы гаухар жүзігін алып хандықты өз қолыма алдым. Анам тауық күйінде қалды, әкем болса әлі күнге ұйқыда – деп өз сөзін аяқтады патша.

Сол кезде есік ашылып, басындағы алтын тәжі жарқырап есіктен «бірінші» патша да кірді. Қуанған Темір әкесімен анасымен көрісіп мәре – сәре болысты. Дүркіретіп той жасады. Бір-неше күн патшаның тойында аяңдап қалған Аманат енді жолға да шығуға бекінді. Кетерінде «бірінші» патша: – Саған алғысым шексіз батырым, өмірімде өзім үшін қымбат деп санайтын асыл бұйымым осы гауһар жүзікті өзіңе сыйға тартпақпын. Бұны кезінде маған пері қызы – Перизат берген болатын. Бұл жүзік қолыңда тұрғанда сен бүкіл әлемнің билеушісі боласын деп еді. Биліктің де, байлықтың да қызығын көрдім. Енді маған ештеңенің де қажеті жоқ, қымбаттыларым қасымда! – деді патша.Сол кезде жігіттің пері қызы – Перизат тың есімін бұрында естігені есіне түсіп: – Тақсыр, мен де жоқ іздеуші едім, сіздің шаһарыңызға меңзегесін осында шығып едім, бірақ сол пері қызы – Перизаттың маған да бір қатысы бар ма деп қалдым, енді қайда барарымды да, қайдан іздерімді де біле алмай дал болып тұрғаным – деді бұл мұңайып. Онда балам сен іздеген жоғыңның бір ұшын Батырханның елінен табарсың, мүмкін сол саған бір жөн сілтер! Сол түстікке сапарға шық, сол жерге барсаң Пері қызы – Перизатты қайдан табуға болатынын мүмкін саған сол айтар! – деді Темір.

Барлығымен қош айтысқан Аманат осылайша жұмбаққа толы сапарын жалғады.

 

Төртінші бөлім

 

Темірханның елінен Батырханның еліне сапарға шыққан Аманат ұзақ жүреді. Қыс соңынан қыс, жаз соңынан жаз шығады.Соңында қалған ата-анасын сағынып,іші қан жылайды.Бірақ істерге амал бар ма?

Бір күндері бір кең көсіліп жатқан шалқар дарияға тап болады. Дарияның ұшы-қиыры жоқтай. «Мынадан өтуім не ғайбіл, енді қайттым?» деп ойланып тұрып қалады. Ары бір бері бір ойланғанмен арғы жағаға қалай өтудің амалын таппаған жігіт, еріксіз жол соқты болып көп жүргеннен әбден шаршаған, неде болса тынығып алайыншы деп шешеді. Ұйықтап жатып біреулердің дәл құлағының тұсынан күбір күбір сөйлегенінен оянып кетеді. Ақырындап байқаса жаға шетіне шығып қалған тасбақалар екен.

Тасбақалар:

-Мына ақымақтың ұйқысын қара, жатысы жарасып қалыпты ғой әбден!.Таң атысы мына дариядан қалай өтпекші? Темірханның жүзігінің сыйқырлы жүзік екенінен де бейхабар, мен бұның орнында болсам жүзікті саусағыма киіп, мына дарияның шетінен бір уыс су алып, «дариям менің уысым, уысым менің – көлшігім, арғы жаққа өткізші, жат мекндік елшімін!» – десе болмай ма? – деп айтады дейді.

Жігіт қуанып кетеді. Орнынан атып тұрып жаңағы тасбақалардың айтқанын айтып еді,көз алдындағы дария бір уыстай ғана болып аспанға көтеріліп бір шөкім бұлтқа айналады. Көп кешікпей қарсы алдынан көзіне сарай мұнаралары шалынады. Дарбаза ашық. Абыр-сабыр халық. Кім келіп, кім кетіп жатқанында шаруалары жоқ.Тойға дайындалып жатқан тәрізді.Бірақ әр-қайсысына қарасаңыз сол тойдың жүздерінде белгісі де жоқтай, қабақтары пәс.

Өтіп бара жатқан бір жүргіншіні ұстап алып: – Бұл не жиын? – деп сұрайды. Әлгі. – Патшамыздың әйелі ұл туды. Сол тойға дайындық. Бірақ, біз үшін бұл той той емес, қорқыныш бауырым! Дүниеге келген ұлының құлағы есектің құлағындай ұзын болып туылыпты мыс. Тәуіп-емшілердің айтуына қарағанда, той біткеннен соң, 40 адамның құлағын кесуді бұйырады, сонда ғана ханзаданың құлағы қалпына келеді екен деп әлгі адам кеңкілдеп жылап қоя береді.

Бұл тегін дүние болмады ғой деген оймен жігіт қаланың ортасындағы қайнап жатқан базарға қарай бет алды. Орталық базарға жақын кеп, шетіндегі бір асханадан тамақтанды. Көзі еріксіз босаға жақта екі мүйізін арқанмен кере байлап қойған бір ешкіге түсті. Қожайыны да осы асхана да қамданып отыр екен,соған қарағанда әлгі ешкіні сатуға қойған сияқты.

Ешкі: – менің қожайыным мені сатпақшы, оннан да өзінің құлағының жағдайын ойласайшы,бірінші кесілетінін қайдан білсін ақымақ?» – деп маңырайды. Жігіт қожайынға жақындап, қалтасындағы ақырғы динарын беріп әлгі ешкіні сатып алды. – Ал ешкі, сенің жаңағы айтқаның не? Қожайынның құлағы кесілетінін қайдан білдің? – деп сұрайды бұл. Оны білуім үшін пәлендей данышпан болып та керек емес, сен не мені нағыз ешкі деп тұрмысың, мен ешкі емеспін, бұл шаһарда көбіміз осындаймыз, бәрлығымыз болмасақ та, ханның бас уәзіріне жақпай қалғандарымыздың көбі осындай тағдырға тап болдық. Біз адамдармыз, атаңа нәлет сыйқырдың күші бұл. Хан бұның барлығынан бейхабар. Патша үшін бас уәзірдің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Патшаға тәуіптерді жіберіп осындай ой салып отырған да сол. Адамдарды қорқытып-үркітіп ұстағысы келгені. Патшаны тақтан тайдырып, осы патшалықты өзі билемек.Бірақ, баланың есек құлағынан айырылатын бір амалы бар, ол Батырханның сарайындағы айна. Қабырғада тұрған айнаның артқы жағында бір құты зәмзәм суы жасырулы. Ол зәмзәм суы пері патшалығынан қалған сыйқырды қайыратын дәрумен.Сол суды ханзадаға ішкізе алсаң болды, сәби лақылдатып құсады.Құсығымен қоса гауһар көзді алқа мен бір кесек қара тас жерге домалап түседі. Уәзірдің көздегені сол алқа.Сол алқаны алуы үшін,әлгі тасты сыйқырлап ханзадаға жұтқызған сол. Сол тас арқылы алқа түседі деп ойлады.Бірақ олай болмады.Зәмзәм суынан ол бейхабар.Сол себепті 40 адамның құлағын қара дуаны пайдаланып кестірсе,міндетті түрде алқа оның қолына түсер еді, бірақ ханзада өмір бойын оның дегенімен жүретін жансыз қара жүректі жауыз орыдаушысына айналар еді. Жігіт барлығын біліп алған соң, ешкіні жөніне жібереді де өзі патша сарайына тартып отырады. Дарбазаны ашқан сақшыларға өзінің Шам шахарынан келе жатқан емші деп таныстырып, ішке енеді. Бұндай жаңалыққа дайын болмаған бас уәзір патшаға бұл емшіні қайдан келсе сонда жберіңіз, бұл алаяқ болуы мүмкін деп кіргізбеудін амалын жасайды.Бірақ, ханның бас ақылшысы жасы 300 дерге келген Сайд ақсақал «ыңдап көрелік!» деген соң, патша жігітті қабылдайды.

Сарайға енісімен жігіт ешкінің айтқанын айна қатесіз орындап шығады. Шындыққа көзі жеткен патша уәзірді зынданға тастатқызып, ұлан асыр той жасайды. Аяғын көтеріп қойып кең көсілердей Аманатқа қалайда жолға шығуы керек болады. Ол жолда Темірханның елінде де болғандығын, ол патшаның осы жақты нұсқағандығын, ендігі мақсаты пері қызы – Перизаттың елін табу екендігін айтып береді. Бұны естіген патша біраз ойланып отырады да: – Мен сені енді түсіндім, онда тыңда мені, саған жолда жолыққан Темір сен іздеген жұмбақтың бір бөлігі ғана! Мен сол жұмбақтың екіншісі боламын.Соңғысы сол Перизаттың өз елі.Бірақ ол жерге сені тірі кіргізсе олжа болар еді. Біз әкеден егіз ұл болдық. Әкем Мүтәліп жердің төрттен үшін билеген әлем әміршісі еді.Менің егізім Хабиб әрі ақылды, әрі көрікті ханзада болатын.Бірде аспан патшалығымен кереқарыс келіспеушілік туып,екі жақ алты айлық ұрысқа шықтық.Бауырым соғысқа аттанды да ел тізгіні менің қолымда қалды. Олар соғыстан оралғанда Хабибтің қасында әкем болмады.Бауырымнан ол кісі қайда деп сұрап едім,үндемеді.Бір күні із-түссіз Хабибтің өзі де жоғалып кетті.Іздестіру салдым.Білмеймін қанша уақыт өткенін, бір уақытта сарайыма бір ақ сақалды қария келді. Ол: – Батыр босқа әуре болмаңыз, жер мен көктің арасындағы бұзылмауға тиіс шекара есігі ашылып кетті.Әкеңіз де, бауырыңыз да жазаланды.Түсінбедім. Асықпай аптықпай қария менің бауырымның аспан перісі патшасының жалғыз қызы -Перизатқа ғашық болып қалғандығын айтты.Бауырың Хабиб қазір дәу қара құс, Перизат қара тас,әкеңіз қамауда.Бұның барлығының күрмеуін Аманат деген батыр табады.Оларды құтқаратын да сол батыр.Ол үшін сыйқырлы кітап, сыйқырлы жүзік, сыйқырлы алқа Заңғар тауының басында бір жерге түйісуі керек.

Ол таудың маңайын пері әскері қоршап тұр. Адамзат баласының пері қызына ғашық болуы осымен аяқталды батырым.Сені бізге жіберген болса бауырымның да оралар күні алыс емес екен деді Батырхан үміттене. Ол тауға сені сол алып қара құс жеткізе алады.Ол үшін толған айды күтеміз.Ай толысымен ол қара құс менің сарайыма келуі керек.Таң ата күннің көзі ұясынан шыққанша сол жерге сені жеткізіп тастамаса екеуіңе де қауіп төнуі мүмкін! – деді патша.

 

Бесінші бөлім

 

Межелі күнде жетеді.Аманатты тау басына жеткізіп салған құс: – Тау басындағы шыңның қақ ортасында атылып жатқан жанартау бар,сол жанартауға жеткенше жолыңа бөгет болатын жын – перілер болады, олар өлсе де бұл әлемнен сыйқырдың жойылғанын қаламайды. Алаңдамай алға қарай жүре бер! Межелі жерге жетісімен еш ойланбастан кітапті, жүзік пен алқаны сол жанартауға лақтыр. Сол кезде ғана сен бүкіл әлемді жайлаған сыйқырдан бізді құтқарасың, егер де олардың арбағанына көнер болсаң, онда құрыдық! – дейді.

Қарақұстың айтқанын есіне сақтап алған Аманат жоғарғы жаққа қарай тырмысады. Алдынан бір аяқты көпір жолығады. Көпірдің екі жағы да лаулап жанып жатқан – от. Аяңдап одан өткені сол еді, сарқырап жатқан қайнар бұлақ төбесінен құйылады. Одан өте бергенде анау жерден ауылда қалған әкесінің бейнесі көрініп: -Балам, сен неге тастап кеттің бізді, кері қайт, маған кел, екеулеп үйге қайтамыз! – дейді жалынышты дауыспен. Одан кейін анасы жылап тұрғандай болады. Біресе жылан, біресе аң кейіпіндегі елестер бұл жанартауға жеткенше әбден есін шығарады. Ең соңында ол сол жанартауға да жетіп тынады. Сыйқырлы кітапті де жүзік пен алқаны да тереңге тастап жібереді. Есінде қалғаны шатыр-гүтір етіп атылған найзағай ғана,жігіт есінен танып қалады. Біраздан соң есін жыйса, қасында толып тұрған бейтаныс адамдар. -Сіздер кімсіздер, мен қайдамын? – дейді бұл.- Сен өз әкең – Хабиб пен анаң – Перизаттың еліндесің! – деп жауап береді қасында тұрған қария. Ол қарияның дауысын бірден таныйды. Сол ақ отаудағы елес дауыс.

Бұл орнынан атып тұрып, «жоқ олар менің ата-анам емес, менің ата – анам сол жерде қалған, жандарың барлдарында тауып әкеліңдер!» – деп айқай салады.

– Сен маған жұмбақтың жауабын табар болсаң, кері қайтасың деген едің ғой, иә енді міне бәрі де бітті емес пе, мен енді керіге қайтуым керек! – деп қиғылық салады.

«Ханзада, ханзада»! – деп бәйек қағады жанындағылар. Бір мезгілде бөлме есігі ашылып, айдай сұлу бір әйел мен көркіне күн сүйсінетіндей бір еркек кіріп келеді. Барлығы бастарын иіп тағзым етеді.

Мән-жайды енді түсінген жігіт, менің ауылда қаңғып қалған ата-анамды осы жерге жеткізбесеңдер, мен сендердің қастарыңда 1 минутке де қалмаймын! – дейді

Хабиб сабырлы қалпымен сол баяғы қартқа қарап: – Түн батқанша ол кісілерді осында жеткізіңіз! – дейді.- Құп болады тақсыр!

Аппақ құсқа айналған қария көз алдан ғайып болады.- Бұл не тағы, сіздер маған сыйқыр жойылады деп едіңіздер ғой? – деп сұрайды жігіт. – Сыйқырдың жойылғаны рас. Бірақ, ақ сыйқырдың жойылуы екіталай. Себебі ол адам баласына пайда әкеледі – деді Хабиб жымиып. Бір мезетте үсті-басы алба-жұлба өлімші халде жатқан кемпір мен шалды алып келеді. Балларын көрген кемпір мен шал ебіл-дебіл жылап естері шығады. Пері елінде енді ғана патшалығын бастаған Хабиб өз орнынан түсіп, тағы мен бүкіл патшалығын дәулетін Аманатқа табыстайды. Сөйтіп барлығы бірге мұраттарына жетеді..

 

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (20 оценок, среднее: 3,95 из 5)

Загрузка…