Нұргүл Молдабайқызы

Страна: Казахстан

Судебный эксперт-психолог, магистр психологии, психолог в направлениях: экзистенциальный анализ и логотерапия, процессуальная соматическая терапия травмы, групповая психотерапия. Основатель и руководитель «Центра практической психологии Нургул Суюндыковой», г. Нур-Султан. Опыт работы экспертом по документированию психологических последствий пыток, жестокого и иного бесчеловечного обращения (специалист по психологическому документированию пыток), а также частная психотерапевтическая практика, ведение групп экзистенциального опыта позволили выявить особенностей культурных трансгенерационных травм, а также вынуждает задуматься о разработке способов их преодоления. В этой связи, с 2020 года мной ведется работа по изучению и сравнительному анализу психологических антидотов и возможностей исконных экзистенциальных ценностей. Изданы две книги: «Қазақтың жазылмаған психологиясы» (Не раскрытая психология казахов, 2020г.), Өзге бұлақ: балаға қараудың экзистенциялық негіздері (Другое начало: экзистенциальные основания обращения с детьми, 2022г.). В первой книге были теоретически и практически обоснованы психотерапевтическое, коррекционное и психопрофилактическое воздействия казахских этнических обычаев и традиций, игр (100 традиций и 25 игр). В другой книге систематизированы основные концепты степного миропроекта в вопросах обращения с детьми.

Country: Kazakhstan

Отрывок из non-fiction “Өзге бұлақ: балаға қараудың экзистенциялық негіздері”        

 

«Бала – белден». Бала тәрбиесіне қатысты қазақ дүниетанымының басты ұстанымдарының бірі болған бұл түсінік шаранаға деген терең көзқарасты көрсетеді. Осы көзқарастың астарында қазіргі психологияның негізгі қағидалары жатыр. 

Бала – санасыз, жетесіздің өз бойындағы физиологиялық мүмкіндіктерін жүзеге асыру нәтижесі ғана болмауы керек. Яғни бес минуттық нәпсінің нәтижесі болмағаны абзал.

Бала туу – артында өз ізінің қалатынына сенімсіз адамның «іштен шыққан шұбар жыланы» әйтеуір бала тусам болды деген талпынысының көрінісі ғана болмауы керек. 

Бала – жастайынан өз тіршілігін кешіп үйренбеген, өз өмірін сүруді білмейтін әйелдің, «әйтеуір бірдеңемен айналысу» мақсатында тауып алған жұмысының салдары ғана болмауы керек. 

Бала – өзінің барын, өзінің адам екенін «жұрт» жасағанды жасау арқылы ғана танитын жұптың «жұрт сияқты» үйленіп, тұрмысқа шығып, «жұрт сияқты» міндетті түрде бала табу қажеттігінен пайда болмауы керек. 

Егер бала бір еркекті белінде бала жасай алу қабілетінің бар екенін, өзін еркек екенін сезіндіру үшін, әйелдің өз омырауынан сүт шығатынын, бала таба алатындығын, яки бала арқылы бар сезініп, маңғаздануы үшін дүниеге келсе, бұл — баланың кінәсі емес. Бұл – белінен басқаны еркектік сипат деп сезбейтін әке мен омырауы мен жатырынан басқа аналық қабілет миына кіріп-шықпайтындар шешенің тобырлығы. Ал осы тобырлық қатынасты балаға телу, баламен тек қол жұмсау арқылы сөйлесу, басыну мен әлімжеттік арқылы жетесіне жеткізу – тобырдың озбырлығы.

Бала – адам. Бала – тірі жан иесі. Алайда ол өзінің тірілігін, өз тіршілігіне деген құқығының бастауын ата-анасынан алады. Сондықтан бала өсірудің алғышарты, іргетасы – оның әкесі мен анасының табиғатына, тірілігіне, тіршілігіне деген құрметтен (өзінің және өзгелердің тарапынан) басталады. Яғни, олардың өздеріне тек биологиялық түр ретінде ғана қарамай, адам – рухани жан иесі ретінде сезінуі өте маңызды. 

Ұзын сөздің қысқасы, бала – биологиялық «белдің», яғни еркек пен әйелдің жыныс мүшелерінің дамуының және оларды «қолданудың» ғана «жемісі» емес. Бала болмысына ата-ананың тегі мен болмысы әсер етпей қоймайды. Мысалы, қазіргі таңда психологиялық кеңестер алғысы келетін көптеген адам өзінің құндылығы, өзінің орны, өзінің жауапкершілігі, тағы сол сияқты дүниелерден мақұрым. Жұмыс істеу барысында, олардың ешқандай кінәсі жоқ екенін байқауға болады: көзін ашқаннан көргені – әке-шешенің құрметі емес, керісінше өзіне солардың меншігіндегі басыбайлы заты сияқты қарауы, өзін ез сезінуі, өзін жоқ сезінуі анықталады. 

Одан бөлек, бала – белге жүк. Яғни, бала ата-ананың жауапкершілігіне сын. Алайда қазіргі кезде, баланы туғанға жауапкершілік алатын адамдардан гөрі, баланың дүниеге келгенін бетіне салық қылатын, өз өміріне жауапты ететін ата-аналар саны көбейген. Көпген ата-ана «сен үшін жұмыс істеп жатырмын», «сен шашымды ағарттың», «сен үшін ажыраспай отырмын», «сені асыраймын деп, арқа етім – арша, борбай етім – борша болды», т.с.с балаға жауапкершілікті артатын сөздердің салдарын жете түсінбейді. Бұлай жасау арқылы, үйленген, үй болған, ерлі-зайыпты қарым-қатынасына түскен ата-аналардың «өз қолымен жасағанын өз мойнымен көтермей», балаға өздері туғандай қараудың орнына оған өзінен-өзі туылған адамдай қарауы кеңінен тарап отыр. 

Еркек пен әйел өздерінің биологиялық «белдерінен» аса алмай жатып дүниеге бала әкелуінің нәтижесінде, өмірге жаңа келген сәби адамдық, мейірім, өзін бар сезіну, рухани кемелділік сияқты мәселелерде уызына жарымай қалу қаупі бар. Себебі, адамдық келбеті мен кейпін биологиясынан асыра алмаған адам баламен қарым-қатынаста өзін балаға «бере алмай» қит етсе қол жұмсайды. 

Құрсақтағы бала өз алдына дара жаратылыс. Халқымыздағы «аяғы ауыр», «жүкті», «екіқабат», «ішінде тікені бар» деген сөз тіркестері арқылы құрсақтың баланың уақытша мекені екендігі, ананың «жүк көтеріп» жүргендігі, іштегінің «тікендей жарып» шығатындығы, ананың осы жүрісінде «бір» емес «екі қабат» деңгейдің бар екендігі, айы мен күні жеткенде баланың жарық дүние есігін ашатындығы, яғни ана құрсағын «әлемнің есігі» деп қарағандығы көрінеді. 

Қазақ дүниетанымында адамның құрсақтағы кезеңінің маңыздылығы, уақытша екендігі және құрсақтағының өз алдына жеке дара екендігі логотерапия ілімінде де қатып қалған заңдылық ретінде қарастырылады. Логотерапияның негізін қалаушы В.Франкл бұл туралы былай деп жазады:

«Адам ғана «адам» деп аталатын тән-жан-рух деңгейлеріндегі біртұтастық пен толықтықты дүниеге әкеле алады. Бұл толықтық пен біртұтастық құрсақтан басталады. Әйел-мен еркек бір-бірімен қосылған соң еркек бірнеше граммға, әйел – баланы туған соң бірнеше килограмға жеңілдеуі мүмкін. Алайда, жаңа тән-жан-рух біртұтастығын дүниеге әкелген олар рух, жан деңгейінде кішіреймейді, «Мені» азаймайды. Яғни дүниеге келген әрбір адам – жаңа, оның тіршілігі өз алдына бөлек».

«Әр адам өз жеке даралығын құрсақта бастайды, әр адам сол кездің өзінде-ақ басқа және жеке дара. Ата-ана адамның тәнін қалыптастырады, ал оның рухы мен болмысы – ананың бойына біте салысымен пайда болатын жеке дара дүние. Басқаша айтқанда бала ата-анадан «құрылыс материалдарын» алуы мүмкін, бірақ «құрылысшы» мұрагерлікпен берілмейді».

Халқымыз бұл өмірге келмеген ұрпақ үшін жақсы тілеу тілеп, үміттенгенімен, оған да «Тәңірінің жазуы болады» деп қарады. Сондықтан да әлі дүниеге келмеген, жарық дүниенің жүзін көрмеген бала үшін киім-кешек, жөргек дайындамаған. Балаға жеке дара деп қарау жаратқанның жаратылысына деген құрметпен тең; халқымыз дүниеге келмеген, жарық дүниенің жүзін көрмеген бала үшін киім-кешек, жөргек дайындамау арқылы құрсақтағының тағдырына адамның қолындағы емес, өз жазмышы бар жаратқандық екендігін мойындаған. 

Бұндай терең көзқарасты қазіргі психология мойындап отыр. Жаңа туған бала тұқым қуалаушылық және құрсақтағы пайда болған мүмкіндіктері бар, өмір мен тұрмыс тіршілік барысында осы мүмкіндіктер тән мен болмыс фенотиптерімен (жеке дара адамның әр кезеңдеріндегі ерекшеліктері) ұштастыру арқылы өмір сүретіндігі дәлелденген

Осылайша, психология ілімі адамның болмысының қалыптасуының іргетасы оның ана бойына біткен күннен бастап, құрсақтағы өмірі мен туылу сәтінде-ақ орын алып қоятындығын 20-ғасырда білсе, қазақ оны атам заманда білген. 

Баланың ғұмыры – белден бастау алады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл сапарда балаға серік қажет. Оның құрсақтағы ғұмырында жаратқаннан қажеттілігін өтеуге шамасы жететін бала жолдасы маңдайына жазылған. Ал мына жарық дүниеде бала серігі – кеудесінде жаны мен тынысы бар, сәулесі бар адам. Бұл адам жарық дүниеде балаға «белімнен шықтың» деп үстемдігін асыруы мүмкін. Сонымен бірге, баланың тіршіліктегі бойын ашатын, арқа сүйейтін адам, жан жолдасы болу да маңдайына жазылған. 

Ал осы тұста адамның ата-аналық қызметін неге теңеуге болады: Жер асты суларынан бастау алатын бұлақ өз арнасы арқылы жер үсті суларына барып құяды, өзен мен көлді байытады. Тап сол сияқты, құрсақта бастау алған адамдық бұлағы – өзіндік бұлақ. Оның арнасы – ата-аналық қызмет. Өз кезегінде бұл қызметті белі бекем ересек қана жасай алады. Бұл дегеніңіз, яки белі бекемдік  — тән мен сана деңгейіндегі ғана күш емес. Өзенге арна билік пен күш көрсету, дегенін жасату мен өзін мойындату үшін қажет емес Белі бекем ата-ана алдымен – тірі адам. Ол өзінің бойынан жаратылған адамға (өз баласына) білектің емес, жүректің күшімен, адамдығымен арна бола алады. Тірі, сезімтал ересекке арқа сүйеген бұлақ қана шалқып тасып, бойы буырқанып, жарық дүниеде сәулесін шашып өсіп-өне алады. 

 

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 5,00 из 5)

Загрузка…