Зияш Телеуова

Страна : Казахстан

Я,Телеуова Зияш, по профессии журналист. Занимаюсь творческой деятельностью -10 лет. 2009 году в издательстве «Жети жарги» вышел детский детектив «» АБКА -тобы ашқан қылмыс», 2013 году из издательство «»Жазушы» вышли два романа: «Банкирдің өлімі» «»Махаббаттын ажалы» , 2017 году по гос. программе вышел детектив для подростков «ҚҰлаған үйдің құпиясы» , 2018 году прошла по конкурсу перевод романа Агата Кристи «Тайна семи циферблатов»» По инициативе спонсоров несколько книг печатались в местном издательстве.


Country :  Kazakhstan



Отрывок из романа «Тірі өлік»

Бірінші оқиға

                                        1 тарау           

Аста-төк той.  Бизнесмендер бәсекелесіп безендірген тойхананың  сән- салтанаты ерекше.Алапат сарайдың кіре берісіндегі  су себе күмбезі көздің жауын алады.Той иесі сүмбілелері  жалт-жұлт еткен үлкендігі тай қазандай аспалы шамға көз салып, «Бұны қалай жеткізді екен?» деп ойлады. Көпшіліктің аузын аштырып, көзін жұмдырған  жиһаздар — Қытайдікі. Ол жақта бұлар арзан, сауда-саттықтың дәмін татқандар, тасымалдаудың тәсілін біліп алған. Қазір кез келген сауда орындары сол жақтың  шетке шыққан тауарларына толы. «Біреудің қаңсығы , біреуге таңсық»дегеннің кері келіп-ақ тұр. Банкир сыртқа қарай беттеді.

Табан астына  шаршылап қиюластырған мәрмәр төсеніштен  кескін-келбеті анық көрінді. Той сарайына лайықты түр-тұрпатына  көңілі толғандай мәртебеленіп , шыны таста бүгежектеп, қорқа соқтап бара жатқандарға қарап, еріксіз езу тартты..

–Бағлан Құттыбаевич ,  құтты болсын!– дәл иегінің түбінен сыңғыр еткен     хатшысына , басын изеді де , сырттан кірген зиялыларға  көңіл аударды. Олар бұдан бұрын әйелінің назарына ілігуге асыққандай, бірден солай қарай  бұрылды. Атасының өмірден озғанына бірталай болса да , көз көргендері оның осы өңірге белгілі қаржыгер болғанын  ұмытпағандай. Сол себептен де ілтипаттарын бұған емес, оның заңды мұрагеріне бағыштауды жөн көріп, жапырыла солай құлапты. Әлі де баяғы сүтке тиген күшіктей , күшік күйеу атанып, атасының байлығын басып қалған «барымташылдығын» мына тобыр кешірмейтін тәрізді. Сол бір еттен өтіп, сүйекке жететін таңба тағдырына  мөр болып басылып қалғандай, қайда барса да «атасының арқасында , бақ пен таққа ие болды»деген күншілдердің күңкілінен арада қанша жыл өтсе де, атқұрығын кесе алмаған. Ол адымын аштырмайтын, аяғын бастырмайтын өткен күннің тұсауы . Кейде шынжыр балақ, шұбар төс қайын атасының мәңгілікке байлап-матап кеткен шырмауығы үзілмейтіндей, ол бұлқынған сайын, қайта қыса түсетіндей әсер алады. Осы сәт  жанына келген әйелі :

– Ау,  тойдың иесі  емеспісің , былай келген қонақтарды қарсы алып,  баланың әкесі екеніңді көрсетпеймісің? Тойдан кейін не істесең, о істе!– деп кеудесіндегі қызылын лақ еткізді..

          Ерлі –зайыптылардың   бір- біріне суынған көңілдері жамауға келмейтін жыртық көрпе тәрізді іріген үстіне іріп ,қақ айрылуға бір тартуы жетпей тұрғалы қай заман. Банкир не болса да, жалғыз баланы аяқтандырып алып,  бір жағына шығуды ойлса, баласы үйленіп, немере келсе, ата болып ақылы кірер деген үмітпен Қоңырдың сырты бүтін, іші түтін.

Әке –шешенің бүкпесі мол тірілігінен Мерей ғана хабарсыз.Бағланның жүрегіндегі бітеу жарасын мүлде жазбағанмен,  өткенінен өтімділеу біреудің өмірінде пайда болғанын білдіріп, бірте-бірте тіршілігінің билігін қолына алып алғанда осы жалғыз ұл. Бұл күнде  өзегіндегі өрттің естелігі ескіріп, кеудесін күйдірген шоқтың өлеусіреген қоламтасы ғана қалған-ды. Сол қоламта қайта үрленіп, жалынының біртола жалмап қоятыны да осы сәтте  үш ұйықтаса түсіне кірмеген еді..

  Пәлен жыл оттасқан жұбайы  сырт пішінінде пәлендей ерекшелігі байқалмайтын қиық көз ,  келте мұрын қара торының өзі. Кезінде бұлар үйленгенде жұрт : «Жігіт  байлыққа қызықты» деп шулаған. Бір қызығы, ол ащы да болса, шындық еді.. Обыр ауруына шалдыққан   атасы қысқа мерзімде о дүниелік болып кеткенде, жалғыз қызының байлығымен бопсалап алған күйеуі  бас банкир боп шыға келген. Өкінішке орай, күйеу жігіттің аңсаған тіршілігі де, құлай сүйген ғашық жары да өзге болатын.

… Бес жүз орындық залдың іші гу ете қалды.. Не болды  екен деп, солай бұрылғанда, тойхананың қабырғасы тұтас ашылып,  тұрқы ұп-ұзын лимузин сырғып келеді екен. Ол үйленгенде мынадай көлік болмаған болар-ау..Әйтпесе , байлықтың ортасында отырған  банкир қызынан несін аясын. Демек, ол атасынан да асып түсті. Әне, желегі желбіреген қалыңдығын құшағына қысып, мәз-мәйрам Мерейі  келеді. Жан- жақтан от шашу шалды, тойшылар гу-гу.

Ет-жеңді әйелі балпаң басып, қолындағы шашу табағын көтеріп алға шықты.Өзі қалай өзгерген?! Сұлу болмағанмен, сүйкімді тәрізді еді. Ал қазір  денесі толысып, екі көзінің алды шалбарланып, жасына жетпей болбырап ,болдырып қапты. Молшылықта өскен адам да өсітіп аза ма екен?! Енді жап- жас сұлуды жетектеп, қағаны қарқ, сағанағы сарқ болып келе жатқан  ұлына қарады. Сойып қаптап қойған өзі. «Әлемді құтқаратын сұлулық» деп Достоевский тауып айтқан ,ол кімнің басына қонса да, қылықты құпиясымен жіпсіз байлайды. Оның құтқарушылық құдыреті де сонда болса керек. Мына тұрған көп көздің де баяғы өзі үйленген той  үстіндегілерден айырмашылығы шамалы. Онда да «Күйеу жігіт қандай көрікті», деп таңдай қаққандардың ыбыр-жыбырын құлағы шалған. Оған қоса «Ту ,сондай сұлу жігіттің , қалыңдығы көріксіз екен…» ,«Есесіне аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін..» , «Мына жігіт оны сүйіп қалды деймісің ,  көкірегін ақша тескен шығар..» Кімнің аузына қақпақ болсын, шаншу сөз шымбайына батып, кеудесіне жәй оғындай қадалған. Сонда өзін не қара басқанын осы кезге дейін біле аламай, дал болады. Өзі өлердей ғашық болып, қосылып, қызығы басылмаған, құмары тарқамаған Айғызды талақ ете салатындай, не басына күн туды?!  Көрікті жігітке көзі түскен банкирдің жалғызы жұмыстан соң , сүліктей қара джипке отырғызып, кафелер мен ресторандарды жағалатқан…Тағамның тәтсін, ішімдіктің қарапайым жұрттың ерніне тимейтінін ішкізген. Ондай көл-көсір молшылық пен қым-қуат қызықты бұрын-соңды көрмеген ол байғұс өрмекшінің торына түскендей, тыпырлап қалды емес пе!

Ду еткен дауыстан селк етті. Тойшылар «Ащы»,  «Ащы» деп шулады. Төрге қарады. Келіні аққудың көгілдіріндей екен. Дене бітімі қандай әдемі! Тал шыбықтай бұралады. Баласы иіліп барып, бетінен өпті. «Мұның жөн , көптің көзінше  жабыса кетпей ». Өзінің тойында көпшілік дүрлігіп қоймаған соң , қалыңдығының жып-жылымшы ернінен сүйіп алып,артынан шампан ішіп жібергенін есіне алды. «Япыр-ай, ешбір сезімім болмаған екен ғой, солай бола тұра , қалай үйлендім?!». «Неге,түк білмегенсисін, сенің көкейіңді тескен байлық емес пе? » дейді  әржағынан бір дауыс..

«Егер келінім де  баламның байлығына қызығып, тұрмысқа шығып жатқан болса ше?!» деген сауалдан  жүрегі су ете қалды. «Жә, ауру басты сау басқа телімейін. Қыздың да әкесі осал емес, ол да олигарх» Демек, менің балам, менің қателігімді қайталамайды..» Бағыланның  құлағы шулап, көзінің алды қарауытты. Соңғы кезде осылай, бір күңгірлеген дыбыс құлағынан кетпейді. Тағы сол дауыс. «Ал ,сені кім зорлады? Көзін мөлдіретіп, сүйгеніңді  тастап кеттің.Обалынан да қорықпадың. Оның жазығы не?! Жолыңа жаным құрбан деп жүрген талайлардың ішінен сені таңдағаны ма?»

Осы кез тып-тыныш  теңіз толқындары, кенет  жағаға соғылғындай зал гу ете түсті. Жас жұбайлар  ортада билеп жүр екен. Келінінің аппақ білегі ,баласының мойнынан оралған… Бір сәт  Бағлан студенттік кештерде Айғызбен осылай билегенін есіне алды. Неше рет билеп еді… Алматы кешіне барғанда, екеуі тап осылай  көпшіліктің ортасында қалықтап жүрген?! ..Айналасындағылар .. «Қара, қандай сұлу жұп….» деп ауыздарының суы құритын.Билерін тоқтатып, қол соғатын.Былай қарасаң, тобыр да, той да, бәрі орнында сияқты. Орнында емес өзі ғана..

Оқшау қалған оның  қасына жас жұбайлар таянды.

–Әке, көңілсізсіз ғой? Сырқаттанып  тұрғанан саусыз ба ?–деді баласы. Қалыңдығы жанында. Келіннің жүзі  мәрмәрдей аппақ, көзі мойылдай қап-қара. Аумаған –Айғыз. Ол тесіле қалған  атасынан ұялды ма, жүзін төмен салды.

– Жо-ға , бар, бара беріңдер .Бүгін билейтін күндерің.– Ол қолын  әнтек сілтеді. Іш қазандай қайнады. « Мен тірі өлік екенмін. Менің  жүрегім мұзға айналғалы қа..ша..ан .. Мен қазір ешкімді жақсы көре алмаймын, жек те көре  алмаймын. Тек ақша санайтын робот –машинамын. Робот машина. Сол робот машинаның жеткен жері осы болса ше ?! »

Ол көл- көсір  дүниенің ортасында жүрсе де, жанын жеген жалғыздықтан, өзін түсінетін бір пенденің жоқтығынан шеттеп қала беретін. Осы кезге дейін ешкіммен ақтарыла ,ағынан жарыла сырласып та көрмепті.Сонда бұл қандай тірілік?! Қуанышы  кем, қалтасы тоқ тіршілік.

Банкир орнынан теңселе тұрып, дүрсілдеген музыкаға есі кетіп билеп жүрген тобырдың арасымен сыртқа  беттеді.


1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (22 оценок, среднее: 3,59 из 5)

Загрузка...