Айзат Ракышева

Страна : Казахстан

Айзат Ракышева-писательница, журналист, автор двух художественных книг. Первая книга называется “Мертвые возвращаются.” Вторая книга называется “Тюльпан надо льдом.” Она финалист 2018-го года OEBF по категорий “Малая проза”. Также писательница является победительницей республиканского конкурса среди молодых писателей.


Country :  Kazakhstan

Aizat Rakysheva is writer, journalist. She is the author of two literary books. The first book is called “The dead are back.” The second book is called “A trip over ice.” Aizat is finalist OEBF-2018. Also she is winner republican competition among young writers.


Отрывок из рассказа “Мейірімге шөлдегенде”

…Көлік орнынан қозғала бергенде, сұлқ жатқан ер адам кірпігін әлсіз жыбырлатты. Інжу оның қолын жібере сала, жүзіне жүзін тақады. Оның тыныстап жатқанына көзін жеткізгісі келді. Бірақ ештеңе байқай алмады.

-Тамыр соғысы нашарлап барады. Қан қысымы тым төмен,-деді бас жағына жайғасқан тағы бір мейірбике аппаратына қарап тақ-тақ етіп.

-Аға, мықты болыңыз,-деп Інжу өзі де байқамастан оның маңдайынан сипады. О, ғажап! Осы сәт науқас сәл жымиды.  Ыстық алақанның табы қуат берді ме, әлде аялы алақан оны әлпештеген жандардан елес берді ме? Әйтеуір науқастың жүзіндегі сүйкімді жымиыс ұзақ тұрды.

  Бұлар ауруханаға  жеткенде, іштен шапшаң шыққан қызметкерлер науқасты бірден ала жөнелді. Соңынан ұмтылған Інжуді бір ақ халатты тоқтатып: 

-Науқастың туысы боларсыз. Оны ақылы бөлімге жатқызбайсыз ба?-деді.

-Алдымен ағамның жаны қалсын,-деген қыз оның қасынан желдей жүйткіп өте берді. Бұны көре, құжат толтырушы бір мейірбике сұрақтарын жаудырды.

-Қалай есінен танып жүр? Бұрын бұлай ауырып па еді? Қалыпты қан қысымын айтыңыз.Қан тобын білесіз бе?

-Мен ештеңе білмеймін. 

-Ағам деп шу көтеріп тұрсыз. Өз ағаңыз туралы дым білмейтініңіз бір түрлі екен,-деп кекетті ақ кіимді болса да, пәк  ниетті көрінбеген қызметкер.

-Иә, ағам дедім. Бірақ оны танымаймын. Көшеде құлаған жерінде алғаш рет көрдім. Ештеңе білмейтінім содан. Ағам болуы үшін міндетті түрде қаны бір болуы шарт па?-Қыз булығып жылап жібергенде, өзге бір қызметкер ішке кірді.

-Құжаттары міне. Жеке заттарын сізге берейін,-деп Інжуге бұрылды. Мейірбике құжатқа қарап, қағазын толтыра жөнелді.

-Рақымұлы Думан, 1951 жылы туған…-Бітпестей көрінген құжатпен «шайқас» аяқталғанда, Інжу өзі есімін әзер білген, бірақ «аға» деп атаған адамның өміріне араша сұрап коридорды бойлап келе жатты. Қолындағы Думанның «жеке заттары» деп ұсынылған түйіншекке назар аударғанда аңғарғаны, қымбат қол сағат, көліктің кілті, неке жүзігі мен қампиған әмиян және қалта телефоны. Інжу телефонға көз жүгіртіп еді, ешкім қоңырау шалмапты. «Думан аға, жаныңызды сонша жүдеткен кім болды? Өмірден, мынау жарық әлемнен баз кешірген кімдер?Асыл мен жақұттың бәрі қолыңызда екен,сонда сізге не жетпеді?Ішім сезіп тұр, бір ауыз жылы сөзге зар болып, шапағатқа шөлдеп, ақыры опырыла құладыңыз. Өмір сүруге еш себеп жоқтай сұлап түстіңіз.  Қанша уақыт өтсе де, соңыңыздан ешкім сұрау салмады. Тірі жанға керегі жоқтай соншама қайырсыз ұл, рақымсыз қыз өсірдіңіз бе? Не де болса жаныңыз аман қалсын, аға!»

-Сізді іздеп жүр едім. Думан Рақымұлының жақынысыз ғой,-деп ұзын бойлы,кең маңдайлы дәгігер мұның жаныа келді.

-Иә, иә, мен ағамды уайымдап тұрмын. 

-Ағаңыз инсульт алған.-Дәрігердің сөзін аяқтатпаған Інжу без ете қалды.

-Тірі қала ма?

-Өміріне әзірше қауіп жоқ.Толық есін жиғанша жан сақтау бөлімінде болады. Оянған соң жалпы палатаға ауыстырамыз. Бірақ көп күтінуі қажет болады.

-Ота жасамайсыздар ма?

-Жоқ, инсульттің жеңіл, яғни бастапқы түрі бұл. Дегенмен ағаңыздың жаны күйзелген сыңайлы.Тіпті өмір сүргісі келмейтіндей, күрес, тірі қалуға құлшынысты ағзадан байқай алмадым.

-Мен ағамның оянуын күтемін.Рұқсат ететін шығарсыз,-деді Інжу.  Күткенде үміт таңының атпай қоятыны бар. Бұл жолы да сөйтті. Таңның қылаң беруі қиынға соқты. Коридорда өз-өзінен бүкшиіп отырып, Нысанбектің зәрлі сөзі есіне түсті. Сол заматта денесі тітіркеніп, іштей жиіркеніп кетті. Нысанбектің тұспалын бұл түсінді ғой, бастығы болса «бәріне рұқсатым бар» деп ойлай ма екен? Қыздың көз алдына бастығы көзі үңірейген, мейірімнен жұрдай құбыжық болып елес берді. Көзі ілініп кетіп еді, әлденеден секем алғандай, орнынан атып тұрды. Жөпелдемеде қайда екенін түсіне алмай, қалшиып сәл тұрды. Содан кейін барып қайда, кім үшін жүргені есіне түсті.«О, тоба, әлі күтумен отырмын ба?  Атар таңым, жақсылықпен ғана шуақ шаш!Суық хабарың болса…»Інжу ойын аяқтауға жүрексініп, орнына қайта отырды. 

   Дәрігерлердің саябыр таппаған қызметі таң қарсаңында да бір тынбады. Ерсілі-қарсылы жүгірген дәрігерлердің арасынан манағы жылы жүзді шипагерді іздеп отыр. Міне, ол суыт келе жатыр.

-Кешіріңіз, ағам…

-Иә,иә, Думан Рақымұлының жағдайы жақсы. Таңертең жалпы палатаға ауыстырамыз,-деді де ол бөкендей желіп өте шықты.Інжу орнына сылқ етіп отыра кетті. Қуанышы буынын босатып жібергендей. «Түсі игіден түңілме» деген осы. Өзінің жүзі қандай жылы болса, сөзі де сондай шуақты. Дәрігер деп осындай сабаздарды айтуға болады,»-деп іштей өзі атын да білмейтін абзал жанға сүйсініп отырып, ақыры таңды атырды. Жан сақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылған беймәлім ағасы жанына барған бұған сұраулы көзбен қарады.

-Аға,-деді Інжу шаршаңқы үнмен,-мен есіңіздемін бе? Мен…

-Иә, қызым, жазмыштан қашып барам деп едің. Құтыла алдың ба? Менің пешенемнен бой тасалауға еш мүмкіндігім қалмады.-Ол ауыр күрсінді.

-Аға, міне, жеке заттарыңыз. Барлығы осында. Ақшаңыз да орнында. 

-Қызым, ештеңе де орнында емес. Дүниенің астаң-кестеңі шықты ғой.-Думан көзін жұмып, көкірегін кере уһіледі.Інжу оны аяп кетіп, қолынан ұстай алды. Мұздай қолы қыздың ыстық алақанында жылына бастады.

-Өң мен түстің арасында жатқанымда, Ақторғыным келіп, маңдайымнан сипады.-Ол тамсанып, ақырын жымиды.Жұмбақ ағасын қалай тастап кетерін білмей екіұдай күйде қалған қыз ақыры оның маңдайынан сипады. Ол кенет көзін кең ашып,

-Шынымен жер бетінде сор маңдайымнан сипар жан қалған ба?-деді.

-Неге олай дейсіз?

-Мені шын жақсы көретін ардақтыларым о дүниеде. Ал мына дүниеде кіл…

-Аға, сізге ауыр ойлар ойлауға болмайды. Қайта ауырып қаласыз.-Інжу оның сөнген рухының шоқтарын тұтатпааққа ниеті кетті.Бірақ қасіретінің сырын білмеген соң жұбатудың орайын таппады.

-Аға, мен жұмысыма барайын. Кешіксем бастығым ұрсады.

-Қызым, кетпе.

-Аға, мен тағы да келемін.

-Тастап кетесің. Мені бәрі қалай бір-ақ күнде аңыратып жалғыз қалдырып кетті, сен де солай…-Думанның сөзінің соңы өксікке айналды.

-Аға, ақылды аға, сіз жыламаңыз. Мен қайта айналып келемін. Уәде беремін.-Қолын әзер босатып алған Інжу палатадан ақырын басып шығып кетті.

  Таңғы Алматы қайнаған тірліктің базарындай ызы-қиқы шуға толы. Автобуста ине шаншар орын жоқ. Інжу тұрған қалпында кірпігі айқаса бергенде, сілкіп қалған автобустың екпінінен селк етті. Аяқ астынан құлағына бір сыбыр жетті: «Мына қыз түні бойы «жұмыс» істеген сияқты. Түрін қарашы. Ат құсап тұрып ұйықтап тұр.» Өзін кімге теңегенін анық түсінсе де, әлдене айтып тайталасуға қыздың қауқары жоқ еді.«Арсыз пақыр, жүрегі қарайған бейшара,»-деп ойлаудан арыға аспады. Өзіне керекті аялдамада сыналап жүріп, сыртқа әзер шықты. Кеудесін кере бір тыныстап, өзі екі жылдай қызмет атқарған,енді жексұрын мекенге айналған кеңсеге ілбіп басып кірді. Күзетші шал мұның өн-бойын тінте қарап:

-Жұтып алғансың ба? Көзің ісіп кетіпті ғой,-деп ыржиды.

-Бастық келді ме?-деп күңқ етті қыз.

-Иә, жұмыс бөлмесінде отыр.-Бұрын өзі «ағалап» сыйлап жүретін тағы бір әріптесін жүрегіндегі  «адамдар тізімінен» сызып тастап, Інжу Нысанбектің отырған жеріне кіріп барды.

-Қайырлы таң,-деді Нысанбек бұған мүлде «ақыл» айтпағандай аңғал қалыпта.

-Сізді көрген соң, таңның қайырлы атпағаны белгілі ғой. Мен жұмыстан шығуға келдім.

-Не асығыстық бұл?-Өзіне қамқорси қараған еркекке Інжу тіке жауап берді.

-Менен ашына да, тоқал да жасай алмайсыз. Мен-текті отбасының қызымын. 

-О не дегенің? Мен ондай ештеңе айтқан жоқпын. Тек жанашыр пейілмен ақыл айтқаным болмаса…-Адуынды көрінетін бастығы жынынан айрылған бақсыдай қалбалақтады да қалды. Бұған іштей таң қалған Інжуге «бәлкім, сөзіме құлағы үйреніп, қол астымда жүре тұрсын. Кейін ығыма жығып алармын деген ойы бар ма екен?»-деген күдікті ой оралды. 

-Еден жусам да өлмеспін. Жұмыстан кеткенім жаныма тыныштық гүлін сепкенім болмақ.

-Жоқ, сен мені бұрыс түсініп қалыпсың. Мен сенің қызметтегі қабілетіңді, тиянақты қасиетіңді жоғары бағалаймын. Ондай ақылды енді айтпаймын. Жұмысыңды жалғастырсаң қуанып қалар едім.-

-Рахмет, Нысанбек аға!

-Айтпақшы, Інжу, ауырып тұрсың ба? Көзің қып-қызыл болып кіртиіп…

-Түні бойы ұйықтамадым. Ағам ауруханаға түсіп, сол кісінің жанында көрер таңды көзбен атырдым.

-Алла шипасын берсін. Онда бүгін тынығып алсаң да болады.

-Рахмет, аға. Жұмыс істейтін шамам бар. Тек кешке ертерек жіберсеңіз, мен ауруханадағы ағама барып қайтар едім.-Інжу бастық ағасының «шектен тыс шапағатынан» бас тартып, өз өтінішін білдірді.

-Інжу, тоқтай тұршы. Кеше қалта телефоныңды үстеліңде ұмыт қалдырыпсың. Мен алып, суырмама салып қойып едім.-Нысанбек сөзінің дәлелі ретінде қыздың телефонын ұсынды.

-Тағы да рахмет, аға.-Інжу қарсыдағы өз кабинетіне барып, жұмыс қамына кіріскендей болды. Ойынан жанары құпия сырға толы ағай кетер емес. Жұмысынан ертерек шығып, крпігіне шыдам талын тіреп алып, ауруханаға құстай ұшты. Ағындап кіріп барып, Думан жатқан бұрышқа көз жіберді. Сол баяғы сұлқ қалып. 

-Аға, мен келдім,-деді Інжу баяу үнмен.

-Қызым, сені күтіп жатыр едім. 

-Аға, менің атым-Інжу. Кешелі бері атымды айтуға да мұршам болмады ғой. Айып етпессіз.-Жымиған қызға көз тоқтата қараған Думан кенет «аумайсың» деп күбірледі. 

-Не дедіңіз, Думан аға?

-Сен Ақторғыннан аумайсың.

-Ол кісі кім? Телефон нөмірін айтыңыз, қоңырау шалып шақырайын.-Қыз елпілдей сөйлеп, бір амалын тауып, мұң құрышынан жаралғандай селт етпей жатқан Думанға тым жылы шыраймен қарады.

-Иә, қоңырау шал, егер о дүниеден шақыру мүмкін болса шақырып алшы.

-А-а, кешіріңіз, мен сіз жайлы ештеңе білмеймін ғой. Жақыныңыз болса шақырайын дегенім ғой.

-Еш айыбы жоқ. 

-Аға, тамақ іштіңіз бе?

-Ішіме шөккен шер шемені ас пен судан бас тартқызды.

-Мына жалған дүниеде кімнің бауыры бүтін дейсіз, аға? Таусылуды қойыңыз да, менің әмірлерімді орындауға көшіңіз. Бірінші бұйрық-еңсеңізді көтеріңіз.-Өзіне жанары нұрлана қараған ағасына Інжу әмірін қарша боратты.-Екінші бұйрық-мен әкелген судан ішіңіз. Үшінші бұйрық-сатып алған тамағымды тауысып жейтін болыңыз.

-Ақторғын да дәл осылай «бұйырамын» деп маған қамқорлық жасаушы еді.-Думан алыста қалған бақытты күндерін аңсағанын ашық білдіріп, үнсіз отырып қалды.

-Ақторғын сіздің кіміңіз?-деп ақырын сыбыр етті Інжу.

-Әйелім. Ғашық болып, есімнен айрылып жүріп үйленген әйелім. Бір жыл ғана дәурен сүрдік.

-Аға, жүрегіңізге салмақ салатын зіл ойларды ысырып тастап, жақсы күндерді айтыңызшы. Әрі тамақтан да ала отырыңыз.-Інжу кеудесін көтеріп отырған Думанның алдына тамақ тосты.

-Менің ең бақытты күндерім сол шақ еді. 

-Онда сол шырайлы шақтарыңызды еске ала отырыңыз. –Інжу Думанның тіл-ауыздан айрылып, өшіп жатқан қалта телефоынн алып, қуат көзіне қосты. 

-Мені ешкім іздемейді,-деді Думан кесіп-пішіп сөйлеп.

-Туғаныңыз іздейді. Қан жақындығы адамды алысқа жібермейді.

-Ақторғын ұлымды өмірге әкелді де, өзі менімен қош айтыспастан бақи дүниеге аттанып кетті. Менің сорым қалың екен, ұлым екі жасқа келгенде ата-анам бір күнде көлік апатынан қайтыс болды. Сөйтіп мен мына күллі жаһанда Жарқын атты жалғыз жақыныммен қалдым. Амалсыз өмір сүрдім. Еріксіз кәсіп аштым. Бірдеңемен жанымды сала айналыспасам, жынданып кетерім сөзсіз еді…

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (11 оценок, среднее: 4,09 из 5)

Загрузка...