Телеуова Зияш

Страна: Казахстан

Журналист, творческий работник. В 2013 году несколько произведении печатались по государственной программе в издательство “Жазушы”. Творчеством увлекаюсь последний десять лет, пишу в детективном жанре.

Сountry: Kazakhstan

 

 

 

 


 Бірінші тарау    

   Атылған оқ

 

Сәулетші Нұртасқа  вокзал маңы ұнамайды. Жаңа заманға сай емес. Өткен ғасырда салынған көне үйлер,  сауда -саттық жасайтын дүңгершіктер кім-кімнің де талғамынан шыға қоймайтыны  анық. Осында келген сайын    жобасы есіне түседі. Біраз есікті тоздырғанымен, оның талай күн, талай түн көз майын тауысқан дүниесіне ешкім мән бере қоймаған.Қала мэріне ұсынғанда, қаражат көлемін көргенде  «мұны байыған соң, әкелерсін»  деп өзіне  қайырды.

Қалтасынан ұсақ тиын іздестіріп , газет алуға бұрылған жігіт  екінші қатардан түсіп келе жатқан жүз танысты  көріп,  селт етті.

Бойжеткен мұның ғана емес, айналасындағылардың назарына бірден іліккен тәрізді. Құрықтай мойынын паңдана  бұрып,   мінсіз мәрмәр жүзіндегі үлкен қара көздері жаудырап, ұзын кірпіктерін шанши   тесіле  қарады.

–Таңгүлі !

–Нұртас!– қыз  лап еткен қуанышын игере алмағандай,  жақындай беріп, қалт тоқтады.

Нұртас таң қалды «Құдай- ау, бір мезгіл екі рет қайталана ма, осыдан біраз жыл бұрын КИМЭП-тің  бірінші  қабатында тұрып,  жоғарыдан түсіп келе жатқан осы бейнені көріп,  естанды болған.Сол көрініс айна қайталанып тұрғандай, «менде   галлюцинация шығар» жігіт  басын шайқады.

 Жоқ. Нақ өзі. Сол  алғаш көргендегідей   жанары  жандүниесін кескілеп жандырып барады. Оның  сөзбен айтып жеткіліксіз сұлулығын достары  Клеопатраға  теңейтін.  Тағы да әзәзілдің тырнағына іліккені ме?! Онсызда  қайғыдан қан жұтып, есі ауып кете жаздаған жоқ па?! Ол әрең деп өз-өзіне келді.

Павильонға неге келгенін ойына түсіргендей, қолындағы ұсақ тиындарын  сатушыға ұсынды :

– «Спорт » газетінің соңғы  санын бере салыңызшы?

Мелшиіп қалған қыздың қайқиған қою кірпігіне мөлдір жас тамшылары ілінді.

–Нұртас, кешір мені…  үні дірілдеп, ерні әнтек ашылды.

–Кешіре алмаймын, Таңгүлі!!– жігіттің ішінде булығып тұрған  жанар таулары атылып кеткендей,  ашудан шиыршық атты.

– Мені сені кездестірген күніме, сен деп атқан таңыма , сен деп батқан күніме лағынет айтамын.Сен қансыратып қанжар салған жүрегімді жамап-жасқап,  әлі де болса өмір сүргім келеді. Сен мені сатып кеттің! Менің алғашқы кіршіксіз сезімімді, кір шалмаған махаббатымды, көзді- ашып жұмғанша, байлыққа айырбастадың!! Ең өкініштісі, сенің сол бет-пердеңді сыпыра алмай, көр соқыр болғандығым ғана…

Қаққан қазықтай  бір орнында тапжылмай қалған қыз аяқ- қолы сал болып қалғандай, міз бақпады. «Егер мен білген шындықты білсең , сен мені бұлай жазғырмас едің, кешір жаным, басқа амалым қалмады…» деп   іштей күңіренді.

Нұртас жүгіре басып,  қаз- қатар тұрған көліктердің шет жағындағы  джипке отырды. Жаңа ғана кездескен елесті көз алдынан аластағысы келгендей, қолын сілкіледі. Қайда ондай күш!! Жүрегі өрт болып өртеніп, оны бұрынғыдан да қатты сүйетінін , сағынғаны сонша ,осы арадан кетпей , ең болмаса сыртынан бір көріп  қалғысы келетіндігін сезді. Сосын не істерге білмей, шекесін қос қолымен уыстады. Өмірге құштар,  ақжарқын,  ақ көңіл    жанды  сүйгенінің опасыздығы тозақ отына салғалы қашан…Сол  аярды күтпеген жерден кездестіргенде, оған деген ашуы  ілезде тарап, ынтазарлығы күшейе түскеніне ызаланып, іші-бауыры өртеніп барады.. Қайда барып сөндірер, кімге барып шағынар?!….

Неге сонша алдандым! Неге сонша соқыр болдым! Ақыры шырағданның жарығына жылынам  деп мерт болған көбелектің күйіне түстім! Неге  ғана жолықтым баянсыз  махаббатқа?! Ол жан-жағындағылардың жолын бөгеп тұрғанын сезіп, жалма- жан машинасын от алдырды да , беті ауған жаққа  безе жөнелді. Ешкімді көргісі келмеді. Ешкіммен сөйлескісі келмеді.

                 Өткен күндердің жан дүниесін оңдырмай жаралаған жарасы енді ғана жазыла бергенде, онымен күтпеген жерден   кездесуі, қотырланған жарасын қансырата қасығанмен бірдей әсер етті..  Тіпті  еркінен тыс бір күш  жіпсіз байлап, оны  без баяғыдай еркелеткісі, жұпар исі аңқыған шашынан иіскегісі келді…

                  «Намыссызбын! Жігерсізбін!» деп  өзін қанша рет қайраса да , Таңгүліні алда-жалда жек көріп кете алмапты. Тіпті оны ұмыттым , енді көргім келмейді деп жүргені , өзін-өзі жұбатуы ғана екен, бұл жолы соған ақи-тақи  көзі жетті..  

       Нұртастың есіне студенттік кездері түсті.  Қандай  шат –шадыман күндер еді…

     Ол күн сайын лекциядан соң,Таңгүліні  күтіп алатын.Пәтерлері  де бір көшенің бойында. Екі қыз бірге  тұрады. Нұртас та сол маңайды жағалады. Барлығының ішім-жемі бір. Нұртас пен Таңгүлі бір- бірін көрмесе тұра алмайтындай, шын ғашықтар еді-ау. Талай рет   тұла бойын балқытқан тәтті сезімнің жетегінде майдай балқығанмен, өзін-өзі билей алмаған адам хайуанмен бірдей деген  ұстанымнан  танбаған. Мүмкін, сонысы  орны толмайтын  опық жегізді ме екен? Осы күндері  ойласа, іші удай ашиды.   Ылғи ол күнге де жетерміз-ау деп, ішкі дүлейін тежеп тастайтын.

                      Әдетте сұлу қыздар   сұғанақ көздердің сұқтана қарағанына мәз болып, қылтың- сылтың ететін болса, Таңгүлі  жер қозғалса қозғалмайтын салмақтылығымен,  кірпияздығымен ешкімді  маңайлатпайтын.Сол себепті де   Нұртас оған риясыз сенді.

             Қыздың томаға –тұйықтығына қарама-қарсы, ашық –жарқын, кімге болса да әдемі әзілі дайын тұратын Нұртасты   одан   қызғанғандар  Таңгүліге «суық сұлу»  деп ат қойып , айдар тағып,  сыртынан күндейтін.

         Талайларды тамсандырған, талайларды  таң қалдырған екеуінің арасындағы пәк сезім мен мөлдір махаббатты бір күнде  өшіріп , берген сертінен, өлмей айрылмаспыз деген антынан аттап кеткен опасызды қалай кешірерсің! Осылай   оңашада мүжілген  жігіт әрі- беріден соң , ол да мен сияқты   өкініш отынан өртене ме екен деген ойға түседі.Сосын өзінің  бор кеміктігіне ызаланып, олигархтың баласын қолтығында бара жатқан аққудың көгілдіріндей  сұлуды көз алдына елестетті.

     Сол күні Нұртас  таң атқанша ішкен.  Жағдайын түсінген достары жанын  бір елі кетпеген.

       – Осыдан кейін қыздарға қалай сенуге болады?! Байлық десе басынан айрылады.Періштеге балап жүрген сұлуымыз сайқымазақ болып шықты ,–деп күйінгендерге, Нұртас  «не смейте!» деп саусағын шошайтып, сес көрсеткен.

       Содан бері екі жыл өтті. Бүгін сол жазылмайтын жарасы, таусылмайтын мұңымен бетпе-бет жүздесті. «Ол мұнда не істеп жүр екен, әлде таңдап тиген күйенуінен айрылып үлгерді  ме екен?»  ол  түрлі ойдан шаршап барып, ұйықтап кетті.

 

                                 

 

                                      *     *      *

                      

                       Күздің ерте  түсетін кеші. Күн бұлтты. Сіркіреп бастаған ақ жауын, бірте –бірте үдере түсті. Саябақтың қасына көлігін қойған Нұртас рөлге басын сүйеп біраз отырды.  Таңгүліні   вокзалда көргеннен бері, өшіп бара жатқан сезім қоламтасын біреу көсеп қалып , ол қайта бықсығандай, әрі- сәрі күйге түскен. Соңғы кезде оған деген  сүйіспеншілігі орны толмас өкпеге , сатқындықты кешірмейтін кекшілдікке  ұласып бара жатқандай, оны  еске алмауға тырысатын.  Осы соңғысы  жеңіске жетті ме, көргенде  жер- жебірене жетіп, бұрылып жүре берем деп ойлайтын. Бі…ра..қ. қай…да..О, Құдырет! Оның көзіне көзі түскенде, сол  өкпесінің бәрі желге ұшқандай, өзі құлай сүйген сүйкімді  сұлу баяғыша магниттей тартып, бойын  әрең биледі. Ұмытылып бара жатқан уыз сезім жүрегін шымырлатып, көңілі құлазыды. Бір ауыз сөзге келмей, көлденең  көк аттыға еріп кеткен   бетпаққа   қарауға ,  енді онымен тілдесуге  ешбір зауқым жоқ деп жүргенде, тағы да сергелдеңге түсті. Осылай мең- зең күйде жүргенде,  ұялы телефонына   «Ақырға рет өтінемін , айтатын бір ауыз сөзім бар.Кешкі   сағат онда саябақтағы су бұрқақтың жанында кездесейік.Таңгүлі» деген  СМС түсті. Оқыды да,  тағат таппады. Еркінен түс бір күш безілдетіп, әр минөтті, әр секундті санап,  уақыт өтіп болмады..

                Демалушылар сиреген. Қаракеуімде  бақтың ішіндегілерден гөрі, жанынан өтіп бара жатқан қара -құра басым. Бейуақытта  жүргендердің дені жастар.Әлде бір себептермен   бала-бақшаға кешігіп қалғандар  зыр жүгіріп барады.  Жігіт өткен-кеткенге  қарап отырып, ойға шомды. Осыдан екі жыл бұрын   болашағы ап –ашық күндей еді. Оқуын бітірген соң,  сүйгеніне үйленіп , одан сәби сүйіп, мыналар  тәрізді бала-бақшаға жүгіріп, жұмысына барып , тіршіліктің ең бақытты, ең ләзатты шақтарын басынан өткерем деп ойлаған. Архитектор  өзінің жеке өмірін осылай жоспарлап, одан соң  сәулет өнерінің жаңа туындысын сызып, керемет шаһар тұрғызсам деп қиялдайтын. 

                     Осы  көрікті ойы мен көркем болашағының  күлі бір сәтте, бір күнде көкке ұшты. Алғашқы соққы басқа біреуден  емес, өзінің туған анасынан болды. Офисте Таңгүліні шешесімен бірге көрген ол  аяқ астынан  тулап: «Ол қызға үйленбейсің, только через мой труп» деп аспанға ырғыды.Ешнәрсеге түсініп болмайтын шытырман оқиға сол күні жалғасын тапты. Бес жыл бойы бір- бірінен көз жазбай, ғашықтықтың талай тылсымын басынан өткерген қыз:«Нұртас,мені ұмыт!Мен сені сүймеймін!»деп  жедел хабар жолдады.

                       Жігіт  аласұрып, жұмбақты шешуге тырысты. Қыз болса  ұялы телефонын тарс өшіріп тастады. Оның  жолын күндіз-түні  тосып, екі көзі төрт болған Нұртас арада бір тәулік өткенде ,  ажал айырмаса, адам айырмас деп жүрген Таңгүліні  бір жігіттің қолтығынан демеп, шетелдік көліктен  түсіріп жатқанын өз көзімен көрді. Онымен де қоймай , екеуі  бір-бірін қимағандай, емініп ұзақ  тұрды.Осы кезге дейін күнге күйдірмей, желге ұшырмай алақанына салып аялаған ақ гүлін біреудің  таптағынан сезгендей болған Нұртас   енді қайтіп, ол маңға жоламайтындай боп безіп кеткен.Сертін бұзып сергелдеңге салған опасыздың есімін  бұдан былай ауызына алмасқа ант еткен.. Ол ол ма , арада ай  өткенде, жанына балап сүйген сұлуы  олигархтің  баласына тұрмысқа шығып,   шет елге     кетіп тынған….

              Нұртас  өзімен -өзі   арпалысты. Енді ғана көңілі суып,  жаралы жүрегі жалғыздыққа үйренгенде,  серттен тайған  сұлуы тағы алдын орады. «Е, сорлы жүрек! Сорлы  сезім!Сені өшіріп тастайтын, жүректі жұлып тастайтын бір күш болсайшы! Соншалықты  азапқа   тап болғаным , бағым ба, сорым ба?!Кеудеңді аяқаптай етіп жүретін, Нұртас, өрлігің қайда! Намысың қайда! Ақ, адал жүрегіңе қан жылатып қанжар салған қара бетті   кешіре саламысың?! Жоқ! Жоқ?! Ешқашан  көргім, лебізін   естігім келмейді десе де, оның тартқан кермесіне көгенделген қозыдай матала салатын маубас болғаның ба?!Жігіт ызадан атқып шыққан  көз жасын  сүртті. «Сонда да  менің жазығым не?! Не деп ақталмақ?!» Көкірегіне шер болып қатып, шерменде күйге түсірген осы сауалдарының ғана жауабын алғысы келді. Сағатына қарады да, көлігнен түсіп,   алға жылжыды.

           Айнала   қою қараңғылық. Көл табанға егілген ағаштар тез өсіп, ну орманға ұласқан. Соларды   сиретіп , ортасын  саябақ жасағандықтан,   биік қарағай мен  қайыңдардың арасы ит мұрны өтпестей қалыңдық.  Саябақ ішіндегі әр жерден жылтыраған неон шамдарының жарығы өз түбінен әрі аспайды. Жігіт су бұрқағының жанындағы орындыққа жайғасқан қызды анадайдан таныды. Ол да орнынан көтерілді. Екеуі де  амандасқан ишаратпен бастарын изесті. 

            Қыз күрсінді. Жігіт оның  жанынан әргірек ысырылып, қолапайсыздау қимылмен тізе бүкті. Оның бар болмысынан «Айтатыныңды тезірек айт, сенің қасыңда отыруға зауқым жоқ» деген   көңіл күй  еседі.

        –-Түсінем ,–деді Таңгүлі. – Жігіт лап етті.

         –Нені түсінесің?! Менің алданған , азапқа  түскен жанымды түсінем демекпісің?!

         –Түсінбейсін , Таңгүлі!,–деді ызадан жарылардай ,– Оны мен сияқты жүрегі зар илеп, жаны жараланғандар ғана   түсінеді.

        –Сенің ойыңша… ме..н..ме-ен..?!

 Жігіт қолын сілтеді.

        –Жоқ! Сен мені сүймеген екенсін! Сен мені  алдап жүріпсің.. Саған мен емес байлық керек екен.

         –Жалған! – қыз ұшып тұрды.

         –Жалған! Сонда сенің әп- сәтте айнып қалған  қылығыңды қалай түсінуге болады?!

         –Қалай түсінсең олай түсін. Саған  тұрмысқа шығуыма анам рұқсат етпеді.  « Ол жігітке шықсаң, бізді көрмейсің!Екінің бірі» деп табандап тұрып алды.

Нұртастың даусы оқыс шықты.

         –Немене ,олар астыртын сөз байласып алған ба, менің де анам солай деген! Дегенмен ,сен  теп- тез іздегеніңді тауып, алды -артыңа қарамай, күйеуге шығып үлгердің . Маған деген  мәңгі  сөнбейтін сезімің де,  қас- қағымдық  екен.  Ақтал , ақтал ! Сен естіген үкімді, мен де естігем! Бірақ, мен сен сияқты   айтқан серт , берген уәдеден тайғам жоқ.

       – Мен  сені ұмыту үшін,  көз көрмес, құлақ естімес жаққа  кетіп қалайын деп шешім жасаған едім. Бірақ, қателігімді кеш түсіндім. Нұртас,  сенсең, сенен басқаны  ешуақытта сүйген  емеспін.Сүйе алмайды екенмін. Кешір жаным!! Оны кеш түсіндім.Анам екеуің таразыға түстіңдер. Қайсысыңды таңдарымды білмедім. Ақыры – өзімді құрбан еттім. Бұл құрбандығымның тым артық екенін  кейін түсіндім. Сенсіз  маған өмір жоқ! Тым болмаса, сен дем алған ауамен дем алайын, сен жүрген жермен жүрейін деп елге  оралдым. Мені кешірмейтініңді де білемін.Оны өзім де қаламас едім.Тек бір-ақ өтінішім бар , менің ендігі жерде өмір сүруім үшін  тырнағым ілінетін бір сәуле керек. Онсыз мен тағдыр  тұманында адасамын.Маған аналық бақыт бер! Маған  сәби сыйла! Мен сенен онан артық ешнәрсе талап етпеймін. Талап етуге хақым да жоқ. Егер сенен сәби сүйсем, соны өмір бойы алақаныма салып,аялап, сенің көзің де , өзің де сол деп, әлдилеп өтер едім!  Мәңгілік махаббатым,  айрылсар жолдағы  ақырғы тілегім осы.

        Қыз  бүк түсіп, отыра кетті.  

         Арқалығы бар орындықтың арт жағы ну орман.Қатты толқыған Нұртастың тұла бойы дірілдеп, құлағы шулап, су бұрқаққа қарай  бұрылған. Құлағында естіген  сөздерінің жаңғырығы..Қыздың үні… Мәңгілік махаббат…. Қай..да … сол …Бәрі …бәрі …жалған..

            Осы сәтте қалың  ағаш арасынан оқыс үн    «таңқ» етті.. Өзімен өзі болған жігіт ештеңе естімеді. Үнсіз біраз тұрған соң,  кейін  бұрылғанда, қанға бөгіп  жатқан Таңгүлінің жансыз денесінің  үстіне өкіріп құлады. 

        Қыз атылған жерге  тез жеткен  полиция   ауыр қайғыдан сұлық түсіп отырған  жігіттің қолын артына қайырып,  ала жөнелді.

           Екі жастың маздап   жанған  махаббат отын  өшірген  қарақшы қара түнге сіңіп , зым- зия жоғалды.

 

                               \жалғасы бар\

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (5 оценок, среднее: 3,60 из 5)

Загрузка...